Қаз Рус Qaz قاز
Таң 02:57 Күн 04:48 Бесін 12:46 Екінті 18:08 Ақшам 20:33 Құптан 22:24

ОРАЗА - ОРАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ

25/05/2017 469424 0 Muftyat.kz

ОРАЗА - ОРАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ

ОРАЗАНЫҢ МАҢЫЗЫ

Исламның бес шартының үшіншісі – Рамазан айында ораза ұстау. Ораза ұстау, хижреттің екінші жылында парыз болды.

Ораза – ниет етіп таң ағара бастағаннан кешке күн батқанша тамақ жемеу, ішпеу және ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста болмауы дегенді білдіреді.

Рамазан айы кей жылдары 29 күн, ал кейбір жылдары 30 күн болады. Рамазан айы 29 күн болған кезде де ораза толық болып есептеледі. Өйткені парыз болғаны сол айда толығымен ораза ұстау. Өйткені, пай-ғамбарымыз тоғыз мәрте Рамазан оразасын тұтқан. Бұл рамазандардың төртеуі 29, ал бесеуі 30 күн болған.

Рамазан – мұсылмандар үшін қасиетті және берекелі ай. Ислам таңы осы айда атып, дүниені жарығына бөлеген, ұлы кітабымыз Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де осы айдың ішінде. Ішкі дүниемізді жаман ойлардан және сыртқы дүниемізді жаман әрекеттерден тазартатын ораза осы айда ұсталады.

Алла былай дейді: “Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы күндерде сендерге де парыз етілді.” [1]

Ораза – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыретте жәһаннамнан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себепші болатын маңызды ғибадат. Пайғамбарымыз былай дейді: “Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі”[2]

ОРАЗАНЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

а) Ораза мінез-құлығымызды түзейді:

Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады. Жүрегімізді жаман сезім мен ойлардан тазартып, басқаларға жамандық жасаудан сақтайды. Ораза бізге жақсы мінез-құлық қалыптастырып, тіпті періште сияқты халге жеткізеді. Ораза көзді ха-рамға қараудан, тілді жалған  және жаман сөздерді айтудан, құлақты харам нәрселерді тыңдаудан, асқазанды харам нәрселер жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды.

Оразаның парыз болуының хикметі – мұсылманның Алла алдындағы ғибадат міндеттерін орындау және жамандықтардан сақтану.

ә) Ораза адамның мейірімін және жәрдемдесу сезімін күшейтеді:

Өмірінде аштықтың не екенін білмеген ауқатты адам кедейлер көрген аштық пен қиыншылықты жеткілікті түсіне алмайды. Бірақ ол адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін түсініп, кедейлердің қиыншылықтарын әлдеқайда жақсы сезініп, оларға деген мейірім-шапағат сезімдері оянады. Нәтижесінде кедейлерге қол ұшын беріп, қиыншылықтарын бөліседі.

б) Ораза адамдарға нығметтердің қадірін білуді үйретеді:

Адам қолында бар нығметтердің қадірін қолынан шығып кеткенде

ғана біледі. Бірақ болар іс болған соң оның еш пайдасы тимейді. Ораза

ұстау арқылы адам нығметтердің қадірін жақсы түсінетін болады. Бұл

сезім адамға қолындағы дәулет, нығметтердің қадірін біліп, оны бер-ген Аллаға көбірек шүкіршілік етуді үйретеді.

в) Ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады:

Бұл жайында пайғамбарымыз былай дейді: “Ораза ұстаңдар, дендерің сау болады.”[3]

Жылдың он екі айында ас қорытудан шаршап, бөгіп қалған денедегі асқорыту мүшелері оразаның арқасында демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан организмге пайдалы екенін анықтаған.

Нобель сыйлығының иегері Француз ғалымы, доктор Алексей Корель ораза жайында былай дейді:

“Ораза кезінде денеде жинақталып қалған қоректік заттар іске қосылады. Содан кейін олардың орнына жаңалары келеді. Осылайша денеде жаңару іске асады. Ораза денсаулық тұрғысынан өте пайдалы”.

г) Ораза адамды сабырлы болуға үйретеді:

Ораза ұстау арқылы белгілі бір уақыт өзін ішіп-жеуден бас тартуға үйреткен адам өмірінде кездесетін ауыртпалықтар мен қиыншылықтарға сабырлық жасайды. Қайғы-қасіретке де төтеп бере алады. Керек болса дұшпанмен шайқасудан тайынбай, сол жолда кездесетін қиыншылықтарға төзе біледі.

ОРАЗА КІМДЕРГЕ ПАРЫЗ?

