/>
Таң 04:30 Күн 05:55 Бесін 13:00 Екінті 17:54 Шам 19:57 Құптан 21:22

НАМАЗДЫҢ ПАРЫЗДАРЫ

25/05/2017 1606 0 Muftyat.kz

НАМАЗДЫҢ ПАРЫЗДАРЫ

Намазда 12 парыз бар. Олардың алтауы намаздың сыртында. Олар “намаздың шарттары” деп аталады. Ал алтауы ішінде. Олар “намаздың рүкіндері” деп аталады.

Намаз дұрыс болуы үшін он екі парыз толығымен орындалуы керек.

Намаздың шарттары:

1) Хадастан (рухани) тазару – рухани кірдің кетуі үшін дәрет алу, қажет болған жағдайда ғұсыл алу.

2) Нәжістен тазару: Намаз оқитын адамның денесінде, үстіндегі киімінде және намаз оқитын жерінде лас, нәжіс болса, оларды тазарту.

3) Әурет жерін жабу: Намаз оқитын адамның денесіндегі жабылуы керек болған жерлердің жабық болуы.

Әурет ер адамдар үшін: Кіндік пен тізе арасы (тізесі қоса жабылады).

Ал әйел кісілер үшін: Жүзі, білектің төменгі бөлігі және аяқтың қызыл асықтан төменгі бөлігінен басқа жерінің жабылуы.

4) Құбылаға қарау: Намазды құбылаға қарап оқу. Құбыла Мекке қаласында жер жүзінде Аллаға ғибадат ету мақсатымен жасалған алғашқы киелі үй (Қағба). Қағбаны Хазірет Ибраһим мен Исмайыл

салған.

5) Уақыт: Намаздарды өз уақыттарында оқу. Уақыт кірмей намаз оқуға болмайды.

6) Ниет: Қандай намазды оқитынын біліп, көңілінен, яғни ішінен еске түсіру. Ниеттің тілмен айтылуы сүннет.

Намаздың рүкіндері:

1) Ифтитах тәкбірі: Намазды бастағанда тәкбір айту.

2) Қиям: Намазда тік тұру деген сөз.

3) Қирағат: Намазда кемі үш қысқа аят оқу.

4) Рүкуғ: Намазда қолды тізеге тіреп, иілу.

5) Сәжде: Рукуғдан кейін аяқтың ұшы, тізе және қолмен бірге маңдайды жерге тигізу (қою).

6) Қағдаи ахир: Намаз соңында “әттәхиятуді” оқитындай уақыт отыру.