/>
Таң 04:30 Күн 05:55 Бесін 13:00 Екінті 17:54 Шам 19:57 Құптан 21:22

ҚҰРБАН

25/05/2017 167797 1 Muftyat.kz

ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Құрбан – ғибадат ниетімен белгілі бір уақытта құрбандық малын шалу дегенді білдіреді.

Құрбандық шалу дүние-мүлік арқылы жасалатын ғибадат және уәжіп. Хижреттің екінші жылында бұйырылған. Құрбан – Алла жолында жасалған жанпидалық және Жаратқанның берген нығметтеріне алғысымызды білдіру.

Бай-дәулетті адамдар шалатын құрбан еттерінен кедейлерге беру мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен бауырмашылық сезімдерді нығайтады. Бай-дәулетті адамдармен қоса кедейлер де қуанышқа бөленеді. Құрбан арқылы келетін қуаныш қоғамның ынтымағы мен бірлігіне үлес қосады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Кімде-кім дүние-мүлкі мол бола тұра құрбан шалмаса, мешітімізге жақындамасын”[1] дей отырып құрбан шалудың байлар үшін маңызды міндет екенін көрсеткен.

КІМДЕР ҚҰРБАН ШАЛАДЫ?

Төмендегі шарттарға сай адамдардың құрбандық шалуы уәжіп:

1) Мұсылман болу;

2) Ақыл-есі дұрыс болу;

3) Балиғатқа жеткен болу;

4) Бас бостандығы болу;

5) Жолаушы болмау;

6) Нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі және ақшасы болу (Құрбан нисабында дүние-мүлік пен ақшаның зекеттегідей бір жыл қолында болуы шарт емес).

ҚҰРБАНДЫҚ ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ШАЛЫНАДЫ?

Құрбандық шалудың уақыты – Құрбан айт мерекесінің бірінші, екінші және үшінші күні. Үшінші күні күн батқан соң құрбандық шалуға болмайды.

Құрбандықты шалуға алып бара жатқанда малға жақсы қарап, итеріп, ұрып-соқпау керек. Малды қинамау үшін пышағын өткірлеп, жақсылап қайрап, құрбан шалушы адам қолынан келсе өзі бауыздай-ды, болмаса біреуге бауыздатқызады.

Құрбандық шалынатын мал сол жағымен және құбылаға қаратылып жатқызылады. Бауыздайтын адамның өзі “Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар” деп малдың иегі астынан өңеші, кеңірдегі және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін іру – мәкрүһ. Құрбандық шалып жатқанда біле тұра “Бисмиллаһ” айтылмаса, ол малдың етін жеуге болмайды.

ҚҰРБАНДЫҚ МАЛДЫҢ ЕТІ МЕН ТЕРІСІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Құрбандық шалған адам құрбанның етінен өзі жей алатыны сияқты, басқаларға да беруге болады.

Құрбан етін үшке бөліп: бір бөлігін құрбандық шалмаған кедейлерге, екінші бөлігін туған-туысқандар мен достарына, қалған бөлігін өзі отбасы мүшелеріне алып қалады. Құрбан етін түгелдей беруге болады, дін оған рұқсат береді. Құрбан терісінен жайнамаз немесе үйде қолданылатын бір нәрсе жасау дұрыс. Бір кедейге я қайырымдылық мекемелерінің біріне берсе де болады.

ҚҰРБАНДЫҚҚА ЖАРАЙТЫН ЖӘНЕ ЖАРАМАЙТЫН МАЛДАР

Малдан қой, ешкі, сиыр, қодас және түйе құрбандыққа шалынады. Бұлардың қой мен ешкі бір жасқа, сиыр мен қодас екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Бірақ қой алты айдан асқанымен сүйегі ірі болса, оны да құрбан етіп шалуға болады. Ал ешкі ондай емес, міндетті түрде бір жасқа толуы тиіс.

Қой мен ешкі бір кісі үшін шалынады. Сиыр, қодас және түйені бірден жеті адамға дейін ортақтасып құрбандық шалуға болады. Бұл жануарлардың мүйізсіз болуы, мүйізінің біраз сынық болуы, терісінің көбі түсіп қалуы және ақсақ болуы құрбандық шалуға кедергі емес.

Мына кемшіліктерден бірі кездессе, ол мал құрбандыққа жарамсыз:

1)  Бір немесе екі көзі соқыр болуы;

2) Мүйіздерінің біреуі немесе екеуінің де түбінен сынық болуы;

3) Құлағының немесе құйрығының жартыдан көбісінің жоқ болуы;

4) Аяғын баса алмайтындай ақсақ болуы;

5) Туғаннан құлақтары-құйрығы болмауы;

6) Тістерінің көбі түсіп, қарнын тойдыра алмайтын болуы;

7) Ауру болуы;

8) Сүйектерінің ішінде жілік майы жоқ, арық болуы;

9) Желіндерінің ұштары жоқ болуы;

10) Қой мен ешкі емшектерінің бірі, сиыр тектестердің екі емшегі бірдей құрып қалуы.

