/>
Таң 06:22 Күн 07:38 Бесін 13:09 Екінті 16:50 Шам 18:35 Құптан 19:50

ИСЛАМ және АХЛАҚ (Әдеп)

25/05/2017 348422 0 Muftyat.kz

АХЛАҚ ДЕГЕН НЕ?

Ахлақ – адамның жан-дүниесінде қалыптасқан әдеттер. Бұл әдеттер көбіне іс-әрекетімізден көрініс береді.

Жан-дүниемізде қалыптасқан әдеттер екіге бөлінеді:

1) Жақсы әдеттер

2) Жаман әдеттер

Дене мүшелеріміздің іс-әрекеті жан-дүниемізбен тікелей байланысты. Болмысымызда жақсы әдеттер орын алса, қылықтарымыз жақсарады, бұлар көркем ахлақ деп аталады. Ал егер болмысымызда жа-ман әдеттер орнықса, қылықтарымыз да жаман болады. Оны жаман әдет немесе жаман ахлақ деп атайды. Іс-әрекеттеріміздің жақсы, парасатты болуы үшін жан-дүниемізді жаман мінез-құлықтардан тазарта отырып, өзімізді жақсы мінез-құлықтарға бауруымыз керек.

Топыраққа еккен тұқымға қарай өнім аламыз. Бидай тұқымынан би-дай өсіп шығатыны сияқты, арпаның дәнінен де арпа өсіп шығады. Демек, топыраққа қандай дән ексең, соған қарай өнім өсіп шығады. Осы сияқты жан-дүниеміздің түкпіріне жақсы мінез-құлықтардың тұқымын сепсек, бұл тұқым да дене ағзаларымызда жақсы іс-әрекеттерді іске асырады. Ал, егер жаман мінез-құлықтардың тұқымын сепсек, дене мүшелерімізді жаман іс-әрекеттерге итермелейді.

ИСЛАМДАҒЫ АХЛАҚ

Ислам дінінде ахлақтың маңызы үлкен. Исламның мақсаты – адамдарды игі ахлақ иесі қылып тәрбиелеп, кемелдендіру. Ислам – көркем мінез деген сөз. Пайғамбарымыз (с.а.у) былай деген:

“Мен адамгершілік мінезді толықтырып, кемелдендіру үшін жіберілдім.”[1] Мұсылманға берілетін баға оның парасаттылығымен өлшенеді. Пайғамбарымыз:

“Сіздердің маған ең сүйкімділерің және қиямет күнінде маған ең жақындарыңыз – ахлағы көркем болғандарыңыз.”[2] дейді.

Пайғамбарымыздан:

“Алла жанында ең сүйікті құлдар кімдер болады?” деп сұрады.

Сонда:

“Ең көркем ахлаққа ие болғандары”, – деп жауап береді. Ғибадаттар қалай дініміздің әмірі болса, ахлақи міндеттерді орындау да дініміздің әмірі. Исламдағы ғибадаттардың негізгі мақсаты – адамдарды жаманшылықтан тыйып, ізгі ахлақты болуға тәрбиелеу.

ІЗГІ АХЛАҚ ИЕСІ БОЛУДА ИМАН МЕН ҒИБАДАТТЫҢ РӨЛІ

Шынайы иман еткен адам барлық іс-әрекеттерін Алланың көріп, періштелердің  жазып отыратынына сенеді. Дүниеде істеген әрбір қылығына қиямет күні жауап беретінін біледі. Жақсылық жасағандардың сый көретініне, ал жаманшылық жасағандардың жазасын тартатынына иланады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

Кімде-кім титтей жақсылық жасаса, оның сыйын алады, ал кімде-кім титтей жамандық жасаса, оның жазасын тартады.” [3]

Шынайы иман адамды жаманшылықтан алыстатады, жақсылық жасауға итермелейді. Жан дүниесі иман мен жауапкершілік сезімдерінен алыс болған адамдар тек бас пайдасы үшін жақсылық жасайды. Олар қолынан келгенше жамандық жасауға тырысып бағады.

Ал, жүрегі иманға толы мұсылман барлық іс-әрекетіне көңіл аударып, мұқияттылық танытады. Ешкімге жамандық істемейді. Қолынан келгенше жақсылық жасауға тырысады. Ғибадаттар жүрегіміздегі иманды арттырады, парасатты болуымызды қамтамасыз етеді.

Бес уақыт намаз бізге үнемі Алланы еске салып, әртүрлі нашар іс-әрекеттерден тияды. Ораза болса, мейірімділік сезімдерін оятып, қолымызды харам нәрселерден, тілімізді жалған, өтіріктерден сақтайды. Зекет, сараңдықтан құтқарып, басқаларға жақсылық жасап, жәрдем беру сезімдерін тудырып, қоғамға пайдалы адам болуға шақырады.

