/>
Таң 03:42 Күн 05:19 Бесін 12:52 Екінті 18:04 Шам 20:19 Құптан 21:57

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) НАУҚАСТАНУЫ және ҚАЙТЫС БОЛУЫ

26/05/2017 167782 0 Muftyat.kz

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ НАУҚАСТАНУЫ және ҚАЙТЫС БОЛУЫ (h.10 – M.632)

Пайғамбарымыз қоштасу қажылығын жасап, Мәдинаға оралды. Осы міндетінің аяқталып, бұл дүниеден көшетін уақытының келгенін түсінді. Ауруы күннен-күнге үдей берді. Науқас болса да азан оқылғанда мешітке барып намаздарын оқитын. Бірақ бақиға аттанарының алдында үш күн халі нашарлайды. Мешітке бара алмады. Хазірет Әбу Бәкірге жамағатқа имамдық етіп, намаз оқытуды тапсырды. 

Қызы Хазірет Фатима күн сайын әкесіне барып тұрды. Ажал аузында жатса да қызына былай деп үгіт-насихат айтты:

“Әй, пайғамбардың қызы Фатима, өзіңді ақырет күні құтқаратындай қайырлы істер жасауға тырыс. Пайғамбар қызы болу саған ештеңе бермейді. Мен сені сол күннің азабынан құтқара алмаймын”.

Ауруы күшейіп, халі әбден нашарлаған күндердің бірінде сахабаларына былай деді: “Сендер қайтадан маған қауышасыңдар. Кезде-сетін жеріміз – Кәусар хауызының жағасы. Кімде-кім менімен кез-дескісі келсе, қолы мен тілін керексіз істен, сөзден аулақ ұстасын. Бұл дүниеден көшуім таяу, хабары келді. Аллаға қауышатыныма қуанамын. Бірақ үмбетімнен айырылатын болғандықтан бір жағынан мұңаямын. Мен хабарымды алдым. Аллаға кетіп бара жатырмын”.

Ажалынан екі күн бұрын сахабаларының жәрдемімен мешітке барды. Жайлап мінбеге көтерілді. Жүзін жамағатқа бұрып былай деді:

“Уа, мұсылмандар! Егер біреулеріңе жамандық істеген болсам, жазасын тартуға әзірмін. Кімде-кімді ұрған болсам, міне арқам, келсін ұрсын. Кімнің менде ақысы кеткен болса, міне малым, келіп ақысын алсын”

8-маусым, Дүйсенбі күні таңертең науқасы біраз жеңілдеген соң мешітке барды. Отырған жерінде Хазірет Әбу Бәкірге ұйып, таңғы намазын жамағатпен оқыды. Мешіттен үйіне қайтып келгенде халі нашарлап кетті. Сол күні күн арқан бойы көтерілген уақытта: “Уа, Алла, өлім қиындығына шыдайтындай жеңілдік бере гөр. Жанымды қинамай ала гөр” деп дұға етті. Қасында бір ыдыста суық су тұр еді. Басын суға батырып, жүзін салқындатты.

Түске таман басын көтерді. Сұқ саусағын жоғары көтеріп: “Ра-фиқы ағлаға – Ұлы досқа қауышуды қалаймын” деді. Соңғы сөзі осы болды.

63 жасында қасиетті рухын тәсілім етті. ( 12-Рабиул-әууал, Дүйсен-бі, һ. 10 / M. 8 Маусым, 632 жыл).

Мүбәрак денесі қайтыс болған жерге жерленді. Мәдинада оның қа-бірі орналасқан жер “Рауза-и Мұтаххара” деп аталды. Сүйікті расу-дың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығының 13 жылы Меккеде, 10 жылы Мәдинада өтті. Өмір бойы адамзаттың бақыты үшін тер төкті. Соңғы пайғамбар ретінде міндетін абыроймен орындап, бұл дүниеден өтті. 

ҚАЙТЫС БОЛҒАННАН КЕЙІНГІ ОҚИҒАЛАР

Пайғамбарымыздың қайтыс болуы мұсылмандардың жанына қатты батты, қайғыдан қабырғалары қайысты. Мәдина қаласының халқы аза тұтты. Сахабалардың кейбірі оның ажал құшқанына сенгісі келмеді. Осы кезде Хазірет Әбу Бәкір келді. Пайғамбарымыздың бетін ашып сүйді де жылады. Содан кішкене сөз сөйлеп сахабаларды жұбатты. Сол күні кеңестен кейін Хазірет Әбу Бәкір алғашқы халифа болып сайланды. Ертеңінде, яғни Сейсенбі күні мұсылмандар мешітке жиналып, Хазірет Әбу Бәкірге мойынсұнуға серт берді.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болған күннің ертеңіне, яғни Сейсенбі күні қайтыс болған бөлмесіне жерленді.

Соңғы ауырған кезде Расулалланың қолында жеті дирһам ақшасы бар болатын. Сол ақшаны садақа етіп кедейлерге таратты.

Қайтыс болғанда қолында ешқандай ақша қалмады, артына ақша-лай  ешқандай мирас та қалдырмады.