Бұған қоса, қораз, тауық сияқты үй жануарлары мен еті желінетін жабайы жануарлар құрбандыққа жарамайды.

ЕТТЕРІ ЖЕЛІНЕТІН ЖАНУАРЛАР

Қой, ешкі, сиыр, қодас, түйе, жылқы, тауық, қаз, үйрек, жираф, түйеқұс, көгершін, шілік, тауыс, қарлығаш, байғыз, қоян, тырна, торғай және сауысқан сияқты жануарлар шариғат жолымен бауыздалса, еттері желінеді. Бұлардан басқа суда өмір сүретін әртүрлі балықтар да адал.

ЕТТЕРІ ЖЕЛІНБЕЙТІН ЖАНУАРЛАР

Азу тістерімен қауып аулап, бөлшектеп жейтін және өзін қорғайтын жануарлардың еттері желінбейді. Қасқыр, аю, арыстан, қабылан, тиін, маймыл, шошқа, мысық, ит, піл, кесіртке, түлкі т.б. сияқты.

Есек және қашырдың еті желінбейді. Тырнақтарымен аң аулайтын, өлексе және лас нәрселерді жейтін құстардың еттері де желінбейді: бүркіт, қарақұс, ләйлек, құзғын, қырғи, жарқанат және қарға, т.б. сияқты.

Жаратылысынан жиіркенішті тышқан, шаян, жылан, кесіртке, құрбақа, қосмекенді тасбақа, кірпі, ұлу, жауын құрты, құрттар, шыбындар, қоңыздар, жәндіктер, ара және көбелектер желінбейді.

Балық бейнесінде емес теңіз жануарлары мен шаян, медуза, устрица және омар да желінбейді.

НӘЗІР ҚҰРБАНЫ

Нәзір – бір адамның жасауға міндетті емес нәрсені өзіне уәжіп қылуы.

Нәзір екіге бөлінеді:

1) Ештеңеге байланысы жоқ нәзір.

Бір адам “Алла разылығы үшін бір құрбандық шаламын” деп айтса, құрбандық шалу оған уәжіп болады және нәзірін қалаған уақытында орындайды.

2) Бір нәрсенің болуына немесе болмауына байланысты шалынатын нәзір құрбаны.

Мысалы: “Ауруым жазылып кетсе, Алла разылығы үшін бір құрбандық шаламын” деп айтқан адам ауруы жазылған кезде құрбандық шалуы – уәжіп. Айтқан ісі іске аспай тұрып құрбандық шалуы дұрыс емес.

Нәзір тек қана құрбан ретінде шалынатын жануарлар болады: тауық, қораз сияқты жануарлар нәзір құрбаны болмайды.

Нәзір құрбанының етінен атаған адамның өзі, жұбайы, әкесі, шешесі, ата, әже, балалары мен немерелері жей алмайды, нисаб мөлшерінде дүние-мүлкі және ақшасы бар бай, дәулетті болып есептелетін адамдар да жей алмайды. Нәзір құрбаны түгелдей кедейлерге таратылуы керек.

Өлген адам үшін құрбандық шалудың үкімі:

Өлген адам үшін құрбандық шалғысы келген адам мұны құрбан айт күндері шалуы керек. Мұндай құрбан етінен құрбандық шалған адамның өзі басқалары да жесе болады.

Егер құрбандық шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, бұл құрбанның етін мұрагерлері жей алмайды, бәрін түгелдей кедейлерге таратып беру керек.

АНТТЫҢ ТҮРЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҮКІМІ

Ант – сөздің құдіретін арттыру мақсатымен Алланың атын қосып айту.

Ант үш түрлі болады:

1) Лағу анты: Қателесіп айтылып қалған ант. Ақшасы бола тұра, жоқ деп ойлап қалып, байқамай “Уаллаһи, ақшам жоқ” деп ант ету. Мұндай антқа кәффарат бермесе де болады.

2) Ғамус анты: Біле тұра өтірік ант беру. Көрмеген нәрсені “Уаллаһи,  көрдім”, қарызын өтемесе де “Уаллаһи, өтедім” деп біле тұра өтірік ант ету. Бұлайша өтірік ант ету – үлкен күнә. Күнәсі кешірілуі үшін тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауы керек.

3) Мунақид анты: Болашақта бір нәрсе жасап  немесе жасамайтынына байланысты ант ету. “Уаллаһи, ертең қарызымды өтеймін”, “Уаллаһи, пәленшемен сөйлеспеймін” деп ант ету. Егер сөзінде тұрса, кәффарат керек емес. Ал егер сөзінде тұрмаса, жаза ретінде кәффарат беруі керек.

Анттың кәффараты:

Болашақта бір нәрсені жасап немесе жасамайтынына байланысты ант етіп, оны бұзған адам кәффарат ретінде он кедейді киіндіреді немесе он кедейге пітір садақасы мөлшерінде ақша береді. Мұны жасауға күші жетпегендер үш күн қатарынан кәффарат оразасын ұстайды.



[1]

 

Пікірлер