/>
Таң 05:50 Күн 07:05 Бесін 12:41 Екінті 16:26 Шам 18:10 Құптан 19:25

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) СОҒЫСТАРЫ (ІІ)

26/05/2017 251726 0 Muftyat.kz

МЕККЕНІҢ АЗАТ ЕТІЛУІ (һ.8-М.630)

Меккеліктер Хұдайбия келісімін бұзды. Пайғамбарымыз оларға хабар жібере отырып, келіссөздердің шарттарына мойынсұнуды сұрады. Меккеліктер шарттарға мойынсұнудан бас тартты. Қанша келіссөз жүргізсе де, ешқандай нәтиже шығара алмаған соң, пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласын азат етуді ұйғарды. 10000 әскер жинап, хижрет-тің 8-жылы Рамазан айында Меккеге аттанды.

Меккеліктердің мұсылмандарға қарсы тұратындай күші жоқ еді. Ислам әскері Меккеге төрт жақтан кірді. Пайғамбарымыз Меккені қан төкпей алғысы келді. Сондықтан жауынгерлерге былай деді:

“Қан төгуші болмаңдар, қару көтермеңдер!”

Бәрі де пайғамбарымыздың айтқанындай болды. Мекке қаласы бейбіт түрде азат етілді. Пайғамбарымыз Харам-Шарифке барып, пұттардан тазартып, ол жердегі жиналып тұрған жамағатқа құтпа оқыды. Құтпасында Алланың бір, адамдардың бір-бірімен тең екендігін, өткен-кеткен қан дауларының біткендігін айта келіп, мынадай мағынаны білдіретін аятты оқыды:

“Уа, адамдар, біз сендерді бір ер және әйелден жараттық. Өзара танысарсыңдар деп сендерді ұлтқа, қауымға бөлдік. Араларыңда кім Алладан қатты қорықса, сол Алланың жанында мәртебеге ие болады, Алла толық білуші, барлық нәрседен хабар алушы.”1

Меккеліктер кезінде пайғамбарымызды өлтіруге талпынып, алғашқы мұсылмандарға адам төзе алмайтындай зорлық-зомбылық көрсетіп, Исламды жөргегінде тұншықтырмақ болған болатын. Енді бастары салбырап, өздеріне берілетін үкімді күтіп тұрды. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) олардан былай деп сұрады:

– “Ей, Құрайыш қауымы, сендерге не істейтінімді білесіңдер ме?”

–  “Сен текті әрі қадірменді бір бауырымызсың”, – десті олар.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) осы жерде де ұлылығын көрсетіп:

– “Бүгін сендерді айыптамаймыз, бәрің де азатсыңдар”, – деп, мүшріктердің бәрін кешірді.

Меккені азат еткен пайғамбар аса мейірімді әрі өте кешірімділігімен көптің көңілінен шықты. Жұртқа тамаша адамгершілік қасиеттерімен өнеге болды. Мекке азат етілген күні Хазірет Біләл Хабаши Бесін азанын Қағбаның төбесіне шығып шақырды. Намаз оқылғаннан кейін пайғамбарымыз Сафа төбесіне шықты. Жаңадан мұсылман болғандар да сол жерге жиналды. Алдымен ерлер, кейін әйелдер серт берді (яғни пайғамбарға бағынуға уәде берді).

ХҮНӘЙН СОҒЫСЫ (һ.8-М.630)

Меккені азат еткеннен кейін Қағба пұттардан тазартылып, мүшріктердің көбі мұсылман болды. Ислам нұры шартарапқа жылдам тарала бастады.

Меккеге жақын тұратын Хауазин деген тайпа  бар еді. Олар пұтқа табынатын. Меккедегі пұттар қиратылғаннан кейін кезек өз пұттарына келетіндігін ойлаған олар мұсылмандармен соғысуға шешім қабылдады. Мұсылмандарға шабуыл жасау үшін Мекке мен Тайф арасындағы Хүнәйн деген жерге 20.000 әскерден тұратын қалың қол жинады.

Пайғамбарымыз әлі Меккеден Мәдинаға оралмаған еді. Дұшпандардың бұл дайындығын естіп, 12 мың кісілік әскер жинап, жау орналасқан Хүнәйн деген жерге аттанды.

Жау тар бір сайда тұзақ құрып жатты. Мұсылмандар көптіктеріне сеніп, дұшпанды  менсінбей, қажетті алдын алу шараларын жасамады. Таңертең ерте  Ислам  әскері сайдан өтіп бара жатқан  кезде аңдып отырған жау әскерінің шабуылына ұшырады. Мұсылман әскерінің қатары бұзылып, жан-жаққа бытырады. Бұл жағдай Исламның келешегі үшін аса қауіпті еді.

