/>
Таң 03:42 Күн 05:19 Бесін 12:52 Екінті 18:04 Шам 20:19 Құптан 21:57

ОТБАСЫ АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІМІЗ

25/05/2017 115485 6 Muftyat.kz

ИСЛАМДА ОТБАСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Ата-ана және балалардан тұратын кішкене адамдар қауымы "отбасы" деп аталады. Отбасының бірлесуінен ұлт пайда болады. Ұлт үшін отбасының маңызы зор. Өйткені, ұлттың кемелденуі жанұяның біртұтастығына байланысты. Отбасы бақытты және шаттыққа толы болса, ұлт та күшті әрі қуатты болмақ.

Жанұя ұлтты құрайтын және оның рухани дәстүрлерін үйрететін мектеп секілді. Ұлы Жаратушымыз, Отанымыз және ұлтымыз алдындағы міндеттеріміз алдымен осы жанұяда үйретіледі. Балалар жанұяда үлкендердің іс-әрекеттерін қайталап, рухына орнықтырып, әдетке айналдырады. Осылайша, баланың адамгершілік табиғаты мен тұлғасы қалыптасады.

Адамдардың әрекеттерін фотоаппарат сияқты қабылдайтын баланың таза рухында жақсы нәрселер орнығуы үшін жанұя мүшелері әрдайым жақсы әрекеттер жасауы керек. Сол себептен жанұя мүшелерінің бір-бірі алдындағы адамгершілік міндеттері мен жауапкершіліктерін орындауының маңызы зор. Жанұяның бақыты мен ұлттың болашағы осыған байланысты.

ЖАНҰЯ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӨЗАРА МІНДЕТТЕРІ

Жанұяның негізі – ерлі-зайыптылар. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:

“Естеріңде болсын, сендердің әйелдеріңде және әйелдеріңнің де сендерде хақы бар”[1]

А – Ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы міндеттері:

1) Ең алдымен ерлі-зайыптылар арасында өзара сүйіспеншілік болу керек.

2) Отағасы жанұясының тамағын, киімін және басқа да қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін еңбектенуі, адал табыс табуы керек.

3) Отағасы жанұясының діни және адамгершілік міндеттерін орындауына ұйытқы болып, кемшіліктерін толықтырып отыруы керек.

4) Ер адам әйеліне нәзік, жұмсақ болуы, дөрекілікпен ренжітпеуі керек.

Бұл жайында пайғамбарымыз былай дейді:

“Мүминдердің ішінде иманы кәміл дәрежеде болғандар – мінез-құлқы көркем болғандар. Сендердің араларыңдағы ең жақсы адам – әйелдеріне жақсы қарағандарың”[2]

Әйел күйеуіне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарауы, үй шаруасында, бала тәрбиесінде жұбайына көмектесуі керек.

1) Әйел үнемшіл болып, жұбайының тапқанын ысырап етпей, үйге ие болуы керек.

2) Әйел үйін, жанұясын ойлап, ар-ұятын қорғауы керек.

Пайғамбарымыз былай дейді:

“Әйел бес уақыт намазын оқып, Рамазан оразасын ұстап, арын сақтап, күйеуіне бағынса, оған қалаған есігіңнен жәннатқа кір деп айтылады”[3]

“Бір әйел күйеуі өзінен разы болған күйде өлсе, жәннатқа кіреді”.

 

Ә – Ата-ананың балалары алдындағы міндеттері:

Жанұяның көркі мен бақыты, шаттығының көзі болып табылатын бала – ата-анаға Жаратушының берген аманаты. Ата-ана бала тәрбиесіне Алла алдында және халық алдында жауапты. Ата-ананың балалары алдындағы басты міндеттері мыналар:

1) Балаларын дені сау етіп өсіру, оның тән мен жан сұлулығын қорғау;

2) Балаларына арам нәрселерді жегізбеу.

Пайғамбарымыз: “Алла жолында жұмсалған қаржылардың ең сауаптысы – жанұя мүшелеріне жұмсалғаны”[4] деген.

“Бір адамның өз қамқорлығындағы жандарға селқос қарауы оның күнәһар болуына жеткілікті”[5] деп ескерту де жасаған.

