Қаз Рус Qaz قاز
Таң 06:42 Күн 07:57 Бесін 13:28 Екінті 17:04 Ақшам 18:49 Құптан 20:04

ЗЕКЕТ БАБЫ

25/05/2017 678931 4 Muftyat.kz

ЗЕКЕТ БАБЫ

ЗЕКЕТТІҢ МАҢЫЗЫ МЕН ПАЙДАЛАРЫ

Исламның бес шартының төртіншісі – зекет беру. Хижреттің екінші жылы оразадан бұрын парыз болған. Дүние-мүлік арқылы іске асатын ғибадат.

Зекет – діннің белгілеген мөлшері бойынша бай, ауқатты болып саналатын мұсылмандардың әр жылы дүние-мүлкі мен ақшасының 40/1 (қырықтан бірін) кедей мұсылмандарға беруі. Зекет Құран Кәрімде намазбен бірге отыз жеті жерде кездеседі. Зекетке осыншалықты көп тоқталуы – оның Ислам дінінде үлкен мәнге ие екенін білдіреді.

Зекет – жүректі сараңдықтан, дүние-мүлікті рухани кірден тазартатын, бай, ауқатты адамдардың шапағат, мейірім сезімдерін оятатын ғибадат. Зекеттің аясында кедейлердің көкейлеріндегі көре алмаушылық және қызғаныш сезімі жойылады. Өздеріне жәрдем ететін ауқатты адамдарға деген сүйіспеншілік және құрмет сезімдері пайда бола отырып, халық арасында бірлік, бауырмалдық сезімдер үстемдік етеді.

Ислам діні қоғамның ауруын емдеп, мұқтаждықтарын қамтамасыз ететін көптеген принциптерге негізделген. Алланың әмірі ретінде зекет, әлеуметтік көмек көрсету жүйесі. Зекет дүние-мүліктің көбейіп, берекеттің артуына үлес қосады. Зекеті берілген дүние-мүлікті, байлықты текке шығын болу мен түрлі зиянкестіктерден Алла сақтайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Дүние-мүліктеріңді зекет берумен қорғаңдар” деп бұйырады.[1]

Зекет – мұсылмандығымыздың шынайылығының көрсеткіші. Зекетін берген адам Аллаға шынайы берілген құл екендігін көрсетеді әрі өзіне бұл байлықты берген Раббысына шүкір етеді. Зекетін берген бай, ауқатты адам кедейлерге жәрдем беріп, жарлы-жақыбайларды қуантып елдің ықыласына бөленеді.

ЗЕКЕТТІ КІМДЕР БЕРЕДІ?

Төмендегі шарттарға сай келген адамдар зекет беруге міндетті:

1) Мұсылман болу;

2) Ақыл-есі дұрыс болу;

3) Балиғатқа жеткен болу;

4) Азат кісі болу.

5) Діни тұрғыдан ауқатты (яғни негізгі қажеттіліктері мен борыштарынан басқа “нисаб” мөлшеріндегі дүние-мүлкі немесе ақшасы) болу;

6) Зекет берілуі керек дүние-мүлік пен ақша;

а) Нисаб мөлшерінде (яғни 80.18г. алтынның құнындай) болу;

ә) Бұл байлық бір қамари жыл (ай жылы, яғни 354 күн) иесінің қолында болу;

б) Қолындағы мал-мүлік, заттай немесе бағалай өсу күйінде болу қажет.

НИСАБ

Нисаб – дініміз тағайындаған байлық мөлшері. Қарызынан және негізгі қажеттеліктерінен басқа белгіленген осы мөлшер немесе одан да көп дүние-мүлік пен ақшасы бар адам дінімізде бай болып есептеледі.

Пітір садақа беру не құрбандық шалу үшін де ең аз дегенде нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі мен ақшасы болу керек. Бірақ бұл жерде дүние-мүлік және ақшаның, қолында ең кемі бір жыл тұруы және қажеттіліктен артық болуы шарт емес.

ЗЕКЕТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Зекет мына адамдарға беріледі:

1) Мұқтаждар: діни мөлшер бойынша бай болып саналмайтын, нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі жоқ адамдар.

2) Кедейлер: Ештеңесі жоқ адамдар.

3) Борыштылар: Қарызынан тыс дүние-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпейтін адамдар.

4) Жолаушы: Өз елінде дүние-мүлкі болса да жолда ақшасыз қалған, қолында ештеңесі жоқ адамдар (бұл адамдарға үйлеріне жете алатындай мөлшерде зекет беруге болады).

5) Алла жолындағылар: Бұлар – жиһад немесе қажылық үшін жолға шығып ақшасыз қалғандар мен барлық жұмысын тастап ғылым жолына түскендер.

Зекет берген кезде мына ретті сақтау керек:

Алдымен бауырлары, бауырының балалары, немере ағасы, әпкесі, нағашы ағасы мен әпкесі, содан кейін басқа туған-туысқандар мен көршілер, олардан кейін көшесінде және ауылында, еліндегі кедей-кепшіктер. Зекеттен алған ақшаларын күнә жолына жұмсап, ысырап ететін адамдарға емес, шын мәніндегі қажеттіліктері үшін жұмсайтын кедей-лерге берген жөн.

ЗЕКЕТ КІМДЕРГЕ БЕРІЛМЕЙДІ?

1) Әке-шеше, ата-әжелерге;

2) Ұлына, немерелеріне, қызына, қызының балаларына және шөберелеріне;

3) Бай адамдарға;

4) Мұсылман еместерге;

5) Ерлі-зайыптылар бір-біріне.

ЗЕКЕТІ БЕРІЛМЕЙТІН ДҮНИЕЛЕР

Өзінің және қарамағындағы адамдарының қажеттілігі болған нәрселерден зекет берілмейді. Бұлар “негізгі қажеттіліктер” деп аталады. Мұндай заттарға негізінен мыналар жатады.

Отырған үйлері, үй мүліктері, киімдері, мініс-көліктері, сауда-саттыққа арналмаған кітаптар, өнер адамдарының қолданатын құрал-саймандары, жейтін тағамдары, алтын-күмістен басқа сауда-саттық мақ-сатымен алынбаған інжу-маржан, алмас және гауһар тас сияқты әшекей асыл бұйымдар.

ЗЕКЕТ БЕРІЛУІ ҚАЖЕТ ДҮНИЕЛЕР МЕН ЗЕКЕТ МӨЛШЕРІ

Зекет болып берілуі керек нәрселердің нисабы мен олардың мөлшері мынадай:

1) Алтын: ең кем дегенде 80.18г. немесе одан да көп болса, соның 40/1 бөлігі.

2) Күміс: ең кем дегенде 561г. немесе одан да көп болса, соның 40/1 бөлігі.

3) Ақша: ең кем дегенде нисаб мөлшерінде немесе одан да көп ақшаның 40/1 бөлігі. (ақшаның нисабы ең аз дегенде 80.18г. алтынның құнындай ақша болуы керек).

4) Сауда-саттық тауарлары: ең аз нисаб мөлшеріндегі ақшаның құны немесе одан да көп сауда-саттық тауарларының 40/1 бөлігі.

5) Қой мен ешкі: қырық қой немесе ешкіден, бір қой немесе бір ешкі.

6) Сиыр немесе қодас: отыз сиыр немесе қодастан бір жасар тай-ынша.

7) Түйе: бес түйеге бір қой немесе ешкі.

Малдың саны артқан сайын зекет мөлшері (көлемі) де өзгеріп отырады. Жерден алынатын өнімдердің берілетін зекеті мүлдем басқаша.

Жоғарыда аталған заттардан берілетін зекет сол заттардың өзі немесе солардың құнындай ақша ретінде берілсе болады.

