Таң 05:50 Күн 07:05 Бесін 12:41 Екінті 16:26 Шам 18:10 Құптан 19:25

Періштелерге иман

25/05/2017

ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ БОЛМЫСЫ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Иман шарттарының екіншісі періштелерге иман келтіру.

Періштелер – нұрдан жаратылған тіршілік иелері. Олар ішіп-жемейді, аталық, аналық болып бөлінбейді.

Періштелер – Алланың сүйген жаратылыстары. Алланың бұйрықтарын кемшіліксіз орындап, ешбір күнә жасамайды.

Алла Тағала жаратылыстарды түрлі бейнеде жаратқан. Бұлардың кейбірін біз көре аламыз, ал кейбірін көре алмаймыз. Адам баласы кейбір жаратылыстарды көре алмайды. Өйткені, адам баласының көзі бәрін көре алатындай жағдайда жаратылмаған, көру қабілеті шектелген.

Мысалы: өте кішкентай бір жаратылысты көре алмағанымыз сияқты ауаны, желді, рухымызды және ақыл-ойымызды көре алмаймыз. Электр сымдарынан өтіп жатқан электр қуатын да көре алмаудамыз. Алайда, көре алмаған осы нәрселердің бар екендігін білеміз. Сол секілді періштелер бар болумен қатар көрінбейтін жаратылыстар.

Нұрдан жаратылғандығы үшін біз періштелерді көре алмаймыз. Бірақ періштелердің бар екендігіне иланамыз, өйткені періштелердің бар екендігі Құранда айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларды көрген әрі періштелер жайлы мәліметтер берген. Алла Тағаланың және Мұхаммед пайғамбарымыздың бізге айтқандарының бәрі дұрыс әрі хақ. Сондықтан біз періштелердің бар екендігіне нақты түрде иман келтіреміз.

ҮЛКЕН ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЕСІМДЕРІ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Періштелер: жерде, көктерде, айналамызда, кез-келген жерде бола алады. Санын тек Жаратушы ие біледі. Әрқайсысының арқалаған міндеті бар.

Кейбірі үнемі ғибадат етеді, кейбіреулері тіршілік атаулының тәртібі мен жүйесіне жауап береді. Адамның күші жетпейтін үлкен істер атқарады. Адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қорғайтын, қиналған кездерде мүминдерге жәрдем беру үшін жіберілетін періште-лер де бар. Алла Тағала періштелерді жарату арқылы шексіз құдіретін дәлелдейді.

Үлкен періштелер және міндеттері

1) Жәбірейіл: Періштелердің үлкені. Міндеті: Алла пен пайғам-барлар арасында елшілік жасау (елші болу), Алланың кітаптарын пайғамбарларға жеткізу. Кітабымыз Құран Кәрімді Алладан пайғамбарымызға жеткізген – осы Жәбірейіл періште.

2) Микайыл: Табиғаттағы құбылыстарды басқаруға жауапты (жаңбыр жаудыру, жел соғу, егіннің шығуы т.б.).

3) Исрафил: Ақыр заманның болуына, адамдардың өлгеннен кейін қайта тірілуіне жауапты.

4) Әзірейіл: Өмірі аяқталған адамдардың жанын алу міндеттелген.

Осы төрт үлкен періштеден басқа періштелер де бар, олардың кейбірі мыналар:

Кираман кәтибин: Бұл екі періштенің біреуі адамның оң жағында, екіншісі сол жағында болады. Оң жағындағы періште адамның жақсы істерін, ал сол жағындағы періште жаман істерін жазады. Осылай әр адамға тиісті жақсылықтары мен жамандықтары жазылған “Амал дәп-тері” пайда болады.

Мүңкәр және Нәкір: Бұлар өлгеннен кейін қабірде пенделерден сұрақ-жауап алуға міндетті екі періште.

Ридуан: Жәннаттағы періштелердің басшысы.

Мәлік: Тозақтағы қызмет ететін періштелердің басшысы.

ПЕРІШТЕЛЕРГЕ СЕНУДІҢ ПАЙДАЛАРЫ

Әр уақытта және барлық жерде бізбен бірге болатын, бізден ешқашан ажырамайтын періштелер бар. “Кираман кәтибин” деп аталған бұл періштелердің міндеті – пенденің жасаған жақсылықтары мен жа-мандықтарын жазу. Демек, адам оңаша болған күннің өзінде жалғыз емес. Оны үнемі бақылап, жасаған істерін жазып отыратын періштелер бар.

Періштелерге иман келтірген мұсылман жасырын жерде “Мені ешкім көрмейді, қалағанымды істеймін” дей алмайды, жамандық жа-самайды. Өйткені, қайда болса да періштелердің өзін бақылап, жақ-сылық пен жамандығын жазып жатқанын біледі. Осы негізде періште-лерге деген сеніміміз бізді жаманшылық жасаудан тыяды.

Бұлардан басқа бізді жамандықтардан қорғап, жақсылық жасауға бағыттайтын періштелер де бар. Дүниеде жақсылық пен сұлулықтың үлгісі – періште, ал жамандық пен арсыздықтың үлгісі – шайтан. Періште адамды жақсылыққа, ал шайтан жамандыққа шақырады.

Мысалы, қарны аш, жәрдемге мұқтаж бір кедейге кездескен кезде жанымыз ашып, ішкі ожданымыз: “Кедейге жәрдем ет” деп үн қатады. Бұл періште дауысы. Осы кезде ішімізден басқа бір дауыс: “Жәрдем етсең, ақшаң кеміп қалады, жәрдем етпе” деп сыбырлап, бізді айны-туға тырысады. Бұл сыбыр – шайтанның дауысы.

Мұндай жағдайда біз кедейге жәрдем етуге шақырған дауысқа құлақ салуымыз керек. Өйткені, бұл дауыс – жақсылықты сүйетін, бізді жақсылық жасауға шақыратын достың үні. Мұны тыңдасақ бізге жақсы істер жасатқызады, сауап алуға себепші болады. Шайтанның азғыруы-на құлақ асудан аулақ болуымыз керек. Өйткені, ол бізді жақсылықтан алыстатып, күнә іс істеуге жетелейді.

Көріп отырғанымыздай, періштелерге иман келтіру – жамандық атаулыдан сақтандырады және мінез-құлқымызды дұрыстайды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

“Шайтан мен періште адамның жүрегіне әр нәрсе салады. Шайтан-ның ісі – жамандыққа шақыру, ақиқаттан алыстату, ал періштенің ісі – ақиқатқа және жақсылыққа шақыру, жамандықтан құтқару.

Егер кімде-кім жақсылыққа шақырған дауысты естісе, біліп қойсын, ол – періштенің үні. Дереу оған құлақ асып, Аллаға шүкір етсін.

Ал, кімде-кім жамандыққа шақырған дауыс естісе, біліп қой-сын, ол – шайтаннан. Одан алыс болсын, Аллаға сыйынсын”[1]



[1] Тирмизи