Ол қалдырған ұлы мұра – әлемді қараңғы түнектен шығарып, жарық нұрға бөлеген Исламның сәулесі мен адамдарды шын мәніндегі бақытқа кенелткен адамгершілік қасиеттер, ахлақ (парасаттылық) ұстанымдары.

Құран көрсеткен және пайғамбарымыз салып кеткен жолмен жүргендер қандай бақытты!

БАЛАЛАРЫ

Пайғамбарымыздың жеті баласы болды: үшеуі ұл, төртеуі қыз.

Ұлдары: Қасым, Абдуллаһ және Ибраһим.

Қыздары: Зәйнәп, Рұқия, Үммүгүлсім мен Фатима.

Олардың алтауы Хазірет Хадишадан, ал ұлы Ибраһим Мәриядан

туған.

Қасым мен Абдуллаһ пайғамбарлық келмей тұрып кішкентай кездерінде шетінеген. Ұлдарының өліміне қатты қайғырды. Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір аты “Әбу-Қасым”. Яғни Қасымның әкесі деген сөз. Өзі осы есіммен аталғанды жақсы көретін. Кішкентай кезде шеті-неп кеткен ұлының есімімен аталу көңіліне жұбаныш еді.

Үшінші ұлы Ибраһим хижреттен кейін Мәдинада дүниеге келді. Ол да кішкентай кезінде шетінеді. Ұлы шетінегенде көз жасын төгіп былай дейді:

“Көзім жасаурап, жүрегім қайғыдан қарс айырылды. Тағдырға мойынсұнғаннан басқа ештеңе айта алмаймыз. Әй, Ибраһим, сені жоғалтып алып, қайғыдан қабырғамыз қайысуда”.

Ибраһим шетінеген күні Күн тұтылғаны бар. Кейбіреулер “Күн Ибраһимның қайғысына тұтылды” дегенде, пайғамбарымыз мұның қате екенін айтып былай деген:

“Күн мен ай Алланың аяттарының екі белгісі екені күмәнсіз. Олар ешкімнің өміріне немесе өліміне байланысты тұтылмайды”.

Қыздарының бәрі өсіп, бой жетіп тұрмысқа шыққан. Хазірет Фатимадан басқа үш қызы пайғамбарымыздан бұрын қайтыс болған. Кенже қызы Фатима Хазірет Әлиге тұрмысқа шықты. Пайғамбарымыздың ұрпағы сол қызынан тарады.

АШАРА–И МҮБӘШШАРА

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) он кісінің жәннатқа баратынын сахабаларының көзі тірі кезінде-ақ айтқан. Олар “Ашара-и мүбәшшара” деп аталды. Ол сөз “тірісінде жәннатпен сүйіншіленген он кісі” деген мағынаны білдірді.

Он кісі мыналар:

1 - Хазірет Әбу Бәкір , 2 – Хазірет Омар, 3- Хазірет Осман, 4- Хазірет Әли, 5- Талһа , 6- Зүбәйр, 7- Әбдірахман бин Ауф, 8 – Сағад бин Әби Уаққас, 9 – Саид бин Зәйд , 10 – Әбу Үбәйда бин Жәррах.

САХАБАЛАРЫ

Пайғамбарымызды (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) көзбен көріп, мұсылман болып өмірден озғандар “сахабалар” деп аталған.

Сахабалар екіге бөлінеді:

1. Мұһажирлер – мүшріктердің зорлық-зомбылығынан қашып, діни еркіндік үшін Меккеден Мәдинаға көшкен мұсылмандар.

2. Ансар – Меккеден келген мұсылмандарға шын көңілмен көмек берген сол кездегі Мәдина халқы. Мұһажирлерге жәрдем бергендер осылай аталған.

Хазірет МҰХАММЕДТІҢ (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) АДАМЗАТҚА ӨНЕГЕ БОЛҒАН ЖОҒАРЫ АДАМГЕРШІЛІК ҚАСИЕТТЕРІ

Алланың ең сүйікті құлы, соңғы әрі ең ұлы пайғамбар – Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге бақыт ала келді.  Құрғақ жер сумен қалай жанданса, Алла Тағала пайғамбарымыз арқылы дүниеге солай жаңа жан салды.

Исламның арқасында жалған сенімдер жойылды. Надандықтың орынын ілім, зұлымдықтың орнын адамға деген сүйіспеншілік басты. Шынайы мағынада Ислам бауырластығы орнады. Отбасында да, қоғамда да әйел лайықты орнын тапты.

Сүйікті пайғамбарымыз адамдарға дүниеде және ақыретте бақытты болудың жолдарын көрсетті. Үйреткен адамгершілік ұстанымдарын ең әуелі өзі орындап, үлгі көрсетті.

Жүрегі адамға деген сүйіспеншілікке толы еді. Мейірімділігі сон-дай, қолындағысын кедейлерге беріп, өзі аш қалатын кезі де болатын. Тек адамдарға ғана емес, жан-жануарларға да мейірімді еді. Шөлдеген мысыққа өз қолымен су беріп, жан-жануарларға жақсы қарауға әмір еткен.