Жау әскерінің күшті соққысына батылдықпен қарсы тұрып, соғыс алаңында орнынан тапжылмаған бір-ақ ер қалды. Ол Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) еді.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тым-тырақай қашқан мұсылмандарды қасына шақырды. Оның даусын естіген Ислам әскері қайтадан жинала бастады. Дереу ес жиып, жауға лап қойды. Бұл күтпеген шабуылдан жау әскері неге тап болғандарын түсінбей әбіржіп қалды. Іле шегінулері басталды. Мұсылмандар соғыстың басында бір сәт жеңілгенімен, кейін жеңіске жетті. Қуаныштарында шек болмады. Жау әскері соғыс майданына көптеген тұтқын, мыңдаған түйе, қой және көп мөлшерде күміс тастап қашқан екен. Мұсылмандар көп олжаға кенелді.

Мұсылман сарбаздар бұл жеңіске пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) батылдығы, шыдамдылығы және табандылығының арқасында қол жеткізді.

ӘУТАС СОҒЫСЫ ЖӘНЕ ТАЙФТЫҢ ҚОРШАУҒА АЛЫНУЫ (һ. 8-М.630)

Мұсылмандар Хүнәйннен қашқан жауды Әутас деген жерге дейін түре қуды. Ол жерде жиналмақшы болып жатқан жаудың үстінен түсіп, оларды да жермен-жексен етіп, толық жеңіске жетті. Жау осыдан кейін ес жия алмады. Бұл соғыста мұсылмандардан төрт кісі шейіт болды, ал жаудан жетпіс кісі өлді.

Тайфтың қоршауға алынуы

Хүнәйн соғысында мүшріктерді бастаған Мәлік бин Ауф қашып барып, Тайф қамалын паналады. Сондықтан Ислам әскері Тайф қамалын қоршауға алды. Тайфтықтар қамалға тығылып, қорғанды. Қоршау бір айға дейін созылды. Бірақ қамал өте берік болғандықтан алынбады. Мұсылмандар қоршауды тастап, кейін қайтты. Тайфтықтар кейін пұтқа табынудан бас тартып, мұсылмандықты қабылдады.

Пайғамбарымыз жаңадан мұсылман болған Меккеліктерге Құран Кәрім мен Ислам дінін үйрету үшін Муаз бин Жәбәлді Меккеге қалды-рып, өзге сахабаларымен Мәдинаға оралды.

ТӘБҮК САПАРЫ (һ.  9-М.630)

Тәбүк – Мәдина мен Шамның арасындағы жер. Мекке азат етілген-нен кейін Ислам діні жылдам тарай бастады.

Византия патшалығы Исламның таралуын тежеу үшін соғысқа дайындала бастады. Христиан арабтар соларға барып қосылды.

Мұны естіген мұсылмандар ерікті әскер жинауға көшті. Хазірет Әбу Бәкір мен Хазірет Осман жасақты қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін көп көмектесті. Әйелдер де әшекей бұйымдарын беріп, үлес қосты. Жауды тойтару үшін пайғамбарымыз отыз мың кісілік әскермен Мәдинадан жолға шықты. Жаздың ыстық күндерін-де жүздеген шақырымдық шөлді басып, Тәбүкке жетті. Жау соғыстан қашып, қамалдарына тығылды. Мұсылмандар өздеріне ешкім қарсы шықпаған соң соғыспай кері қайтты. Дұшпанның бетін осылай қай-тарған бұл сапар нәтижелі болды.

Оқу мәтіні:

Дырар мешітінің құлатылуы...

Мұнафықтар Құба мешітінің жамағатын бөліп, мұсылмандардың арасына іріткі салуды көздеді. Басшылары Әбу Әмір Ұхұд және Хүнәйн соғыстарында мұсылмандармен соғысып, ешқандай нәтиже болмаған соң Шамға қашып кеткен еді. Шамда жүріп мұнафықтарға мынадай хабар жолдайды: “Қаруларыңды сақадай сай етіп әзірленіңдер, дереу бір ғибадатхана тұрғызыңдар. Мен Византия патшалығына кетіп бара жатырмын. Үлкен жасақпен Мұхаммед пен сахабаларын Мәдинадан айдап шығарамын”

Осы кісінің қолдауымен мұнафықтар жабылып Дырар мешітін салды. Сөйтті де әр нені сылтауратып пайғамбар мешітіне бара алмайтынын айтып, осы мешітке жиналғылары келді. Сыртқы көрінісі мешіт сияқты болғанымен, бұл негізінде мұсылмандарды бөлу үшін, араға іріткі салу үшін салынған бүліктің ошағы еді.

