/>
Таң 04:30 Күн 05:55 Бесін 13:00 Екінті 17:54 Шам 19:57 Құптан 21:22

АХЛАҚИ МІНДЕТТЕРІМІЗ

25/05/2017 553364 0 Muftyat.kz

АХЛАҚИ МІНДЕТТЕРІМІЗ

Ислам дінінде ахлақи міндеттер бесеу:

1) Алла, пайғамбар және Құран алдындағы міндеттеріміз

2) Жеке басымызға байланысты міндеттеріміз

3) Отбасы алдындағы міндеттеріміз

4) Отан және ұлтымыз алдындағы міндеттеріміз

5) Барлық адамдар алдындағы міндеттеріміз

1 – АЛЛА, ПАЙҒАМБАР ЖӘНЕ ҚҰРАН АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІМІЗ

А- Алла алдындағы міндеттеріміз:

Бізді жоқтан бар етіп, тамаша дене мүшелерін берген, жер бетіндегі барлық нәрсені біз үшін жаратқан – Алла. Адамға берілген бұл артықшылықтар мен ерекшеліктер басқа ешқандай тіршілік иелеріне берілмеген. Сондықтан осы жақсылықтарға шүкірлік ретінде орындауымыз қажетті міндеттер бар.

Бұл міндеттер мыналар:

а) Алланың бар және бір екендігіне сену;

ә) Ғибадаттарымызды орындау;

б) Алла әмірлеріне бағынып, тыйым салған істерден бойды аулақ ұстау;

в) Аллаға деген сүйіспеншілікті басқадан жоғары ұстау;

г) Алланың атын құрметпен еске алу;

д) Берген нығметтеріне шүкіршілік ету.

Ә – Пайғамбар алдындағы міндеттеріміз:

Алла Ислам дінін адамдарға жеткізу міндетін Хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) жүктеген. Пайғамбарымыз адамзаттың игілігі үшін көп еңбек сіңірді. Осы жолда көптеген қиыншылықтарға ұшырады. Соңында Ислам нұры жер жүзін жарыққа бөледі. Адамдар бақытқа кенелудің жолдарын үйренді. Сондықтан:

а) Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) соңғы әрі ұлық пайғамбар екендігіне иман келтіру;

ә) Расулды жақсы көріп, аты аталғанда салауат айту;

б) Ол көрсеткен жолмен жүру;

в) Расулдың жақсы қасиеттерін үлгі тұту. Бұлар пайғамбарымыз алдындағы міндеттеріміз.

Б – Құран алдындағы міндеттеріміз:

а) Құран Кәрімнің пайғамбарымыз арқылы Алла жіберген соңғы кітап екеніне сену;

ә) Құранды қағидаларына сай мәнерлеп оқу;

б) Мағынасын түсінуге тырысу;

в) Құран оқығанда және тыңдағанда құрмет көрсету;

г) Құранның бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтану.

2 – ЖЕКЕ БАСЫМЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ МІНДЕТТЕРІМІЗ

Адам – дене мен рухтан (жаннан) құралған тіршілік иесі. Жеке басымыз алдындағы міндеттерді екіге бөліп қарастыруға болады.

1) Тәніміз алдындағы міндеттеріміз.

2) Рухымыз (жанымыз) алдындағы міндетіміз

А – Тәніміз алдындағы міндеттеріміз:

а) Дұрыс тамақтану: Тамақтанғанда мұқият болып, дұрыс тамақтану керек. Өйткені тәніміздің саламатты әрі мықты болуы осыған байланысты. Құран Кәрімде былай делінген:

“Әй, адамдар, жер жүзіндегі таза әрі адал рызықтарды жеңдер.” [1]

Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Күшті, қуатты мүмин әлжуаз мүминнен қайырлы және Алла алдында сүйкімді.”[2] дей отырып, мұсыл-манның қуатты, күшті болуы керектігін айтқан.

