/>
Таң 05:50 Күн 07:05 Бесін 12:41 Екінті 16:26 Шам 18:10 Құптан 19:25

АҚЫРЕТКЕ ИМАННЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

24/05/2017 175192 0 Muftyat.kz

АҚЫРЕТКЕ ИМАННЫҢ ПАЙДАЛАРЫ

а) Ақырет күніне сену адамның жауапкершілік сезімін арттырады. Жауапкершілікті сезінген адам іс-әрекеттеріне көңіл аударып мұқият болады.

Ақыретке иман келтіру дегеніміз – өлгеннен кейін қайта тірілуге, дүниеде істеген істеріміз жайында Алланың алдында есеп беретінімізге, жақсылық жасаған адамдардың мол табысқа жететіндігіне, ал жамандық істеген адамдардың жазаланатындығына сену дегенді білдіреді. Мұндай сенім адамды жамандық жасаудан сақтандырып, жақсылыққа, дұрыс жолға жөн сілтеп, парасатты, адамгершілікті дарытады. Осын-дай иманға ие болған адамдардан құрылған қоғамда ешкім-ешкімге қиянат жасамайды, зиян тигізбейді, барлығы бір-бірінің құқықтарына құрмет көрсетіп, қолынан келгенше жақсылық жасайды. Мұндай әре-кеттер адамдар арасында өзара сүйіспеншілік пен сенімді арттырады. Әрбір адамның мінезін түзеп, қоғамда береке-бірлік сақталуында ақыретке иман келтірудің маңызы мен рөлі зор.

ә) Ақыретке иман келтірген адам бұл уақытша дүниеде жүріп мәңгілік өмірге дайындалады. Ұзақ сапарға шығатын адам жететіндей керек-жарақ алып жолға әзірленеді. Керек-жарақ, дайындықсыз жолға шықпайды.

Ал, өлгеннен кейін жалғасатын ақырет сапары дүниедегі сапарлардан әлдеқайда ұзақ әрі маңызды. Сол себепті ақырет үшін азық жинап, әзірленуіміз керек.

Ақырет күніне сенген адам Алланың әмірлерін орындап, тыйым салынған нәрселерден бойын аулақ салу арқылы ақыретке дайындалады. Дайындалып жолға шыққандар тамаша өмірге қол жеткізеді. Алла бұл жайында “Азық жинаңдар” деп қай уақытта да дайын болуымызды нұсқаған.

Ақырет үшін дайындық жасамағандар өлген кездерінде шындықты көріп, Алланың әмірлерін орындау үшін дүниеге кері қайтқысы келеді. Бірақ болар іс болғандықтан, бұл тілегі қабыл болмайды. Бұл жағдай Құран Кәрімде былай баяндалады:

“Олардың біріне өлім келе қалса “Раббым! Мені дүниеге қайтара гөр! Бәлкім орындамағандарымды орындап, жақсы істер істермін – дейді.[1]

б) Ақырет күніне иман келтіру адамды жұбатып, қайғысын азайтады.

Мысалы, дүниеде қаншама жақсы деген адамдар істеген жақсылықтарының зейнетін көрместен, зұлымдыққа ұшырағандар ақыларын алмастан, қанша залым адамдар жазаларын тартпастан өліп кетеді. Әділетті мен әділетсіздің, жақсылық пен жамандықтың бір-бірінен ажыратылып, әр адамның істегеніне лайықты қарымын алатынкүн – ақырет күні.

Ақырет күнінде Алланың әділеті орнайды: Жақсылық жасаған адамдарға істеген жақсылықтарының сыйы, сауабы, жемісі артығымен беріледі. Әділетсіздікке ұшырағандар ақыларын алады. Залымдар да істегендеріне қарай жазасын тартады. Осындай сенім адамды ты-ныштандырып, жұбатып, қайғы-мұңын азайтады.

 


[1]Мүминун сүресі 100-аят.