Қаз Рус Qaz قاز
Таң 02:58 Күн 04:49 Бесін 12:46 Екінті 18:08 Ақшам 20:33 Құптан 22:24

ҒҰСЫЛ - ТОЛЫҚ ШОМЫЛУ

24/05/2017 112178 0 Muftyat.kz

ҒҰСЫЛ - ТОЛЫҚ ШОМЫЛУ

ҒҰСЫЛ

Құрғақ жер қалдырмастан түгел денені жуу, яғни шомылу “ғұсыл” деп аталады.

Ғұсыл алынуы қажет жағдайлар:

1) Жүніптік жағдайында:

а) Балиғат шағына толған ер мен әйелдің жыныстық қатынаста болуы;

б) Ұйқыда немесе ояу кезінде әйел немесе еркектің жыныстық мүшелерінен белгілі сұйықтықтың шығуы.

2) Әр ай белгілі уақыттарда әйелдердегі хайыз күндер біткенде.

3) Босанған әйелдің нифастық мерзімі біткенде.

Осы жағдайда болғандардың ғұсыл алуы парыз. Бұлар ғұсыл алмайынша:

а) Намаз оқи алмайды;

ә) Құран оқи алмайды;

б) Қағбаны тауап ете алмайды;

в) Қажеттілік болмаса мешітке кіре алмайды;

г) Құранды ұстауға болмайды.

Әйелдер етеккір келгенде және босанғаннан кейінгі нифас кездерінде ораза ұстамайды.

Бұған қоса, ғұсыл алу қажет болмаған жағдайлардан тыс жұма және айт намаздары үшін ғұсыл алу – сүннет.

ҒҰСЫЛДЫҢ ПАРЫЗДАРЫ

Ғұсылдың үш парызы бар:

1) Ауызға су алып, тамаққа дейін шаю;

2) Мұрынға су алып жуу;

3) Барлық денені (иненің жасуындай құрғақ жер қалдырмай) жуу.

ҒҰСЫЛДЫҢ СҮННЕТТЕРІ

Ғұсылдың ең басты сүннеттері мыналар:

1) Ғұсылды “Бисмилләмен” бастау;

2) Ғұсылға ниет ету;

3) Алдымен дененің белгілі жерлерінде бар болса кірді жуып та-залау;

4) Әурет жерлерді жуу;

5) Ғұсыл алмай тұрып дәрет алу;

6) Дәреттен кейін әуелі үш рет басқа, содан кейін үш рет оң иыққа, үш рет сол иыққа су құя отырып жуыну және суды әр құйған кезде дененің барлық жеріне жеткізу;

7) Су құйған кезде денені ысқылау.

8) Аяқ тұрған жерге су жиылатын болса, дәрет алғанда аяқтың жуылуын ең соңына қалдыру.

ҒҰСЫЛ ҚАЛАЙ АЛЫНАДЫ?

Ғұсыл алатын кісі алдымен “Бисмилләны” айтады және жуынуға ниет етеді. Қолдарын білегіне дейін жуып, содан соң әурет жерлерін тазартады. Содан кейін оң қолымен үш рет су алып, тамағына дейін аузының ішін жақсылап шаяды. Егер ауыз бекіткен болса, тамағына су жібермей шаяды. Содан кейін оң қолымен үш рет мұрынға су алып, сол қолымен сіңбіріп тазалайды.

Содан кейін жоғарыда айтылғандай дәрет алынады. Дәрет біткен кезде, әуелі үш рет басына, содан соң үш рет оң иығына, үш рет сол иығына су құя отырып жуынады. Суды әр құйған сайын денені қол жеткенше ысқалап жуады. Иненің жасуындай құрғақ жер тастамай дененің барлық жерін үш рет жақсылап жуады.

Жуынып жатқан кезде:

Кіндік, құлақтың ішкі жағы, сырғаның тесіктері, тіс аралары, сақал, мұрт және шаштың түптеріне су тиюіне мұқият болу керек. Ғұсылда дұға оқылмайды. Үстінде жамылғы болмаса, құбылаға қарауға және керексіз жағдайда сөйлесуге болмайды. Парыз бен сүннеттерге сай ғұсыл осылай алынады.

Ғұсыл алатын адам ауыз бен мұрынды жақсылап шайғаннан кейін ағып жатқан суға, теңізге немесе үлкен хауызға (бассейн) шомылып, дененің барлық жеріне су тигізсе, ғұсыл алған болып есептеледі.