Осылай ғибадаттармен азықтанған иман, дене мүшелерімізде парасаттылық жемістерін беріп, шынайы адамгершілік құндылықтарын сіңіреді. Парасатсыз адамдар болса – гүл ашпайтын, бүршік жармайтын жеміссіз ағаш іспеттес.

ЕҢ ТАМАША АХЛАҚ ҮЛГІСІ – ХАЗІРЕТ МҰХАММЕД (АЛЛАНЫҢ ОҒАН САЛАУАТЫ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН)

Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) – Алланың тәрбиесінде болған, көркем ахлаққа ие пайғамбар. Ол мінез-құлқын Құраннан алып, барша игілік-терді бойына сіңірген. Хазірет Айшадан пайғамбарымыздың адамгершілігі, мінез-құлқы жайында сұрағанда, былай деп жауап берген:

“Оның мінез-құлқы – Құран”[4]

Пайғамбарымыз ахлақи міндеттерді үйреткен әрі өзі іс жүзінде көрсетіп үлгі болған. Ол ешқашан туралықтан, шындықтан, жақсылықтан бір сәт ажырамаған, тамаша мінезімен, іс-әрекеттерімен басқаларға үлгі еді. Алла Құранда: “Алланың расулының бойында сіздер үлгі алатындай тамаша өнеге бар”[5] дей отырып, пайғамбарымыздың өмірінен үлгі алуға шақырған. Біздің міндетіміз – пайғамбарымыздың парасаттылық пен адамгершілікке толы өмірін біліп, үйреніп, оны өзімізге үлгі тұту.

ЖЕКЕ АДАМДАР ҮШІН АХЛАҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Білетініміздей, қоғам – отбасынан басталады. Отбасы – жеке адамдардан тұрады. Олай болса, бір ұлттың күшті болуы, береке-бірілік ішінде өмір сүруі жанұяның берік болуына байланысты. Отбасының береке-бірлігі отбасындағы жеке адамдардың парасатты іс-әрекеттеріне байланысты.

Сондықтан қоғамды құрайтын жеке адамдардың парасатты болғаны үлкен мәнге ие. Шіріген тақтайлардан берік кеме жасалмайтыны сияқты парасатсыз, жауапкершілік сезімдерінен жұрдай болған адамдардан күшті-қуатты қоғам құрылмайды.

КӘСІП және АХЛАҚ

Еңбек ету – дініміздің әмірі. Кез-келген мұсылман күн көру әрі ешкімге мұқтаж болмай өмір сүру үшін еңбектенуі қажет. Адамдардың еңбек ететін салалары, табыс табу жолдары әр түрлі. Еңбектеніп, табыс табуда мынаған мән беру керек: Табысымызды адал жолмен тауып, нәсібемізге харам араластырмау.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):

“Адамның дүние-мүлкін қалай тауып, оны қайда жұмсағаны қиямет күнінде сұралатынын.”[6]айтқан. Ал табысын харам жолдармен тапқандарға былай деген:

“Бір мұсылманды алдаған, оған зиян тигізген және айла жа-саған адам – бізден емес”7

Еңбегін адал жолдармен тапқандарға мына сүйінішті хабарды жеткізеді:

“Саудада шындықтан, туралықтан бір сәт айырылмаған адам қиямет күні пайғамбарлардың жанынан орын алып, солармен бірге болады.”[7]

Адалдық – мұсылман үшін маңызды ахлақи қағида. Мұсылманға, қызмет бабында шындықтан алыстамау, адамдарды алдамау, алаяқтық жасамау, көлеңкелі кәсіптің барлық түрінен аулақ болу, тек қана адал, таза жолдармен табыс табу жарасады.

Өндірушінің міндеті – жақсы және сапалы өнім өндіру. Жұмысшы мен қызметкердің міндеті – өздеріне берілген істерді кемшіліксіз орындау. Жұмысшы адам “мені ешкім көріп тұрған жоқ” деп міндетіне немқұрайлықпен қараса, адалдықтан айырылып, арам ақша тапқан бо-лады. Бұған дініміз тыйым салған. Басқаның ақысын жеу – міндетін, қызметін дұрыс атқармауды білдіреді. Бұндай әрекет жасағандардың еңбектері босқа кетеді. Бұдан мемлекет зиян шегеді әрі адамдардың бір-біріне деген сенімі азаяды.

Жүрегі таза парасатты адам қызметін дұрыс атқарады, ешкімді алдамайды, алаяқтық жасамайды. Мойнына алған міндетін адал атқарып, өзіне әрі айналасындағыларға пайдасын тигізеді.

МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Бала дүниеге пәк болып келеді. Ата-ана жақсы тәрбие берсе, парасатты, адамгершілігі мол болып өседі. Ал егер жақсы тәрбие көрмей, жаман мінез-құлықтарға бой алдырса, онда одан адамгершілік күтуге болмайды.

