Қаз Рус Qaz قاز
Таң 02:58 Күн 04:49 Бесін 12:46 Екінті 18:08 Ақшам 20:33 Құптан 22:24

ӘЙЕЛ АДАМДАРҒА ТӘН ЖАҒДАЙЛАР

24/05/2017 962502 0 Muftyat.kz

ӘЙЕЛ АДАМДАРҒА ТӘН ЖАҒДАЙЛАР

ӘЙЕЛ АДАМДАРҒА ТӘН ЖАҒДАЙЛАР

Әйел адамдарға тән жағдайлар үшеу:

1) Етеккір халі:

Қыздар балиғат жасына жеткен кезде, тек соларға ғана тән жағдайлар пайда болады. Етеккір ай сайын белгілі бір күндерде болып, көбінесе елу бес жасқа дейін жалғасады. Ал кейбір әйелдерде ертерек тоқтауы мүмкін.

Етеккір әр әйелге қарай өзгеріп отырады, ең азы үш күн, ең көбі он күн келеді. Бұл күндер ішінде етеккірдің тоқтаусыз келуі міндетті шарт емес. Етеккір кейде тоқтаса да, бұл күндер етеккір күндері болып есептеледі. Етеккір келген кездерде кейбір нәрселердің жасалуы харам болғандықтан, әрбір әйел етеккір күндерін жақсы біліп, мұқият болуы керек

Әйелдер етеккір кезінде:

1) Намаз оқи алмайды;

2) Ораза ұстай алмайды;

3) Құран оқи алмайды;

4) Құран ұстай алмайды;

5) Қағбаны тауап ете алмайды;

6) Мешітке кіре алмайды;

7) Жұбайымен жыныстық қатынаста бола алмайды.

Етеккір мерзімі біткенде ғұсыл алу – парыз. Әйелдер етеккір келген күндердегі намаздарының қазасын оқымайды, бұларды Алла кешірген. Бірақ Рамазан айында ұстай алмаған оразаларының қазасын басқа уақытта ұстайды.

2) Босанғаннан кейінгі жағдай

Босанған әйелдерге тән жағдай “нифас халі” деп аталады. Бұл жағдай босанған күннен бастап, ең көбі қырық күн деп есептеледі. Бұдан аз болуы да мүмкін. Қырық күнге жетпей тыйылса, ғұсыл алып, ғибадаттарын жалғастырады. Қырық күннің толуын күтпейді. Нифас күндерінде нифастың біраз уақыт тоқтап, кейін қайтадан келсе, нифас тоқтаған күндері де нифас күндері болып есептеледі.

Етеккір кезінде жасалуы харам болған нәрселер нифас кезінде де харам болып саналады.

Нифас біткен кезде ғұсыл алу – парыз. Нифас кезінде қазаға қалған намаздардың қазасы оқылмайды, ал оразаның қазасы ұсталады.

3) Истихаза:

Етеккір күні үш күннен аз болып бітсе, бұл етеккір емес, әйелдің үзірі саналады. Он күннен көп келетін етеккір мен қырық күннен көп созылатын нифас жағдайы және екі қабат кездегі келетін нәрселер де – осындай. Мұндай жағдайды “Истихаза” деп атайды.

Әйелдер мұндай жағдайларда намаздарын оқып, ораза  ұстайды. Өйткені, бұлар етеккір немесе нифастық жағдай емес. Мысалы, мұрынның қанауы сияқты үзір жағдайы.