ә) Денсаулығымызды қорғау: Тәнімізді аурулардан қорғай отырып, қажетті шараларын орындау міндет. Сондықтан қандай да бір ауруға шалдыққанда емделу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жөнінде былай дейді:

“Әй, Алланың құлдары! Емделіңдер. Өйткені, Алла әр дерттің емін қоса жаратқан.”[3]

Ислам діні тәнімізге зиянды болып табылатын ішімдіктер мен есірткілерді қолдануға тыйым салып, денсаулығымызға қауіпті әртүрлі нәрселерден сақтануды бұйырған.

Алланың адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі – ден-саулық. Адам өмір бойы осы нығметті қорғауға жауапты. Денсаулығы дұрыс болмаған адам жақсы өмір сүре алмайды, құлшылық та атқара алмайды. Сондықтан халқымыз: “Денсаулық – зор байлық” деген.

Денсаулығымыз мықты кезінде қадірін біліп, аурусырқаудың алдын алған жөн. Өйткені, адамдар көбінесе нығметтің қолда барда қадірін біле бермейді. Пайғамбарымыз бұл турасында былай дейді:

“Екі нығмет бар, адамдардың көбі бұл турасында алданған. (яғни  бұлардың қадірін білмейді.) Бірі денсаулық, екіншісі бос уақыт”[4]

Әрі дүние, әрі ақырет бақытына қол жеткізуіміз денсаулығымызға байланысты. Сол себепті, дініміз денсаулық мәселесіне көңіл бөліп, аурулардың алдын алуды талап етеді. Науқастанған жағдайда емделуді әмір етеді.

Дұрыс тамақтанып, тазалыққа баса назар аударып, денеміздің қуатты болуына атсалысуымыз керек. Пайғамбарымыздың: “Күшті мүмин әлсіз мүминнен қайырлы әрі Аллаға  сүйкімдірек” деген сөзін ұмытпаған жөн.

Қатты шаршаудан, ұйқысыздық, ішімдік ішу, ауасы ластанған жерде болу, санитарлық талапқа сай емес тамақ жеу, су ішу сияқты денсаулығымызға зиянды нәрселерден сақтанып, жұқпалы аурулар таралған жерлерден аулақ тұру керек. Қажет болған жағдайда мамандардың кеңесін тыңдап әсіресе балалардың екпесін уақытында жасатуымыз қажет.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Арыстаннан  қашқандай  алапес  ау-руынан қашыңыз” дей отырып жұқпалы ауруға шалдыққан адамдардан ұзақ болуды әмір еткен[5]

Екінші бір хадисінде: “Бір жақта оба ауруы бар деп естісеңдер, ол жаққа бармаңдар” деп бұйырған және де жұқпалы ауруларға қарсы мұқият болуды ескерткен[6]

Пайғамбарымыздың: “Алла Тағала қандай ауру жаратса, оның емін де қоса жаратқан, емделіңдер” деген сөзі де бар. Қандай да бір ауруға душар болған жағдайда, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып емделу де дініміздің әмірі екендігін көрсетеді.

Пайғамбарымыз өзі де емделген және емделу мақсатында сол заманға сай кейбір нәрселердің еміне жүгінуге кеңес берген.

Ислам діні емделуге көңіл бөлгендіктен мұсылмандар арасынан көптеген медицина ғалымдары шыққан. Ибн Сина және Әбу Бәкір Рази сияқты ғалымдардың медицина жайында жазған кітаптары Европада ғасырлар бойы оқытылып келеді.

Емделу тәуекелге қарсы емес. Керісінше нағыз тәуекел – ауырған адамның қолдан келген әртүрлі емделу шарасын орындағаннан кейін Алладан шипа тілеу. Әйтпесе, еш емделмей “Аллаға тәуекел” деу дұрыс емес, ол исламдағы тәуекел ұғымын қате түсіну. Бұл тұқым сеппестен егін сұрағанға ұқсайды. Сондықтан бұндай түсініктің тәуекел-мен байланысы жоқ.

Дүниеде әр нәрсе бір себепке байланған. Алдымен себептерді орындап сосын нәтижесін күтеміз. Дәріні тауып қолдану – себепті орындау, ал науқастан айығу – осының нәтижесі. Уақыты келгенде егінге тұқым себу – себеп, егін орып, астық алу соның нәтижесі.