3) Баласына жақсы ат қою;

4) Баласын жақсы тәрбиелеп, оған ахлақ тұрғысынан үлгі болу;

Пайғамбарымыз: “Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұра-сы – оны жақсы тәрбиелеуі” дей отырып, бала тәрбиесінің қанша-лықты маңызды екенін атап көрсеткен.

5) Баласына намаз оқытуы, басқа да діни және ахлақи міндеттерін үйрету;

6) Баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп тәрбиелеу;Хазірет Әли былай деген: “Балаларыңды өз заманына сай тәрбие-леңдер, өйткені олардың уақытында сендер болмайсыңдар”.

7) Балаларды жақсы көріп, оларға әр кез көңіл бөлу, өйткені олар қарнының тоқ болуымен қатар сүйіспеншілікті де қажет етеді.

8) Балаларды жақсы көргенде, оларды бөліп-жармау, тең және әділетті болу;

9) Үйленетін шаққа келгенде балаларын үйлендіру.

Б – Балалардың ата-ана алдындағы міндеттері:

1) Ата-анаға жақсылық жасау;

2) Күн көрісі қиын болса оларға көмектесу;

3) Ата-ананың ешқашан сөзбен не қылығымен ренжітпеу, тіпті “түһ” демеу;

4) Aта-анаға жылы шыраймен қарап, жылы сөйлеу. Олардың жүздеріне ашулы немесе қабақ түйіп қарамау;

5) Шақырғанда лезде жетіп бару;

6) Алланың бұйрықтарына қарсы болмайынша, ата-ана әміріне мойынсұну және орындау;

7) Кез-келген істе олардың ризалығын алу;

8) Олардың қасында дауыс көтеріп сөйлемеу;

9) Ата-ананың қартайған шақтарында жандарында болып қолғабыс жасау, шын көңілмен орындап ризашылығын алу;

10) Жолда кетіп бара жатқанда алдын кеспеу;

11) Олардың рұқсатынсыз еш жерге бармау;

12) Өмірден озғанда оларды құрметтеп еске алып, дұға қылу, артынан қайырлы істер жасау, өсиеттерін орындау, тірісінде араласқан кісілеріне жақсылық жасау, марқұмдарға жаман ат келтірмеу.

Ата-ана ақылары жайында пайғамбарымыз былай дейді:

“Алланың жақсы көретін амалы – уақытында оқылған намаз бен ата-анаға жақсылық жасау.”[6]

“Қиямет күнінде Алла жүздеріне қарамайтын кісілердің бірі – ата-анасына қарсы келген кісі.”[7]

“Алла барлық күнәлардан қалағанының жазасын қиямет күні-не қалдырады. Бірақ ата-анаға көрсетілген қарсылықтың жаза-сын өлместен бұрын тартқызады”.

 

Оқу мәтіні:

Анасына қарсы келген азаматтың соңғы демінде иманын айырылып қалу қатеріне ұшырауы...

Абдулла ибн Әбу Әуфа былай деп әңгімелейді:

Пайғамбарымыздың қасында отырғанымызда, оған бір кісі келіп:

 – Уа, Расулалла, өлім халінде жатқан бір жас жігіт бар, оған “Лә иләһә иллаллаһ” десек те, бір түрлі қайталап айта алмайды, – деді.

Пайғамбарымыз:

Намаз оқитын ба еді? – деп сұрады. Келген кісі:

– Иә, оқитын, – деді. Осыдан кейін орнынан тұрды. Бізде онымен бірге орнымыздан тұрдық. Пайғамбарымыз жаңағы жігітке барды да оған:

Лә иләһә иллаллаһдеп айт, – деді. Жігіт:

– Айта алмаймын.

Неге айта алмайсың? –деп сұрады.

– Анасына қарсы келетін, – деді біреу. Пайғамбарымыз:

Анасы тірі ме? – деп сұрады. Сол жердегілер:

– Иә, тірі, – деп бас шұлғысты. Пайғамбарымыз:

Шақыраңдар, – дегеннен кейін қасындағылар барып анасын

шақырып келеді. Пайғамбарымыз одан:

Бұл аурып жатқан жігіт сіздің балаңыз ба? – деп сұрады.

