/>
Таң 04:30 Күн 05:55 Бесін 13:00 Екінті 17:54 Шам 19:57 Құптан 21:22

АЛЛАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

24/05/2017 163302 0 Muftyat.kz

Алла Тағала бізге көру үшін көз, есту үшін құлақ, сөйлеу үшін тіл, түрлі шаруалар атқара білу үшін қол, аяқ берді. Сондай-ақ, ақыл-ой, сана-сезіммен қамтамасыз етіп, жаратылғандардың арасынан артық етіп жаратты.

Деніміз сау, бақытты өмір сүруіміз үшін жер жаһанды әртүрлі нығметтермен толтырып, дем алған ауамыздан бастап, күнделікті ішіп жүрген суымызға дейінгі әр түрлі мұқтаждықтарымызды түгел қамта-масыз етті. Аз уақыт дем жетпеген адам өмірімен қоштасады. Әр сәт мұқтаж болған бұл нығметтің қадір-қасиетіне ой жіберетін болсақ, Алла Тағаланың бізге берген игіліктерінің қаншалықты мол екендігіне көз жеткіземіз.

Алла Тағала былай дейді:

“Алланың нығметтерін санайтын болсаңдар, бітіре алмайсыңдар” [1]

Адам баласы өзіне жақсылық жасағандарды жақсы көреді. Ендеше, бәрінен бұрын Алланы жақсы көруіміз керек. Өйткені, оның бізге жа-саған игіліктері сансыз көп. Біз де жаратушымызды сүюіміз керек. Жақ-сы көру тек сөзбен болмайды. Адам жақсы көргеніне құрмет көрсетіп, жақсы көргенінің разы болмайтын нәрселерінен бойын аулақ ұстайды. Жаратушыға деген сүйіспеншілік, қасиетті есімдерін құрметтеп еске алу, бізге бұйырған құлшылықтарын шын жүрекпен орындау, тыйым салған істерінен аулақ болумен іске асады. Осылай істеу арқылы сүй-етіндігімізді шынайы дәлелдесек, Алла Тағала да бізді жақсы көреді, дүниеде берген нығметтерінен бірнеше есе артығын ақыретте береді.

Адам баласы үшін ең үлкен бақыт – Алланың сүйген құлдарының қатарында болу.

Оқу мәтіні:

Шынайы иманға қол жеткізген қыз...

Хазірет Омар халифа кезінде сүт сатушыларға сүтке су қосып са-туына тыйым салып, бұл бұйрығын халыққа хабарлады. Қаланың тәртібін бақылау үшін түнде Мәдина қаласын аралап жүрген кезде шаршап, біраз тынығып алу үшін бір үйдің қабырғасына сүйенді. Солақ екен, үйдің ішіндегі анасы мен қызының арасында болған мына әң-гімені естіді:

Анасы:

– Қане қызым, тұр да сүтке су қос.

 Қызы:

– Халифаның сүтке су қосып сатуға тыйым салғанын білмейсіз бе?

 Анасы:

– Иә, білемін.

 Қызы:

– Олай болса, халифа тыйым салған істі қалай орындамақпын?!

 Анасы:

– Тұр да сүтке су қос, Омар сені қайдан көрсін.

 Қызы:

– Омар көрмесе де Алла көріп тұрған жоқ па?!  

Хазірет Омар бұл әңгімені естігеннен кейін үйіне қайтты. Жақсы тәрбие алған, адамгершілігі жоғары бұл кедей қызға құда түсіп, бала-сы Асымға үйлендірді.

Міне, Аллаға иманның (сенімнің) адамның әрекеттеріне жағымды әсері...

 


[1] Ибраһим сүресі, 34-аят.