б) Тазалық сақтау: Тәніміз алдындағы міндеттеріміздің бірі – тазалық. Мұсылманның тәні, киімі және қоршаған ортасы, айналасы таза болу керек. Тазалық – денсаулық кепілі. Пайғамбарымыз:

“Тазалық – иманның жартысы”[7] деп, дініміздегі тазалықтың рөлін қадап айтқан.

Өзі тіс тазалығына да аса мән берген, бізге тісімізді тазалауға кеңес бере отырып, былай деген:“Сендерге не болған, тістерің сарғайып, менің қасыма келесіңдер? Мисуак қолданыңдар”[8]

2 – Рухымыз алдындағы міндеттеріміз:

а) Рухымызды негізсіз, жалған сенімдерден тазарту;

ә) Дұрыс әрі берік сенім орнықтыру;

б) Дұрыс әрі пайдалы біліммен қаруландыру;

в) Жаман ойлар мен жағымсыз мінез-құлықтардан тазарту;

г) Жақсы ойлар мен тамаша мінез-құлықтарға баулу;

Рухымызды мына жаман мінез-құлықтардан тазартуымыз керек:

Дұшпандық, ашу, басқаларды қызғану, өтірік айту, сөзінде тұрмау, екі  жүзділік,  ұятсыздық,  құрметсіздік,  тәрбиесіздік,  мейірімсіздік, қорқақтық, жалқаулық, сараңдық, менмендік, зұлымдық, әділетсіздік, аманатқа қиянат жасау, сабырсыздық, дөрекілік, жүрегі қатты болу т.б.

Жанымызға мынадай тамаша мінез-құлықтарды серік ету керек:

Достық, мейірімділік, шыншылдық, батылдық, еңбекқорлық, сабырлылық, ұят, үлкендерге құрмет, адамдарды жақсы көру, сөзінде тұру, нәзіктік, жұмсақ мінезді болу, әділеттілік, әдептілік, тәрбиелілік, кешірімшіл болу, кішіпейілділік, ашуын жеңу, тіліне ие болу, адамдарға және тіршілік иелеріне жанашырлық таныту.

ТАМАҚТАНУ КЕЗІНДЕГІ АХЛАҚ ҚАҒИДАЛАРЫ

1) Жейтін, ішетін нәрселердің адал болуы;

2) Тамақтан бұрын және кейін қол жуу;

3) Тамақты бастағанда “бисмилләһ”, біткенде “әлхамдулилләһ” деу;

4) Тамақты өз алдынан және оң қолымен жеу;

5) Тамақты аузына шақтап алып, оны жақсылап шайнағаннан кейін жұту;

6) Аузында тамақ барда сөйлемеу;

7) Аузындағыны жұтпайынша, басқасын аузына салмау;

8) Суыту үшін тамақты үрлемеу;

9) Су ішкенде ыдыстың ішіне үрлемеу;

10) Жиіркендіретін сөздер айтпау және орынсыз әрекеттер жасамау;

11) Тамақты ысырап қылмау, табағына жей алатындай ғана тамақ салу, салған тамағын тауысу;

12) Көпшілік тамақтанып отырғанда, барлығы тамағын бітірмейінше дастарханнан тұрмау;

13) Тамаққа әуелі үлкендердің бастауы;

14) Көшеде тамақ жемеу.

ТІЛДІҢ ТӘРБИЕЛЕНІП, ТҮЗЕТІЛУІ

Жеке басымыз алдындағы міндеттеріміздің бірі – тілімізді тәрбиелеу. Аузымыздан өтетін асқа абай болғанымыздай, аузымыздан шығатын сөздерге де абай болуымыз керек. Ислам діні бізге әңгімелесудің, сөз сөйлеудің әдебін үйретеді.

