Таң 03:47 Күн 05:42 Бесін 13:25 Екінті 18:36 Ақшам 20:57 Құптан 22:51

МҮКӘЛЛӘФ ДЕГЕН КІМ? МҮКӘЛЛАФҚА БАЙЛАНЫСТЫ ҮКІМДЕР

24/05/2017 295434 0 Muftyat.kz

МҮКӘЛЛӘФ ДЕГЕН КІМ? МҮКӘЛЛАФҚА БАЙЛАНЫСТЫ ҮКІМДЕР

МҮКӘЛЛӘФ ДЕГЕН КІМ?

Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс кісілерді “мүкәлләф” дейді. Яғни, мүкәлләф діннің әмірлерін орындап, тыйым салған нәрселерінен сақтануға міндетті болады. Мүкәлләф болуы үшін адамда екі шарт болуы керек:

1) Ақыл-есі дұрыс болу

2) Балиғат жасына жету

Ақыл-есі кемістер мен балиғат жасына жетпегендер мүкәлләф (жауапты) болып саналмайды.

Балиғат жасы балалардың дене-бітіміне және климаттың шарттарына қарай өзгеріп отырады. Ер балаллар он екі мен он бес, ал қыз балалар тоғыз бен он бес жас арасында бой жетеді. Он бес жасқа толған жасөспірім балиғаттық жастың ерекшеліктері өзінде көрінсе де, көрінбесе де, ер бала болсын, қыз бала болсын, балиғатқа жеткен болып саналып, діннің әмірлері мен тыйым салғандарына сәйкес әрекет етуге жауапты болады.

МҮКӘЛЛАФҚА БАЙЛАНЫСТЫ ҮКІМДЕР

Мүкәлләфқа байланысты үкімдер сегіз:

Олар “Әфғал-и мүкәлләфин (мүкәлләфтың міндеттері)” деп аталады.

1) Парыз:

Дініміз бойынша жасалуы үзілді-кесілді дәлелмен бекітілген амалды “парыз” деп атаймыз. Мысалы: намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, т.б. сияқты.

Парыздың үкімі: Парыз амалын орындаған кісі зор сауапқа ие болады. Себепсіз орындамаған адам о дүниеде қатты азаппен азапталады. Парызға сенбеген адам діннен шығады.

Парыз екіге бөлінеді:

а) Парыз айын: Әр мүкаллафтың орындауы міндетті парыз. Күнде бес уақыт намаз оқу сияқты.

ә) Кифая парыз: Бірнеше кісілердің орындауы нәтижесінде басқалардың мойнынан парыздығы түсетін амал “парыз кифая” деп аталады. Мысалы, жаназа намазын оқу сияқты. Кейбір мұсылмандар өлген кісінің жаназасын оқыса, парыз міндет орындалғандықтан, қалған мұсылмандардың сол марқұмға жаназа оқуы қажет емес.

2) Уәжіп:

Парыз сияқты нақты болмағанымен күшті дәлелмен орындалуы әмір етілген ғибадат “уәжіп” деп аталады. Мысалы, айт намазын оқу, пітір садақасын беру және құрбандық шалу сияқты.

Уәжіптің үкімі: Уәжіп амалдарын орындаған адам үлкен сауапқа ие болады, ал орындамаған кісі немесе орындау мүмкіндігі бола тұра тәрк еткен кісі ақыретте азап шегеді.

3) Сүннет

Парыз бен уәжіптен басқа пайғамбарымыздың ғибадат ниетімен жасаған амалдары “Сүннет” деп аталады.

Сүннет екіге бөлінеді:

а) Бекітілген сүннет (сүннет мүәккәда). Пайғамбарымыздың әрдайым орындаған амалдары. Мысалы: таң намазының сүннеті, бесін, ақшам намаздарының сүннеттері сияқты.

б) Бекітілмеген сүннет (Сүннет ғайри мүәккәда). Пайғамбарымыздың кей кезде орындаған сүннеттері жатады. Мысалы, екінті нама-зының сүннеті мен құптан намазының алғашқы сүннеті сияқты.

Сүннеттің үкімі: Сүннеттерді орындаған кісі сауап алады. Пайғамбарымыздың шапағатына бөленеді. Сүннетті біле тұра орындамаған кісі айыпталады.

4) Мұстахаб:

Пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемеген амалдары “мұстахаб” деп аталады. Мысалы: Дұха намазын оқу сияқты.

Мұстахабтың үкімі: Мұстахаб амалдарын орындаған кісі сауап алады, ал орындамаған кісіні айыптауға болмайды.

5) Мүбах:

Бұл амалды орындаушы адам орындағаны үшін сауап та алмайды, орындалмағаны үшін күнәһар да болмайды. Яғни орындап-орындамауы әркімнің өз еркінде болған амалдар. Мысалы: отыру, жүру, ұйықтау сияқты.

Мүбахтың үкімі: Мүбахты орындаған сауап таппайды, орында-маған да күнә істеген болып табылмайды.

6) Харам:

Дініміз бойынша орындауға қатаң түрде тыйым салынған нәрсеге “харам” дейді. Жазықсыз адам өлтіру, ұрлық жасау, ішімдік ішу, құмар ойындар ойнау, доңыз етін жеу, ата-анаға қарсы келу.

Харамның үкімі: Харам амалды орындаған кісі жазаланады және азап тартады. Алладан қорқып харамнан сақтанған жан сауап алады. Харамды мойындамай жоққа шығарған адам діннен шығады.

7) Мәкрүһ:

Дәл харам секілді болмағанымен дінімізде дұрыс саналмайтын нәрселер мәкрүһ деп аталады.

Мәкрүһ екіге бөлінеді:

а) Харамға жақын мәкрүһ: уәжіптерді орындамау сияқты т.б. Мұның үкімі: мұндай мәкрүһті істеуден сақтанған кісі сауап алады. Ал істеген кісі күнәһар болады.

ә) Адалға жақын мәкрүһ: сүннет пен мұстахабтарды орындамау сияқты және т.б. Мұның үкімі: осы сияқты мәкрүһтардан сақтанған адам сауап алады да, ал істеген кісі жаза шекпейді.

8) Мүфсид:

Басталған ғибадаттарды бұзатын әрекеттерді айтамыз. Мәселен, намаз оқып жатқанда сөйлеу, ораза ұстап жүргенде біле тұра, әдейі тамақ ішіп-жеу. Мұндай жағдайда сөйлеу намазды, ішіп-жеу оразаны бұзады.

Мүфсидтің үкімі: Себепсіз, біліп тұрып бастап қойған ғибадатты әдейі бұзудың соңында азапты қажет етеді.