Оразаның парыз болуының шарттары мыналар:

1)    Мұсылман болу;

2)    Ақыл-есі дұрыс болу;

3)    Балиғатқа жеткен болу.

Балиғат жасына жеткен ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман ер-әйелге Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Бұл Алла Тағаланың әмірі. Жас балаларға ораза ұстау парыз емес. Бірақ зиян келтірмейтіндей түрде балаларды бірте-бірте оразаға үйреткен абзал.

Әйелдер етеккір кезінде және нифастағы (босанған) әйел осы күндері біткенше ораза ұстамайды, намаз оқымайды. Бұл жағдайлар біткеннен кейін ұстай алмаған оразаның қарызын ұстайды. Яғни, қанша күн ұстамаса, сонша күн қазасын ұстайды. Бірақ намаздардың қазасын оқымайды.

СӘРЕСІ МЕН АУЫЗАШАРДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Сәресіге тұрып, тамақ жеу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Сәресінде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында береке бар” деген.4 Сәресі ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыт-тардың бірі – сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып, дұға етіп, Алла Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрауы керек.

Оразасын ұстап, ауызашар уақытына жеткен адам үлкен бақытқа және қуанышқа кенеледі. Қиямет күні ұстаған оразасының сыйын алу үшін Алланың алдына барған кезде одан да үлкен қуанышқа қол жеткізеді.

Осыған байланысты пайғамбарымыз (с.а.у.): “Ораза ұстаған адам үшін екі қуаныш бар: бірі – ауыз ашқан кез, екіншісі – Аллаға қауышқан кез” дейді.[4] Бұған қоса, пайғамбарымыз (с.а.у.) ауызашар уақытындағы дұғалардың кері қайтарылмайтынын, Алла тарапынан қабыл болатынын айтқан.

Ауызашар дұғасы:

Ауызашар уақытында мына дұғаны оқу сүннет:

“Аллаһуммә ләкә сүмтү уә бикә әмәнту уә аләйкә тәуәккәлтү уә ала ризқикә әфтартү уә саумәл-ғади мин шәһри рамазанә нәуәйту фағфирли мә қаддамту уә мә аххәрту”.

Мағынасы: “Уа, Алла! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым. Өзіңе сеніп, тәуекел еттім, берген рызығыңмен оразамды аштым. Рамазан айының ертеңгі оразасына да ниет еттім. Енді менің өткен және келешектегі күнәларымды кеше гөр!”

ОРАЗАҒА ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ НИЕТ ЕТІЛЕДІ?

Оразаның толық болуы үшін ниет ету шарт. Ниетсіз ораза қабыл етілмейді. Рамазан оразасында кешкі уақыттан бастап күн арқан бойы көтерілген уақытқа дейін ниет етуге болады.

Негізінде оразаға сәресіден кейін ниет етіледі. Бірақ сәресіде ояна алмай, тамақтана алмай уақыты біткенде оянған адам күн шығып кетсе, күн арқан бойы көтерілгенге дейін сол күннің оразасына ниет етсе болады. Тек таң атқаннан (сәресінің уақыты басталғаннан) кейін оразаны бұзатындай нәрсе жасамауы керек.

Сәресіге тұрғысы келмеген адам ертеңгі күннің оразасына ниет етсе, түнде тұрса, қайтадан ниет етпесе де болады. Ал бірақ сәресіге тұрып, оразаға ниет етуді ұмытып кетіп, таңертеңгісін есіне түскен адам да күн арқан бойы көтерілгенше ниет етсе болады. Осылай кеш ниет еткендердің оразаларында ешқандай кемшілік жоқ. Күн арқан бойы көтерілгеннен кейін оразаға ниет етуге болмайды. Рамазан айын-да ұстамаған оразаның басқа күндері қазасын ұстағанда, ниеттің түнде жасалуы шарт. Кәффәрат оразалары да осылай болады. Бұл оразаларға сәресіден кейін ниет ету дұрыс емес.

Ниет негізінде жүрекпен жасалады. Яғни түнде, ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі. Ораза ұстау ниетімен сәресіге тұрған адамның бұл ойы да ниет болып есептеледі. Оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бірақ жүрегімен қоса тілмен жеткізсе, одан да жақсы. Сондықтан ораза ұстайтын адам әрі жүрегімен, әрі тілімен ниет етіп: “Ниет еттім Рамазанның ертеңгі оразасын ұстауға” деп айтуы абзал.

ОРАЗА ТҮРЛЕРІ

Оразаның алты түрі бар:

1. Парыз оразалар: Рамазан айында ораза ұстау, рамазанда ұсталмаған оразаның басқа күндерде қазасын ұстау және кәффарат оразалары – парыз.

2. Уәжіп оразалар: Бір нәрсеге аталған (нәзір) оразалар мен бұзылған нәпіл оразалардың қазасын ұстау – уәжіп.