Сөйлесу кезіндегі ахлақ қағидалары мыналар:

1) Айтатын сөзінің соңын ойлап, соған қарай сөйлеу;

2) Дүние және ақырет үшін пайдасы жоқ сөздерді айтпау;

3) Сөзімен ешкімді ренжітпеу, әңгімелесіп отырғанда басқалардың сөзін бөлмеу;

4) Адамдармен дәрежесі мен мәртебесіне қарай сөйлесу;

5) Біреуді мақтағанда асыра мақтамау;

6) Үлкендердің жанында дауысын көтеріп сөйлемеу;

7) Мылжың сөздер айтпау;

8) Сөйлескен кезде ернін шошайтпау, тым білгішсінбеу, басқалардың сөзінен мін іздемеу;

9) Тілін жаман сөздерге үйретпеу, өтірік ант ішпеу, өзгелерді жамандайтын сөздер айтпау;

10) Біреулерді келемеждемеу, біреуге жаман ат тақпау;

11) Айтылмайтын сырларды әшкере етпеу.

12) “Құтылу жолы бар ма?” деп сұрағанға пайғамбарымыз: “Тіліңе ие бол!” деп жауап берген екен[9]. Сахабаларының бірі: “Қорқуға тиісті ең қауіпті нәрсе не?” деп сұрағанда, сүйікті пайғамбарымыз тілін қолымен ұстап: “Міне, мынау”[10] деп жауап берген.

Тағы бір хадисінде былай деген: “Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам не жақсы сөз айтсын, не болмаса үндемесін” [11]

Демек, көріп отырғанымыздай, тілге ие болу, айтар сөзімізге абай болу – өте маңызды ахлақ қағидасы.

ЕНЕ МҮШЕЛЕРІМІЗДІҢ ТӘРБИЕСІ

Тілімізден кейін, басқа дене мүшелерімізді тәрбиелей отырып іс-әрекеттерімізді түзету, дене мүшелерімізді адамгершілік қағидала-рына сәйкес қолдану – жеке басымыздағы міндеттердің бірі. Бұл міндеттер қысқаша мыналар:

1) Қол-аяқты харамнан, басқаларға зиян тигізетін әрекеттерден сақтау;

2) Өзінікі емес нәрсеге жаман көзбен қарамау, басқалардың мінін іздемеу, сұқтанып қарап өзгелердің мазасын алмау;

3) Құлағымен өтірік, ғайбат, дүние мен ақырет үшін пайдасыз сөздерді тыңдамау.

4) Біреудің мал-жаны мен намысына тимеу.

Оқу мәтіні:

Дініміз еңбек етіп, адал табыс табуды әмір етіп, тапқан-таянғанымызды ысырап етуге және пайдасыз жерге жұмсауға тыйым салған.

Құран Кәрімде былай бұйырылады:

“Жеңдер, ішіңдер бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені, Алла ысырап етушілерді сүймейді”[12]

Ысыраптың харам екендігі айқын түрде білдіретін осы аяттың соңындағы “Өйткені, Алла ысырап етушілерді сүймейді” деуі мұсылмандар үшін маңызды ескерту. Әлбетте, ешбір мұсылман Алланың сүймеген адамы болуды қаламайды.

Дініміз сараңдықтан да аулақ болуды, әрқашан өмірде орта және ақылға қонымды жолды ұстануды әмір етеді.

Құран Кәрім Алланың мейіріміне лайық болған жақсы құлдың өмір-де осы жолда жүргендер екендігін былайша баяндайды:

“Олар (дүние) жұмсағанда ысырап та етпейді, сараңдық та жасамайды, екеуінің арасында орта жолды ұстайды.”[13]

Қарап отырсақ, дініміз бізге табысты қалай табуды үйреткені сияқты, қалай жұмсауды да үйреткен. Біздің міндетіміз

– Раббымыздың әмірлеріне, пайғамбарымыздың өсиеттеріне құлақ асып, соған сай, артық кетпей және тепе-теңдікті ұстай отырып өмірімізді реттеу.

Тапқан-таянғанын қалай болса солай шашатын, шығысы мен кірісін есептемей, тапқанынан көп жұмсайтын адам, өмірінде қалаған дәрежесіне жете алмайды және ондай жанұяда береке болмайды. Мал-мүлкімізді, ақшамызды өз қажеттіліктеріміз бен қоғамның пайдасы үшін жұмсауымыз қажет.

