Қаз Рус Qaz قاز
Таң 02:58 Күн 04:49 Бесін 12:46 Екінті 18:08 Ақшам 20:33 Құптан 22:24

МӘСІХ ТАРТУ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР

24/05/2017 249311 0 Muftyat.kz

МӘСІХ ТАРТУ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР

МӘСІНІҢ ҮСТІНЕН МӘСІХ ТАРТУ

Дәрет алғаннан кейін аяқтарына мәсі киген адам қайта дәрет алған кезде, мәсісін шешпей, үстінен мәсіх тартса жеткілікті. Бұл – дініміздің мұсылмандарға көрсеткен жеңілдігі. Жолаушы еместер бір тәулік (жиырма төрт сағат) ішінде, әр дәрет алған сайын мәсінің үсті-нен мәсіх тартады. Ал бір тәулік бітіп, дәрет алған кезде, аяқтарын жуу керек. Ал жолаушы адамдар үшін бұл мерзім үш күн, үш түн яғни, 72 сағатқа дейін жарамды болып саналады.

Мәсінің үстінен мәсіх былай тартылады:

Жоғарыда айтылып өткендей дәрет алынып, кезек аяқтарға келгенде, әуелі оң қолын сулап, үш саусақпен (саусақтар ашық түрде) оң аяғының ұшынан бастап, аяқтың мойнына қарай, мойнынан асыңқырап мәсінің үстінен бір рет сипайды. Содан кейін сол қолды сулап, сол аяқ осылай мәсіх етіледі. Мәсінің табанына мәсіх тартылмайды.

Мәсіге мәсіх тарту шарттары:

Мәсінің үстіне мәсіх тартылуының дұрыс болуы үшін мынадай шарттар болуы керек:

1) Мәсілер (аяқ жуылып дәрет алынғаннан кейін) киілуі керек.

2) Мәсілер аяқтың тобықтарын жауап тұруы керек. Тобықтан қысқа мәсілердің үстіне мәсіх тартуға болмайды.

3) Мәсілер он екі мың қадам және одан да көп жол жүруге жарамды болуы керек.

4) Әрбір мәсіде аяқтың кішкентай бармағымен үш бармақ үлкендігіндей жыртық немесе сөгілген жері болмауы керек.

5) Мәсілер аяқта баусыз тұра алатындай қалың болу керек.

6) Мәсілер сырттағы суды сіңіріп аяққа өткізбеуі керек.

7) Мәсі киетін адамның қызыл асықтан алдына қарай қолдың кішкентай саусағымен ең кемі үш елі үлкендігіндей аяғы болу керек.

Егер аяқтарының алдыңғы жағы кесілген және үш елідей орын болмаған жағдайда, мәсіх тартуға болмайды. Аяқтарын жуу керек. Бір аяғы сондай болып, екінші аяғы сау болса екеуін де жуу керек. Сау аяғына мәсіх тартуға болмайды.

Мәсіхті бұзатын жайттар:

1) Дәретті бұзатын барлық жайттар мәсіхті де бұзады. Қайтадан дәрет алған кезде мәсілер үстіне мәсіх тарту керек.

2) Мәсіні шешу немесе шешіліп қалған жағдайда, адамның дәреті болса, тек қана аяқтарын жуады. Мәсінің біреуі шешіліп қалса, екі аяғын да жуу керек. Мәсіні шешу немесе шешіліп қалған жағдайда, дәреті болмаса дәрет алып, аяқтарын толық жуады.

3) Мәсі кию мерзімі біткенде дәреті болса, онда тек мәсілерді шешіп аяқты жуу жеткілікті. Дәреті жоқ болса қайтадан толық дәрет алады.

 

ЖАРАҚАТ ОРАУЫНЫҢ ҮСТІНЕН МӘСІХ ТАРТУ

Дененің қандай да болмасын бір жерінде сыныққа немесе жараға байланысты орауыш болса, дәрет және ғұсыл алған кезде орауы шешіліп, асты жуылады. Егер орауышты шешіп, астын жуу, зиянды болса, орауышты шешпесе де болады. Мұндай жағдайда қолды сулап мәсіх тарту қажет.

Жараның үстінде дәрі болып, оның үстінде орауыш болмаса, оны жуу зиян болмаса, үстіне су төгіп жуады. Ал су зиянды болса жумайды, тек мәсіх тартады. Мәсіх тарту да зиянды болса, мәсіх тартпаса да болады.