Денеміздегі ауруды дәрімен емдесек, ал бойымыздағы жаман қылықтарды адамгершілік пен көркем мінез үйрену арқылы кетіреміз.

Пайғамбарымыз: “Мінез-құлықтарыңды дұрыстаңдар” дей отырып, жаман мінез-құлықтың түзелетінін айтқан.

Жұқпалы ауруы бар науқаспен бірге жүрген адам дәл сондай кеселге ұшырауы мүмкін. Мінез-құлқы нашарлармен жолдас болған адамдар да уақыт өте келе жаман мінезге түсіп кетеді. Сол себепті ізгі ахлақ иесі болып, өзінің жақсы мінез-құлқын сақтау үшін, ізгі ахлақты үйренуімен қатар білімді, жақсы мінезді адамдармен араласуы керек, ал әдепсіз адамдарға жуымаған жөн.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жақсы адамдармен жолдас болуды әтір сулар сатылатын дүкенде отырғанға ұқсатады. Дүкеннің қожайыны оған ештеңе ұсынбаса да ол жердің хош иісінен әсерленеді. Жаман адамдармен жолдас болуды темірші ұстаханасына ұқсатады. Ол жерде отырған кісіге оттың бір ұшқыны шашырайды, я болмаса иісі мазасын алады (Жамиғус-сағир).

Міне, осы сияқты жақсы адамдармен жолдас болғандарға жақсылардың әдептілігі әсер етеді. Ал жаман мінезді адамдармен достасқандарға олардың жаман қылықтары әсер етіп, уақыт өте ол адамның да мінез-құлқы бұзылып, жаман жаққа өзгереді.

Біздің міндетіміз жора-жолдас таңдағанда абай болу, жақсы әрі білімділермен дос болу, олардан жақсы өнеге алу, жаман адамдардан аулақ болу. Бірақ оларды сол нашар әдеттерінен арылту мақсатында олармен араласып, адамгершілікке, парасаттылыққа тарту қажет.

ИСЛАМНЫҢ АҚЫЛ МЕН БІЛІМГЕ МӘН БЕРУІ

Ақыл – Алланың адам баласына берген үлкен сыйы. Адам жақсы мен жаманды ақылмен ажыратады. Ақыл – адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін үлкен қасиет.

Дінімізде жауапты (мүкәлләф) болу үшін ақыл-есі дұрыс болуы шарт. Иман мен ғибадатта алғы шарт – ақыл. Ақыл-есі дұрыс еместерге діни әмірлердің жүктелмейтіндігінің өзі-ақ ақылдың Ислам дініндегі маңыздылығын көрсетеді. Бірақ ақылдың шынайы құндылығы адамға пайдалы болуы, оны дұрыс жұмыс істетуге байланысты. Ақылға жү-гінбегендер Құран Кәрімде айыпталады. Ақыл – маңызды білім құралдарының бірі.

Ислам ақылмен қатар білімге де үлкен мән береді. Ислам – үнемі оқып, білім алып, үйренуді әмір еткен. Құран Кәрімнің алғашқы аятының “Оқы!” деген бұйрықпен басталуы бізге білімнің аса маңызды екенін көрсетеді. Білім және ғалымдардың орнын Алла Тағала былай баяндайды:

“(Әй, пайғамбарым!) Сен айт: Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?”.[8] Пайғамбарымыз да білім үйренудің мұсылмандар үшін өте маңызды парыз екенін көрсете отырып, былай дейді:

“Ілім үйрену – ер-әйел барлық мұсылманға парыз.”[9]

Осыған сәйкес аталарымыз білімге аса мән беріп, ғалымдарға құрметпен қараған.

Бір патша Мысырдан қайтқан бетінде атақты дін ғалымы Ибн Кәмалмен бірге балшықты жерден өтіп бара жатады. Осы мезет Ибн Кәмалдың атының аяғынан шашыраған балшық патшаның киімін ластап, ғалым бұған қатты қысылады.

Ұстазының ыңғайсызданғанын көрген патша:

“Қысылманыз ұстаз! Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық – біз үшін әшекей. Осы былғанған шапаным балшығымен сақталып, өлгенде табытымның үстіне қойылсын” – деп өсиет айтып, ға-лымға деген құрметін білдірген.

 


[1] Кәшф әл-хафа, І-том, 211-бет

[2] Риязүс-салихин, ІІ-том, 54-бет

[3] Зілзәлә сүресі, 7/8 аяттар

[4] Шәрх әш-шифа, Алиул-Қари, І-том, 222-бет

[5] Ахзаб сүресі, 21-аят

[6] Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том, 125-бет

[7] 250 хадис”, 62-бет

[8] Зумар сүресі, 9-аят

[9] Мишкатул мәсабих,1-том, 233-бет