/>
Таң 05:50 Күн 07:05 Бесін 12:41 Екінті 16:26 Шам 18:10 Құптан 19:25

ҮЛКЕН ПЕРІШТЕЛЕРДІҢ ЕСІМДЕРІ МЕН МІНДЕТТЕРІ

24/05/2017 182756 0 Muftyat.kz

Періштелер: жерде, көктерде, айналамызда, кез-келген жерде бола алады. Санын тек Жаратушы ие біледі. Әрқайсысының арқалаған міндеті бар.

Кейбірі үнемі ғибадат етеді, кейбіреулері тіршілік атаулының тәртібі мен жүйесіне жауап береді. Адамның күші жетпейтін үлкен істер атқарады. Адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан қорғайтын, қиналған кездерде мүминдерге жәрдем беру үшін жіберілетін періште-лер де бар. Алла Тағала періштелерді жарату арқылы шексіз құдіретін дәлелдейді.

Үлкен періштелер және міндеттері

1) Жәбірейіл: Періштелердің үлкені. Міндеті: Алла пен пайғам-барлар арасында елшілік жасау (елші болу), Алланың кітаптарын пайғамбарларға жеткізу. Кітабымыз Құран Кәрімді Алладан пайғамбарымызға жеткізген – осы Жәбірейіл періште.

2) Микайыл: Табиғаттағы құбылыстарды басқаруға жауапты (жаңбыр жаудыру, жел соғу, егіннің шығуы т.б.).

3) Исрафил: Ақыр заманның болуына, адамдардың өлгеннен кейін қайта тірілуіне жауапты.

4) Әзірейіл: Өмірі аяқталған адамдардың жанын алу міндеттелген.

Осы төрт үлкен періштеден басқа періштелер де бар, олардың кейбірі мыналар:

Кираман кәтибин: Бұл екі періштенің біреуі адамның оң жағында, екіншісі сол жағында болады. Оң жағындағы періште адамның жақсы істерін, ал сол жағындағы періште жаман істерін жазады. Осылай әр адамға тиісті жақсылықтары мен жамандықтары жазылған “Амал дәп-тері” пайда болады.

Мүңкәр және Нәкір: Бұлар өлгеннен кейін қабірде пенделерден сұрақ-жауап алуға міндетті екі періште.

Ридуан: Жәннаттағы періштелердің басшысы.

Мәлік: Тозақтағы қызмет ететін періштелердің басшысы.