3. Сүннет оразалар: Мұхаррам айының тоғызыншы және оныншы немесе он бірінші күндері ораза ұстау – сүннет.

4. Мұстахаб оразалар: Қамари айлардың (ай күнтізбесі бойынша) он үш, он төрт, он бесінші күндері аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері және Рамазаннан кейін Шәууәл айында алты күн ораза ұстау – мұстахаб.

5. Мәкрүһ болып есептелетін оразалар: Әр Мұхаррам айының тек қана оныншы күні, тек қана жұма немесе сенбі күн ораза ұстау – мәкрүһ.

6. Ораза ұстау харам болып есептелетін күндер: Рамазан айтының бірінші күні мен Құрбан айтының төрт күнінде ораза ұстау – харам. Өйткені айт күндері Алланың құлдарына деген сыйы. Алланың сый-сияпатынан бас тартпаған жөн.

РАМАЗАН ОРАЗАСЫН БАСҚА УАҚЫТТА ҰСТАУҒА РҰҚСАТ ЕТІЛГЕН ЖАҒДАЙЛАР

Рамазан айында себепсіз ораза ұстамау әрі күнә, әрі жазасы ауыр. Бірақ кімде-кім төмендегідей жағдайларда болса, Рамазан оразасын ұстамаса болады немесе бастаған оразасын бұза алады.

1) Науқастық: Ауру адам ораза ұстаған жағдайда ауруының ұзақ созылып кетуінен қорықса, ораза ұстамайақ қоюына болады. Денсаулығы жақсарғаннан кейін ұстамаған оразаларының қазасын ұстайды.

2) Сапарда жүру. Рамазан айында ең аз дегенде 90 км қашықтыққа сапарға шыққан адам ораза ұстамаса болады. Сапар аяқталысымен оразаларының қазасын ұстайды. Ораза ұстау қиындық туғызбаса, жолаушының ораза ұстағаны жақсы.

3) Қауіп төнген жағдайда: Өлтірілу немесе денесіне зиян келтіру қаупі туындаған кісі оразасын бұза алады. Бұзған оразасын кейін ұстайды.

4) Аяғы ауыр және бала емізген жағдайда: Аяғы ауыр немесе бала емізетін әйел кісі ораза ұстаған жағдайда өзіне және балаға зиян келуінен қорықса, ораза ұстамаса болады. Осы жағдайлар аяқталғаннан кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.

5) Қатты аштық пен шөл қысқанда: Ораза ұстаған адам аштық немесе шөл себебінен ақыл-есінен айырылып қалудан немесе денсаулығына зақым келуінен қорықса, оразасын бұзуына болады. Кейін қазасын ұстайды.

6) Қарттық және әлсіздік: Денесі күннен күнге шөгіп қуаты қайтқан, оразаға шыдай алмайтындай әбден қартайған адам ораза ұстамаса болады. Мұндай адамдар кейін де оразасының қазаларын ұстай алмайтындықтан әр күннің оразасының орнына фидия береді.

ФИДИЯ

Ораза ұстауға күші жетпейтін, қуаты кеміп әбден қартайған адамдар мен сауығу үміті жоқ науқастар Рамазан айының әр күні үшін фидия береді. Фидияның құны пітірге ұқсас. Бұл фидияны Рамазан айының басында, ортасында, аяғында беруге болады.

Қаласа фидияның бәрін бір кедейге жинап береді немесе бірнеше жағдайы төмен жандарға берсе болады. Мұндай жағдайдағы адамдар фидия беруге дәрмені жетпесе Алладан кешірім сұрайды, ораза ұстауға әлі жетпейтін қариялар мен үмітсіз аурулар келешекте ораза ұстай алатындай денсаулығы жақсарса, ұстай алмаған оразаларының қазасын өтеулері керек. Күш-қуаты жететін кісінің алдындағы берген фидияларының үкімі болмайды, нәпіл садақа сияқты болып қалады.

РАМАЗАНДА СЕБЕПСІЗ ОРАЗА ҰСТАМАУДЫҢ ҮКІМІ

Рамазан айында ораза ұстау – Алла Тағаланың әмірі. Мұсылмандар бұл әмірге мойынсұнуы керек. Егер бір мұсылман себепсіз Рамазан айында оразаға ниет қылмай, тамақ ішсе, ұстамаған күндерінің оразаларының қазасын ұстайды, кәффарат шарт емес. Өйткені кәффарат – ораза ұстамаудың емес, бастаған оразаны бұзудың жазасы.

