Таң 03:07 Күн 04:57 Бесін 13:18 Екінті 18:51 Ақшам 21:29 Құптан 23:19

ҒИБАДАТ ДЕГЕН НЕ?

24/05/2017 136645 0 Muftyat.kz

ҒИБАДАТ ДЕГЕН НЕ?

ҒИБАДАТ ДЕГЕН НЕ?

Ғибадат дегеніміз – Аллаға тағзым етіп, құрмет көрсету және Оның бізге берген шексіз нығметтері үшін алғыс білдіру.

НЕ ҮШІН ҒИБАДАТ ЕТЕМІЗ?

Бізді жоқтан жаратқан – Алла Тағала. Алла Тағала денемізге көретін көз, еститін құлақ, сөйлейтін тіл сияқты тамаша мүшелер беріп әсемдеген. Басқа тіршілік иелерінен артық етіп бізге ақыл берді және ең жоғары дәрежеге көтерді. Бұлардан басқа өмір сүре алуымыз үшін керекті тыныс алатын ауадан ішкен суымызға дейін шексіз нығметтер берді.

Сондай-ақ бізді жалғыз тастамады. Пайғамбарлар мен кітаптар жібере отырып, дүние және ақыретте бақытты болудың жолдарын көрсетті. Осы жақсылықтардың қайтарымы ретінде Алла Тағала бізден өзін танып-біліп, өзіне ғибадат етуімізді қалайды. Былай ойлап көрейік: Жақсылығын көп көрген бір үлкен кісіге құрмет көрсетіп, істеген жақсылықтарына алғыс айтамыз. Бізге бір жұмыс тапсырса, оны жан-тәнімізбен істемейміз бе?!

Ендеше, бізді жоқтан бар етіп, сансыз нығыметтерге бөлеген Алла Тағаға алғыс білдіру, әмір еткен құлшылықтарын қуана-қуана орындауымыз қажет емес пе? Әрине, қажет.

Жаратылысымыздың мақсаты Алланы тану және Оған ғибадат ету. Ғибадаттарымызды орындаған жағдайда, Алла Тағаланың берген нығметтеріне алғысымызды білдіріп әрі Оның сүйіспеншілігіне бөленеміз. Егер біз ғибадаттарымызды орындап, Оның сүйіспеншілігін тапсақ, Алла бізге дүниедегі нығметтерден де көп нығметті ақыретте беріп, бізді жәннатта шексіз бақытқа кенелтеді.