Зекет қабыл болуы үшін ниет маңызды. Өйткені зекеттің шынайы көңілден болуының шарты – ниет. Байдәулетті мұсылман кедейлерге зекет бергенде шын көңілден ниет етуі керек, ал тілімен айтуы шарт емес.

ПІТІР САДАҚАСЫ

Қарызынан және негізгі қажеттіліктерінен басқа ең аз нисаб мөлшеріндей дүниесі немесе соның құнындай ақшасы бар мұсылман пітір садақасын беруі –уәжіп. Бұны қысқаша “пітір” дейді. Пітір садақасы уәжіп болу үшін зекеттегідей дүние-мүлкінің ең аз дегенде бір жыл қолында болуы және өсу күйінде болуы шарт емес.

Пітір – Рамазан айында кедейлерге берілетін садақа. Айт намазынан бұрын берілгені абзал. Кейбір қиын жағдайлар себебінен Айт күні немесе одан кейін де берсе болады. Діни тұрғыдан алғанда бай-дәулетті мұсылман өзінің, әрі ер жетпеген балаларының пітір садақасын беруі уәжіп.

Пітір мынандай тағамдардан төмендегідей мөлшерде беріледі:

 

1) бидай – 1460 г.

2) арпа – 2920 г.

3) мейіз – 2920 г.

4) құрма – 2920 г.

Бұл заттардың өзін немесе құнын ақшалай да берсе болады. Қайсысы кедей үшін пайдалы болса, солай берген жөн. Бір пітір бір ғана кедейге беріледі. Екіге бөлуге болмайды. Бір кедейге бір пітірден артық пітір беруге болады. Пітір садақасына ниет етіп беріледі. Бірақ мұның пітір екенін кедейге айтпаған жөн. Ішінен ниет етсе, жеткілікті.

Зекет қандай кедей адамдарға берілсе, пітір де сондай кедейлерге беріледі. Белгілі бір себептермен Рамазанда ораза ұстай алмаған адамдар да нисаб мөлшеріндегі тауар немесе ақшалары болса, пітір беруге тиісті.

Бай-дәулетті мұсылмандар пітір беру арқылы кедейлерді қуанышқа бөлейді. Сонда әрі борышын өтеп әрі сауап алады. Пітір беру оразаның қабыл болуына, өлімнің азабынан және қабір азабынан құтылуына себепші болады.

 


[1] Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том, 520-бет

Пікірлер

Айнагүл | 07/06/2017

Ассалам алейкум 2017ж зекет мөлшері теңгелей қанша? Рахмет

admin | 23/05/2019

Уағалейкум әссалам! Зекет сіздің қолдағы дүниеңізге қатысты беріледі. Зекет туралы толығырақ http://zeket.org.kz/ 

Егер пітір садақасын меңзеп тұрған болсаңыз жан басына 300 теңге болып бекітілді

Мұратбек | 13/11/2017

Әссәләмуағалейкүм! Жылқыдан берілетін зекет туралы білейін деп едім.

admin | 23/05/2019

Уағалейкум әссалам! Зекет сіздің қолдағы дүниеңізге қатысты беріледі. Зекет туралы толығырақ http://zeket.org.kz/ 

Айнагүл | 07/06/2017

Ассалам алейкум 2017ж зекет мөлшері теңгелей қанша? Рахмет

admin | 23/05/2019

Уағалейкум әссалам! Зекет сіздің қолдағы дүниеңізге қатысты беріледі. Зекет туралы толығырақ http://zeket.org.kz/ 

Егер пітір садақасын меңзеп тұрған болсаңыз жан басына 300 теңге болып бекітілді

Мұратбек | 13/11/2017

Әссәләмуағалейкүм! Жылқыдан берілетін зекет туралы білейін деп едім.

admin | 23/05/2019

Уағалейкум әссалам! Зекет сіздің қолдағы дүниеңізге қатысты беріледі. Зекет туралы толығырақ http://zeket.org.kz/