Рамазан айында себепсіз ораза ұстамаған адам күнә істеген болады. Әрі Алла алдындағы жауапкершілігін орындамағаны. Сондықтан тәубе етіп, Алладан кешірім сұрап, көп кешіктірмей қазасын ұстауы шарт.

БҰЗЫЛҒАН ОРАЗАНЫҢ ӘРІ ҚАЗАСЫН, ӘРІ КӘФФАРАТЫН ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ЖАҒДАЙЛАР

Ораза ұстағанын біле тұра:

1) Жеп-ішу (Қоректік зат немесе дәрі болсын)

2) Жыныстық қатынаста болу;

3) Шылым шегу.

Қаза: Бұзылған оразаның орнына күніне күн ораза ұстау.

Кәффарат: Бұзылған оразаның бір күніне, екі ай немесе алпыс күн қатарынан ораза ұстау.

Рамазан айында ниет етіп оразаға бастаған біреу ешқандай себепсіз біле тұра ішіп-жесе, жыныстық қатынаста болса, оразасы бұзылады. Бұзылған оразаның күніне күн қаза ету керек, әрі біле тұра себепсіз оразасын бұзғаны үшін кәффарат оразасын ұстау қажет.

Рамазан айында басталған бір оразаны біле тұра бұзса, дүниедегі жазасы –кәффарат. Яғни 60 күн қатарынан ораза ұстау. Қандай да себептен кәффарат оразасын үзсе немесе толық ұстамаса қайтадан ба-сынан бастап 60 күн қатарынан ораза ұстауы қажет. Әйелдер кәффарат оразасын ұстап жүрген кезде етеккір көрсе, ол күндерді ұстамайды, тазаланғаннан кейін үзбей жалғастырып 60 күнге толтырады.

ОРАЗАНЫ БҰЗЫП, ТЕК ҚАНА ҚАЗАСЫН ӨТЕУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН ЖАҒДАЙЛАР

1) Әдетте желінбейтін нәрсені және дәрі ретінде қолданылмайтын нәрселерді жеп, жұту (топырақ, қағаз, мақта сияқты);

2) Мұрынға дәрі құю;

3) Құлақтың ішіне дәрі тамызу;

4) Дәрет кезінде аузына және мұрынға су алғанда байқамай тамағына су кетіп қалу;

5) Аузына салған түрлі-түсті жіптің бояуы шығып, түкірікпен араласуы, оны жұтып қою;

6) Қиын жағдайда оразасын бұзу;

7) Ұйықтап жатқанда басқа біреу аузына су құйып жіберу;

8) Өз қалауымен аузын толтырып құсу;

9) Әлі күн батпай тұрып, батты деп ойлап аузын ашу;

10) Сәресінің уақыты бітсе де, әлі уақыт бар деп жеу.

ОРАЗАНЫ БҰЗБАЙТЫН ЖАЙТТАР:

1) Ораза ұстағанын ұмытып, жеп-ішу (ұмытып кетіп жеп немесе ішіп қойған адам ораза екені есіне түссе, аузын шайып, оразасын жалғастырады. Ораза екені есіне түскеннен кейін тамағынан бір нәрсе өтсе, оразасы бұзылады).

2) Құлағына су кетіп қалу;

3) Көзіне дәрі тамызу;

4) Түнде жуыну қажет болғанымен таңертеңгісін жуыну;

5) Еріксіз құсса;

6) Ұйықтап жатқанда жыныс жолдарынан сұйықтық бөлінсе;

7) Қан алдыру;

8) Еріксіз тамағына тозаң, түтін кіру;

9) Аузындағы түкірікті жұту.

ОРАЗАНЫ ҰСТАҒАН АДАМҒА МӘКРҮҺ ЖАҒДАЙЛАР

1) Бір нәрсені жұтпай дәмін татып көру (егер күйеуі тамақтың тұзына байланысты мазасын алып дау тудырса, ол кезде әйел жұтып қоймай тамақтың дәмін көрсе болады).

2) Түкірігін аузына жинап жұту (Егер аузындағы жиналған түкірігін сыртқа шығарғаннан кейін жұтса, оразасы бұзылады).

3) Өзін әлсірететіндей дәрежеде қан алдыру, ауыр жұмыстар жасау.

ОРАЗА ҰСТАҒАН АДАМҒА МӘКРҮҺ ЕМЕС ЖАҒДАЙЛАР

1) Раушан гүлі сияқты хош иістерді иіскеу;

2) Тісті щеткамен тазалау;

3) Ауызды шаю;

4) Мұрынға су тарту;

5) Жуыну.

 


[1] Бақара сүресі, 183-аят

[2] Риазус-салихин, ІІ том, 489 бет

[3] Кәшфул- хафа”, ІІ том 33-бет

[4] Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, ІI-том, 81-бет.