Таң 04:30 Күн 05:55 Бесін 13:00 Екінті 17:54 Шам 19:57 Құптан 21:22

Кітаптарға иман

25/05/2017

УАХИ

Уахидің сөзбе-сөз мағынасы: Бір нәрсені құпия түрде жылдам білдіру деген сөз. Уахидің діни терминдік мағынасы: Алладан тікелей немесе елші арқылы пайғамбарларға жеткен анық хабар.

Алла құлдарынан таңдағандарына қалаған нәрселерін білдіруі ерекше тәсілдер арқылы жүзеге асады. Алла әр түрлі уахи арқылы өз сөз-дерін пайғамбарларға жеткізген.

УАХИДІҢ ТҮРЛЕРІ

Шынайы түс: Алла қалаған мәліметтерін түс арқылы пайғамбарларына жеткізген. Пайғамбарымызға алғашқы уахи осылай басталған, түсінде көргендері айна-қатесіз орындалған.

Аян беру арқылы уахи ету: Алла қалаған нәрселерін ештеңенің көмегінсіз пайғамбарлардың жүрегіне жеткізуі.

Перде артынан айтылатын сөз: Арада ешқандай дәнекерсіз сөйлеушіні көрмей, Алла сөзінің естілуі.

Елші (періште) арқылы болатын уахи: Алланың сөзін бір періште арқылы пайғамбарларға естіртуі.

Алланың сөзін пайғамбарларға жеткізетін періште кейде өз бейнесінде келеді, кейде адам кейпінде келеді, ол жерде болғандар оны көреді, даусын естиді. Кейде періште келіп, пайғамбарға уахиді білдіреді, бірақ өзі көрінбейді.

Құран Кәрім пайғамбарымызға уахидің төртінші түрі, яғни елші (періште) арқылы түскен. Құран Кәрімді Алладан алып пайғамбары-мызға жеткізген бұл елші – періштелердің ең үлкені Жәбірейіл.

АЛЛАДАН ТҮСКЕН КІТАПТАР МЕН ПАРАҚТАР

Иманның алты шартының үшіншісі – Алланың кітаптарына иман келтіру. Алла адамзатқа пайғамбарлар арқылы кітаптар жеткізген. Бұл кітаптарда Алланың бұйрықтары мен тыйымдары білдіріл-ген, құлдарының жауапкершіліктері баяндалып, дүние мен ақиретте бақытты болудың жолдары көрсетілген.

Мұсылмандар пайғамбарларға түскен кітаптардың бәріне иман келтіреді. Бірақ Құран Кәрімнен басқа кітаптардың кейіннен бұрмаланып, өзгертілгенін де біледі. Сондықтан біз олардың қазіргі бұрмаланған түріне емес, пайғамбарларға жіберілген кезіндегі өзгертілмеген түріне иман етеміз. Ал Құран Кәрім пайғамбарымызға түскен кездегі күйінде асқан ұқыптылықпен сақталып, ешқандай өзгеріске ұшырамаған.

Пайғамбарларға түскен кітаптардың кейбірі – бірнеше беттерден тұратын кішкентай кітапшалар. “Парақтар” деген мағынаны білдіретін бұл кітапшалар “сұхуф” деп аталады.

Ал қалғандары “төрт үлкен кітап” деп аталады.

Парақтар түскен пайғамбарлар:

1) 10 парақ – Адамға (алейһиссәләм);

2) 50 парақ – Шитке (алейһиссәләм);

3) 30 парақ – Ыдырысқа (алейһиссәләм);

4) 10 парақ – Ибраһимге (алейһиссәләм).

Барлығы 100 парақ.

Төрт үлкен кітап:

1) Таурат – Мұсаға (алейһиссәләм);

2) Забур – Дәуітке (алейһиссәләм);

3) Інжіл – Исаға (алейһиссәләм);

4) Құран Кәрім – біздің пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммедке

(с.а.у.) түскен.

ҚҰРАН КӘРІМНІҢ ТҮСУІ

Пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық міндеті жүктелмей тұрған кезде, біраз уақыт Меккеге жақын Хира тауын-да бір үңгірде оңаша болып, күні-түні Алланың ұлылығы жайлы ойланатын.

610 жылы Рамазан айының Дүйсенбі күні сол Хира тауындағы үңгірде бар болмысымен Аллаға беріліп отырған еді. Осы кезде періште-лердің ұлысы – Жәбірейіл Алланың әмірі бойынша пайғамбарымызға келіп “Оқы” дейді де бұл әмірді үш рет қайталайды. Пайғамбарымыз: “Не оқиын?” деп сұраған кезде Жәбірейіл (алейһиссәләм) Құран Кәрімнің бес аятын жеткізеді. Алғашқы уахи келіп Құран осылай түсе бастайды.