Бір жанұядағы жағдай осындай болғаны сияқты ұлт ішінде де дәл солай. Ысырап – ұлттың өсіп-өркендеуіне кері әсерін тигізеді, жеке адамдар мен қоғамды құлдырауға әкеп соқтырады және де еңбектің босқа кетуіне себеп болады.

Еліміздегі негізгі қорек болып табылатын нанның қаншалықты ысырап болып жатқанын ойласақ ойлантарлық жайт. Негізінен қоқысқа лақтырылып жатқан тек нан емес. Ойлансақ, диқанның маңдай тері, оны нан қылғанға дейінгі істегендердің еңбегі және са-тып алушының ақшасы да ысрап болып жатыр.

Пайғамбарымыз нанды қастерлеуді өсиет еткен. Егер нанды лақтырсақ, сол өсиетті орындамаған боламыз әрі нанды қастерлемеген боламыз. Табаққа жей алатынынан артық тамақ құйып артығын төгу, қажеттен тыс электр жарығын жағу, шүмектен артық судың ағуы да ысырап. Ешкімнің осыларды мөлшерден тыс қолданып ысырап етугеқақысы жоқ.

Уақытты бос өткізу де ысырап. Өзінен тұрмысы жағынан жоғарғыларға еліктеп, қарапайым киімдерін тастап қымбатын алу, әр күн ауысатын моданы қуамын деп қарызға бату да ысырап. Бұлар дініміздің орташа өмір сүру үшін қойған принциптеріне кереғар, әлеуметтік теңдікті жоятын және экономиканы құлдырататын іс-әрекеттер болып табылады.

Дамыған елдер – тынбай еңбек ететін және тапқан табысын орынды жұмсайтын, ысыраптан қашатын елдер болып саналады.

Мүмкіншіліктерімізді, уақытымызды, табысымызды, жер асты және жер үсті байлықтарымызды орынды пайдалануымыз, ие болған нығметтердің қадірін білуіміз, ысыраптан, қалай болса солай пайдаланудан сақ болуымыз қажет. Осылай жасасақ, ұлт болып, дамыған елдердің қатарына қосыла аламыз.

Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Орнымен жұмсаған кедей болмайды”[14] дей отырып, біздің өмірімізге қажет маңызды бір қағида қойып кеткен. Ысыраптың зияны тек қана дүниеде емес екендігін ұмытпағанымыз жөн.

Өмірін және мал-мүлкін дұрыс қолданбағандар қиямет күні осылардың есебін береді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай бұйырады: “Қиямет күні адам төрт нәрседен сұраққа тартылмай Алланың алдынан кетпейді:

1) Өмірін қайда өткізгендігі;

2) Денесін қай жерде қолданғандығы;

3) Мал-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағандығы;

4) Білімімен қандай амал жасағандығы.”[15]

 


[1] Бақара сүресі, 168-аят

[2] Машариқұл-ануар”, ІІ том, 112 бет

[3] Жамиғ әс-сағир

[4] Жамиғус-сағир, “Нун” тармағы

[5] Бұхари, “Тыб”

[6] Кәшфул хафа, 1-т., 104-бет

[7] (Мәшәриқұл-әнуар, ІІ-том, 107-бет)

[8] (Бәйһақи риуаяты, Мисуақ: Сауда Арабстанда өсетін “Әрақ” ағашының бұтақтарынан

жасалған тіс щеткасы. Бүгіндері жасалған тіс щеткасы “мисуак” орнында. Мақсат

тістерді таза ұстау).

[9] Риязүс-салихин”, ІІІ том, 107-бет

[10] Риазүс-салихин”, ІІІ том, 106-бет

[11] Риазүс-салихин”, ІІІ том, 103-бет

[12] Ағраф сүресі, 31-аят

[13] (Фурқан сүресі, 67-аят).

[14] Кәшфүл хафа, 2-том, 189-б

[15] Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, 1-том, 125 б