Балаларды өте жақсы көретін, оларды құшақтап, еркелететін. Бір кісі пайғамбарымыздың  бір  баланы  сүйіп  тұрғанын  көріп:

“Менің он балам бар, солардың біреуін де сүйген емеспін” деді. Сонда Пайғамбарымыз оған: “Мейірімді болмағанға мейірім көрсетілмей-ді”,  – деді.

Тіпті намаз оқып жатқанда ойнап, иықтарына шығып кететін немерелері Хасан мен Хүсейінге кешіріммен қарап, ойындарының бітуін күтетін.

Өте кішіпейіл еді. Бай-кедей деп бөлмейтін. Қызметші шақырса да баратын. Кедей, ешкімі жоқ, ештеңесі жоқтармен де бірге отырып, тамақ жеп, сіңірі шыққан кедейдің үйіне барып қал сұрайтын.

Аурулардың жағдайын сұрап, олардың жазылып кетуі үшін дұға ететін. Жиынға барған кезде табылған бос орынға отырып, аяғын ешкімге қарата созбай жинап отыратын.

Бір күні бір кісі пайғамбарымыздың үйіне келіп, алдында отырған-да дірілдей бастады. Сол кезде пайғамбарымыз оған: “Достым, бұның не? Мен билеуші емеспін. Қатқан нан жеген құрайыштық бір әй-елдің баласымын”, – деді.

Киімін өзі жамап, аяқ киімін өзі жөндеп, базарға өзі барып, қажет заттарын сатып алып, өзі көтеріп әкелетін. Ешкімге ауыртпалық сал-майтын.

Өнегелі отағасы болатын. Әйелдерге өте сыпайы, жұмсақ еді. Үй шаруасында оларға көмектесетін. Өзі былай дейтін:

“Араларыңдағы ең жақсыларың – әйеліне жақсы қарағаның”.

Қонақжай еді. Қонақтарға өзі қызмет етіп, өзі күтетін. Мұсылман болмаса да өзіне келгендерді де солай күтетін.

Ешкімге жаман сөз айтпайтын, ренжітпейтін, өмірінде ешкімге ұрыспаған.

Он жыл қызметінде болған Әнас былай дейді: “Пайғамбарымыз маған ешқашан кейімеді. Бір нәрсе істеп қойсам, неге мұны істедің деп, бір нәрсені істемей қойсам, неге істемедің деп ұрыспайтын”.

Жылы жүзді, жұмсақ тілді болатын. Басқамен сөйлесіп жатқанда олардың сөзін болмей тыңдайтын. Біреудің кемшілігін көрсе, бетіне баспайтын.

Тұрмысы өте қарапайым, таза еді. Тәнін үнемі таза ұстайтын, киім-дерінің таза болуына баса назар аударатын. Тісін тазарту үшін мисуак қолданатын. Кірді жаны сүймейтін. Сахабаларына мешітке таза болып келуді бұйыратын.

Бір жолы үсті-басы лас кейіпте мешітке келгендерге: “Жуынып келгендерің жақсырақ болар еді”, – деген.

Сөзге шыншыл еді. Айтқан сөзінен қайтпайтын, берген сөзінде тұратын. Өтірікшіні жаны сүймейтін. Өзі жұртқа шыншыл әрі сенімді болғандықтан “Мұхаммәдүл-әмин”, яғни “Сенімді Мұхаммед” деп аталған болатын.

Жұрттың арасындағы ең жомарты еді. Бір нәрсе сұраған адамды бос қайтармайтын. “Мен тек таратушымын, беріп тұрған Алла” дейтін.

Бірақ қайыр сұрағанды жек көретін. Одан құтылу үшін адамдарға ең-бектеніп, табыс табудың жолдарын көрсететін.

Ешкімнен өш алмайтын, кешіргенді жақсы көретін. Өзіне жаман-дық жасағандарды да кешіріп, оларға жақсылық жасайтын. Өзіне жасалған жақсылықтарды еш ұмытпайтын, оларды үнемі еске алып отыратын. Қарт адамдарға көмек көрсетіп, кішіге қамқор болатын. Сүт бауырларын көргенде орнынан тұрып, сыртындағы кеудешесін төсеп, орын беретін.

Жалқаулықты, қолы бос отырғанды ұнатпайтын. Мешіт салынған кезде өз қолымен тас тасып, ел қатарлы еңбектенетін. Сахабалар ты-нығып, дем алуын өтінсе де, ол жұмыс жасауын тоқтатпаған.

Бір сапарда дем алу үшін сахабаларымен бір жерге түнемекші бола-ды. Сахабалар тамақ әзірлеу үшін жұмыстарды бөлісе бастайды. 

Сонда пайғамбарымыз: “Онда мен барып отын жинайын” деп, жолдастары жұмыс жасап жатқанда бос отырғысы келмеген.

Сүйікті пайғамбарымыз қарапайым өмір сүріп, қолына не түссе де кедейлерге таратып жіберетін. Осындай іс-әрекеттерімен қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті тек сөзбен емес, ісімен де көрсетіп, адамзатқа өнеге болған. Расулалланың ізінен жаңылмағандар қандай бақытты...