Алғашқы уахи келген кезде пайғамбарымыз (с.а.у.) қырық жаста еді. Алғаш түскен және Құран Кәрімдегі “Алақ” сүресінің басындағы бұл бес аяттың мағынасы мынадай:

1) Жаратқан Раббыңның атымен оқы!

2) Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратты.

3) Оқы! Раббың шексіз нығмет иесі.

4) Сондай-ақ, қаламмен (жазуды) үйреткен Сол.

5) Ол адамзатқа білмеген нәрсесін үйретті.

Құранның түсе бастауымен Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) соңғы пайғамбар екені білдірілді. Құран Кәрім кейде аят-аят, кейде сүрелер бо-лып бөлек-бөлек 23 жылда толығымен түсіп бітті. Аяттар көбінесе бір сұраққа немесе оқиғаға байланысты түсетін. Аяттардың түсуіне себеп болған сұрақтарға немесе оқиғаларды “Әсбәбун-нузул (түсу себебі)” деп атайды.

Құранның ең соңғы түскен аяты – “Бақара” сүресінің 281-аяты. Мағынасы мынадай:

“Аллаға қайта оралатын және ешқандай әділетсіздікке ұшыра-мастан әркімнің табысы өздеріне кемітілмей толық берілетін күннен қорқыңдар”.

ҚҰРАН КӘРІМНІҢ ЖАЗЫЛУЫ ЖӘНЕ КІТАП (МҰСХАФ) КҮЙІНЕ КЕЛУІ

Құран аяттары түскен сайын пайғамбарымыз (с.а.у.) уахи жазатын адамдарын шақырып алып, аяттарды қандай сүренің қай жерінде жазылатынын көрсететін. Уахи жазатындар көрсетілгендей айна-қатесіз жазатын. Түскен аяттарды сахабалар оқитын, көбісі жаттап алатын. Құран Кәрім жазылу әрі жатталу арқылы пайғамбарымыз заманында осылай сақталған.

Пайғамбарымыздың көзі тірісінде аяттардың түсуі тоқтамағандықтан, Құран аяттары жазылған парақтар кітап күйіне келтірілмеген еді. Құран уахидің аяқталуымен тамамдалды.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) қайтыс болғаннан кейін, халифа болып сайланған Хазірет Әбу Бәкір белді сахабалармен кеңес құрды. Бұл кеңес бөлек-бөлек Құран парақтарын жинады. Қарилардың жаттаған Құра-нымен салыстыра отырып, кітап күйіне келтірді. Құран беттерінің жи-налып, кітап халіне келтірілуі “мұсхаф” деп аталады.

Құран кітап күйіне келтірілген кезде пайғамбарымыз көрсеткен тәртіп бойынша сүрелер орын-орындарына қойылды. Жинақталып мұсхаф күйіне келтірілген Құран халифа Хазірет Әбу Бәкірдің қолында сақталды.

Кейіннен Исламның кең қанат жаюына байланысты үшінші халифа Хазірет Осман бұл Құранды көбейте отырып,  түрлі Ислам елдеріне жіберді.

Құран Кәрім Алладан пайғамбарымызға уахи етілгеніндей, ешқандай өзгеріске ұшырамастан бүгінгі таңға дейін осылай жетті. Қияметке дейін де осы қалпында жалғаса бермек. Қазіргі таңда қолымыздағы Құран пайғамбарымыз кезінде жазылып сақталған, Хазірет Әбу Бәкір кезінде мұсхаф күйіне келтірілген және Хазірет Осман көбейткен Құран болып табылады.

ҚҰРАН КӘРІМНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Ең соңғы пайғамбар Хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) Алладан түскен Құран Кәрім – мұсылмандардың қасиетті әрі киелі кітабы.

Құран Кәрімді Алла тарапынан түскен басқа кітаптардан ерекшелейтін көптеген ерекшеліктері бар.

Бұл ерекшеліктердің ең бастылары мыналар:

а) Құран Кәрім пайғамбарымызға түскен күйінде ешқандай өзгеріске ұшырамастан бізге дейін жеткен және осылайша қияметке дейін өзгерместен жалғаспақ.

