/>
Таң 05:50 Күн 07:05 Бесін 12:41 Екінті 16:26 Шам 18:10 Құптан 19:25

СЫЙ, ЖАЗА, ЖӘННАТ және ЖӘҺАННАМ

24/05/2017 84466 0 Muftyat.kz

СЫЙ, ЖАЗА, ЖӘННАТ және ЖӘҺАННАМ

Істелген жақсылықтардың қайтарымы – “сый”, ал жамандықтардың қайтарымы – “жаза”.

Адамдар бұл дүниеге сынақ үшін жіберіліп, орындайтын міндеттері білдірілген. Алланың әмірлерін орындаған, тыйым салынған нәрселерден ұзақ болған және басқаларға жақсылық жасаған адамдар бұл сынақтан өтіп, нәтижеде үлкен сыйға кенеледі. Әр адам дүниеде жасағанына қарай ақыретте толық қайтарымын көретін болады.

Алла Тағала былай дейді:

“Қиямет күні әділет таразысын орнатамыз. Ешкім ешқандай әділетсіздікке ұшырамайды”[1]

“Кімде-кім тозаңдай жақсылық жасаса, ол оның сыйын көреді. Кім тозаңдай жамандық жасаған болса, ол да оның жазасын көреді”[2]

Жәннат – мүминдерге дайындалған сый-сыяпат мекені.

Жәннатта бұл дүниеде көз көріп, құлақ естімеген және ешбір адамның қиялы жетпес нығметтер бар. Жәннат – адамның көңілі қалап, ұнаған нәрсесін тұрақты таба алатын теңдесі жоқ тамаша мекен. Ол жерде барлық нәрсе адамның көңіліне қарай болады, нені қаласа сол сәтте-ақ қалаған нәрсесі дайын болады.

Жәннатта ауру, қорқыныш, қайғы-мұң жоқ. Ол жерде адам мәңгілік жас болып қалады, қартаймайды. Жәннатағы өмір – мәңгілік, өлім жоқ. Ол жерге кірген адам ол жерден еш уақытта шықпайды. Қалағанын табады, шаттық, қуаныш, бақыт кешіп мәңгі-бақи өмір сүреді.

Құран Кәрімде бұл жайында былай делінген:

“Иман келтіріп, ізгілік еткен жандар – жәннаттық болғандар; олар жәннатта мәңгі тұрақтайды”[3]

“Ол жерде олар үшін не қаласа бәрі бар және артығымен бар” [4]

Алла Тағаланың әмірін орындамаған, өзін харам нәрселерден тыймаған, адамдарға жамандық жасағандар бұл істерінің қайтарымы ретінде жәһаннамда жазаланады.

Жәһаннам – иман келтірмегендер мен иман келтірсе де, күнә іс жасағандардың ақыретте отпен жазаланатын орны. Имансыз өлгендер тозақта мәңгілік қалады.

Иман келтірсе де Алланың әмірлеріне сай әрекет жасамаған діни міндеттерін атқармағандар белгілі бір уақыт жәһаннамда жазаларын тартқаннан кейін шығып, сенімдері бар болғаны үшін жәннатқа кіреді. Кәпірлер мен мұнафықтар мәңгі жәһаннамға тасталады.

Құранда кәпірлер мен мұнафықтардың жағдайы былай білдіріледі:

“Иман келтірмегендер, аяттарымызды өтірік дегендер – жәһаннамдық адамдар. Олар ол жерде мәңгі қалады”[5]

“Шындығында, мұнафықтар сөзсіз тозақтың ең астыңғы қаба-ында болады. Оларды құтқаратын ешбір медеткер таба алмайсың”[6]

 


[1] Әнбия сүресі, 47-аят.

[2] Зилзәлә сүресі 7, 8-аяттар.

[3] Бақара сүресі, 82-аят.

[4] Қаф сүресі, 35-аят.

[5] Бақара сүресі, 39-аят.

[6] (Ниса сүресі, 145-аят).