Мұнафықтар пайғамбарымызды шақырып, мешітті ашып беруді сұрады. Бұл кезде Алла Тағала Жәбірейілді жіберіп, мешіттің мұсыл-мандарды бөлу мақсатында салынғанын білдіреді. Сондықтан пайғамбарымыз Тәбүк жорығынан келе жатқанда арнайы соғып бұл мешітті қиратты. Сөйтіп мұнафықтардың  арам ойы іске аспады. Ал Әбу Әмір болса Шам қаласында жүріп ит қорлықпен өлді.

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ СОҒЫСТАРЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Пайғамбарымыз жұртты жылы сөзбен Исламға шақыратын, ешкімнің көңілін қалдырмайтын, ренжітпейтін. Солай бола тұрса да, мүшріктер пайғамбарымызға және оған сенгендерге неше түрлі жа-мандықтар жасайтын. Діни сеніміне бола көптеген мұсылманды қи-нап, зорлықпен өлтірді.

Мұсылмандар өздеріне жасалған қатігездіктерге тура он үш жыл бойы төзді. Ақырында туып-өскен жерін тастап, Мәдинаға көшуге мәжбүр болды. Бірақ Мәдинада да оларға тыныштық болмады. Мұндай жағдайларда мұсылмандар өздерін қорғау үшін соғысудан басқа шара таппады. Сол себепті хижреттің екінші жылы соғысуға рұқсат еткен аяттар түсті. Ол аяттардың мағынасы мынандай:

“(Шынында өздеріне шабуыл жасалып) Зұлымдыққа ұшырағандарға соғысуға рұқсат берілді. Аллаһтың оларға жәрдем бе-руге құдіреті жететіні шүбәсіз.”2

“Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында сендер де соғысыңдар, бірақ тым артық кетпеңдер. Алла тым артық кетіп, зорлық-зомбылық  көрсеткендерді жақсы көрмейді”

Осы аяттарға қарасақ та, пайғамбарымыздың соғыстарына қарасақ та мынадай ерекшеліктерді байқаймыз :

1) Пайғамбарымыздың соғыстары өздері бастап шабуылдау, басып алу мақсатында емес. Өйткені, Ислам – бейбітшілік діні.

2) Бұл соғыстар – жаудың шабуылын тойтау, оларға жол бермеу, Алланың атын ұлықтау, мұсылмандардың діндерін, мал-жанын қорғау үшін жасалған. Өйткені әділетсіздік пен зорлық-зомбылыққа ұшырағандар өздерін қорғауға құқылы.

ХАЗІРЕТӘБУ БӘКІРДІҢ ҚАЖЫЛЫҚҚА БАС БОЛУЫ (h.9 – M.631)

Хижреттің тоғызыншы жылы, Қажылық уақытында пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) қажыға бару үшін жиналған үш жүз кісіге Хазірет Әбу Бәкірді басшы етіп тағайындап, Меккеге жолға салды. Артынан Хазірет Әлиді жіберді.

Хазірет Әли қажылықтың қалай орындалатынын түсіндіріп, мынаны ескертті:

“Бұдан былай пұтқа табынатындардың қажылық жасауына және Қағбаны жалаңаш күйде тауап етуге тыйым салынды”.

Ислам тарихында алғаш рет осы жылы діни негіздерге сүйене отырып, қажылық міндеті өз деңгейінде орындалды.

ҚОШТАСУ ҚАЖЫЛЫҒЫ (h.10 – M. 632)

Мекке азат етілгеннен кейін Ислам діні жылдам тарады. Алла бір деген сенім жүректерге нық бекіді. Құтылу жолының Исламда екеніне көзі жеткен адамдар өз қалауымен топ-тобымен келіп мұсылман бола бастады. Жиырма үш жылдық қасиетті күрестің қайырлы, тамаша жемісін көрген пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) хижреттің  оныншы жылы жүз мыңнан астам мұсылманмен бірге қажылыққа барды.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Арафатта шамамен жүз жиырма төрт мың мұсылманға үн қатып, әйгілі құтпасын оқиды. Бұл құтпа “Қоштасу құтпасы” деп аталды. Бұл құтпадан кейін мынандай мағынаны білдіретін аят түсті:“Бүгін сендердің діндеріңді кемеліне келтірдім. Нығметтерімді тәмамдадым. Және сендерге дін етіп Исламды таңдадым”[1]

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) ақырет сапарына жақындағанын және осыдан кейін қажылық жасай алмайтынын түсінгендіктен, сол жерде мұсылмандармен қоштасты. Сондықтан бұл қажылық “Қоштасу қажылығы” деп аталды.

Пайғамбарымыз қажылық міндетін орындаған соң, бірге келген мұсылмандармен бірге Мәдина қаласына оралды.

 

[1] Мәйдә сүресі, 3-аят