Басқа қасиетті кітаптардың кейбірі түбегейлі жоғалып кеткен, кейбіреулері бұрмалаушылық пен өзгеріске ұшырап, ешқайсысы Алладан түскен күйіндегі таза қалпын сақтай алмаған.

Құран Кәрімді қорғайтынына Алла Тағала мына аяты арқылы кепілдік берген.

“Әлбетте Құранды біз түсірдік, қорғаушысы да әрине біз!...” [1]

Шындығында Алла киелі кітабымыз Құран Кәрімді күні бүгінге дейін қорғады, қияметке дейін де жалғаса бермек.

ә) Құран Кәрім бірден кітап күйінде емес, уақыт пен оқиғаларға байланысты аяттар және сүрелер түрінде бөлек-бөлек болып түскен. Бұл жағдай Құранды оңай жаттап, түсінуді қамтамасыз еткен.

б) Құран Кәрім –Алладан келген соңғы кітап. Одан кейін басқа кітап келмейді. Құранның үкімдері қиямет күніне дейін күшін жой-майды, ешқандай өзгермейді. Бұрынғы кітаптар болса белгілі бір уақыт үшін ғана түсірілген.

в) Құран Кәрім – бүкіл адамзатқа жіберілген кітап. Қай ғасырдың болмасын мұқтаждықтары мен қажеттіліктеріне жауап бере алатын ақиқат пен хикмет қамтылған. Ал басқа киелі кітаптар болса белгілі бір ұлттарға жіберілген.

г) Құран Кәрім – пайғамбарымыздың (с.а.у.) ең ұлы әрі мәңгілік мұғжизасы. Сөздерінің ұлылығы, мағынасының тереңдігі әрі ақиқат-тары тұрғысынан теңдесі жоқ ұлы мұғжиза.

ҚҰРАН КӘРІМ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТІМІЗ

1) Әрбір мұсылман Құран Кәрімнің Алла Тағаланың сөзі екенін біліп, оны тәжуид қағидаларына сәйкес қатесіз оқуы қажет.

2) Құран Кәрімді дәрет алғанан кейін ғана қолға алып, оқырда “Әғузу, бисмілләмен” бастауы керек. Құран оқығанда мүмкіндігінше құбыланы бетке алып, ерекше әдептілікпен, құрметтеп, мағынасын түсінуге тырысқан жөн.

3) Құран Кәрім таза жерлерде оқылады. Басқа істермен шұғылданып жатқан, Құранды тыңдамайтын кісілердің жанында немесе лас жерлерде Құран оқылмайды.

4) Біреудің оқып жатқан Құранын құрметпен тыңдау қажет.

5) Құран Кәрім кітабы биік әрі таза орынға қойылуы керек. Оны төмен, лас жерлерге қоюға болмайды.

6) Құран Кәрімнің әмірлерін орындап, тыйым салған істерінен сақтанып, Құранның ахлақ қағидаларына сай әрекет ету қажет.

 

ҚҰРАН ОҚУДЫҢ ИГІЛІГІ ЖАЙЫНДА ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ҚАСИЕТТІ СӨЗДЕРІ

“Сіздердің ең қайырылыларыңыз (жақсыларыңыз) – Құранды үйреніп әрі басқаларға үйреткендеріңіз”;

“Кімде-кім Алланың кітабы Құраннан бір әріп оқыса, оған бір сауап беріледі. Әр сауаптың сыйы ретінде он есе тағы сауап жазылады”;

“Кімде-кім Алланың кітабы Құраннан бір аят тыңдаса, оған еселеп сауап жазылады. Кімде-кім Құраннан бір аят оқыса, қиямет күні өзіне нұр болады”

“Құран оқыңыздар. Өйткені Ол қиямет күні оқығандарға шапағат етеді”;

“Кімде-кім Құран Кәрімді оқып, онымен амал ететін болса, қиямет күні ата-анасының басына тәж кигізіледі, нұры дүниедегі күн сәулесінен де жарық болады. Енді сіздер Құранмен амал еткендердің сауаптарын өздеріңіз есептеңіздер”.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Әбу Зәрге былай дейді:

“Таңертең үйден шығып Алланың кітабы Құраннан бір аят үйренуің сен үшін жүз рәкағат (нәпіл) намаздан да қайырлы”.

“Кімде-кім Құранды оқып оны жаттаса, халалын халал, харамын харам деп таныса, нәтижеде Алла оған жәннаттан орын беріп, туған-туысқандарынан жәһәннамдық болған он адамға оны шапағатшы етеді”.[2]



[1] Хижр сүресі, 9-аят.

[2] Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб 2 том, 342-бет.