Қаз Рус Qaz قاز
Таң 02:58 Күн 04:49 Бесін 12:46 Екінті 18:08 Ақшам 20:33 Құптан 22:24

НАМАЗ

24/05/2017 177462 0 Muftyat.kz

НАМАЗ

НАМАЗДЫҢ МАҢЫЗЫ

Исламның бес шартының екіншісі – намаз оқу. Адамдардың алғашқы міндеті – Алланың бар және бір екендігіне, хазірет Мұхаммедтің ( с.а.у.) пайғамбарлығына сену. Иманнан кейінгі парыздардың ең маңыздысы – намаз. Бес уақыт намаз, хижреттен бір жарым жыл бұрын Миғраж түнінде парыз болған.

Намаз – рухты тазартатын, жүректі нұрландырып, адамның Алла-ның құзырында дәрежесін арттыратын ғибадат. Пайғамбарымыз: “Намаз – діннің тірегі”[1] дей келіп, намаздың дініміздегі маңызды ғибадат екенін көрсеткен. Намаз – біздің денеміз бен рухымызды тазартатын нұр. Намаздың арқасында мұсылман адам күнәларынан арылып, жән-натқа кіруге лайық таза құл болады.

Пайғамбарымыз намаз жайында былай дейді:

“Сендердің қайсыбіріңнің есігінің алдында бір өзен ағып, сол адам өзенге күніне бес рет жуынса, денесінде кірден із қалар ма?”

Тыңдап отырғандар:

“Ешқандай кір қалмайды, уа, Расулалла”, – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз:

“Міне бес уақыт намаз да осыған ұқсайды. Алла намаз арқылы күнәларды тазартады” деді.[2]

Намаз жүрекке Алладан қорқу сезімін ұялатып, адамды күнә істеуден сақтайды. Бұл ақиқат Құран Кәрімде былай көрсетілген:

“Саған уахи етілген кітапты оқы, намазды дұрыс орында. Шүбәсіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды.”[3]

Намазды дұрыс оқыған адам мейлінше күнә жасамайды, иманы күшейеді. Алланың разылығына ие болады. Алдынан жәннаттың жарық жолы ашылады. Мұсылман намаз оқуға міндетті болғаны сияқты, балаларына да намаз үйретуі керек. Пайғамбарымыз былай дейді:“Балаларыңа жеті жасқа келгенде намаз оқуды бұйырыңдар.” [4]

Ата-ана жеті жасқа толған балаларына намаз оқуды үйретсе, балалар ер жеткенде намазға оңай үйренеді.

НАМАЗ КІМДЕРГЕ ПАРЫЗ?

Намаздың парыз болуы үшін үш шарт болуы керек:

1) Мұсылман болу

2) Балиғат жасына жету

3) Саналы болу

 


[1] Кәшфүл-хафа, ІІ том, 31-бет

[2] Бұхари”, ІІ том, 475 бет

[3] Әнкәбүт сүресі, 45-аят

[4] Кәшфүл-хафа, ІІ том, 203-бет