Анасы:

– Иә, менің ұлым, – деді. Пайғамбарымыз одан:

Қараңыз. Мына жерге от жағып, ұлыңызды сол отқа тастаймыз. Егер кешірсеңіз, ұлыңызды отқа жақпаймыз. Ал егер кешірмесеңіз, онда ұлыңызды отқа жағамыз десе, не істер едіңіз? Шапағат қылар ма едіңіз? –деп сұрады:

– Иә, шапағат етер едім, – деді анасы. Сонда пайғамбарымыз:

Олай болса, өзіңізге қарсылық көрсеткен бұл ұлды жәһаннам отынан құтқару үшін ақыңызды адалдап, оған риза екендігіңізге Алланы және мені куә қылыңыз, – деді. Анасы:

– Уа, Раббым, сені және пайғамбарыңды куә етемін. Ұлыма риза-мын, ақымды кешірдім, – деді. Осыдан кейін пайғамбарымыз:

Мен арқылы бұл жасты жәһаннам отынан құтқарған Аллаға шүкір, – деді.

В-Бауырлардың өзара міндеттері:

1) Бауырлар арасында шынайы сүйіспеншілік пен бірлік болуы керек;

2) Бауырлар – бірін-бірі толықтырып тұратын бір бүтіннің жекелеген бөлшектері сияқты. Ешқандай нәрсе осы бірлікті бұзбауы, бауырларды бір-бірінен алыстатпауы керек.

3) Мирас, мұра, дүние-мүлік сияқты нәрселер, материалдық дүниелер бауырлардың арасын ашып, шырқын бұзбау керек;

4) Ағалары інілері үшін ата-ана тәрізді. Кішілері үлкендеріне ізет көрсетіп, оларға қарсы келуден, ренжітетін, көңілін қалдыратын сөздерден және жаман іс-әрекеттерден аулақ болуы керек. Үлкендер кішілерін қорғап, сүйіспеншілік пен мейірімділік танытуы қажет.

5) Бауырлар бір-біріне жақсылық жасап, бір-бірінің қамын өз қамындай ойлауы тиіс.

Г- Туған-туысқандарымыздың алдындағы міндеттеріміз:

Туған-туысқандарымызды жанұямыздың бір бөлігі деп қарауымыз керек, олардың алдында біздің адамгершілік міндеттеріміз бар:

1) Туған-туысқандарымызды жақсы көріп, оларға құрмет көрсету;

2) Қажет болғанда қол ұшын беру;

3) Оларды ұмытпау, үнемі барып, көңіл күйлерін сұрастырып, сыйлық беріп тұру;

4) Алыста болғандарға хабарласып, жағдайларын сұрап, жанұя байланысын нығайту;

Немере әпке-аға, нағашы аға-әпкелер ата-ана сияқты. Оларды атаа-намыз сияқты жақсы көріп, сыйлауымыз керек.

Пайғамбарымыз:

“Туысқандармен байланысты  үзген адам жәннатқа кіре алмайды”[8] дей отырып, жақын-туысқандармен араласудың маңызды екенін білдірген.

Сахаба Абдулла ибн Әби Әуфа былай дейді:

 Біз пайғамбарымыздың жанында отыр едік. Бір уақытта:

“Жақын-туыстарымен байланысын үзгендер бүгін бізбен бірге отырмасын”, – деді. Сол кезде нағашы әпкесімен ренжіскен жас жігіт орнынан тұрып, нағашы әпкесіне барды да онымен татуласты. Содан кейін мәжілісімізге қайтып келді. Сол кезде пайғамбарымыз:

“Туысқанымен байланысын үзген адамдары бар қоғамға мейірім шапағат жаумайды”, – деді.

Ғ – Көршілер алдындағы міндеттеріміз:

Жанұя мен туысқандардан кейін жақын адамдар – көршілер. Үнемі араласып, көбіне бірге тұратын көршілермен арамыз жақсы болу керек. Бұл – дініміздің әмірі.

Алла Құран Кәрімде көршілерге жақсылық жасауды бұйырған.

Пайғамбарымыз да:

“Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам көршісіне жақсылық жасасын.”[9]

“Аллаға және ақырет күніне иман келтірген адам көршісіне жамандық жасамасын, жәбір көрсетпесін”[10] деген.

Пайғамбарымыз бір хадисінде көршісіне зорлық-зомбылық жасағандардың шынайы мүмин емес екендігін және олардың жәннатқа кіре алмайтынын айтқан.

Көршілеріміз алдындағы басты міндеттеріміз мыналар:

а) Көрші ақысына құрметпен қарау, оларды сөзімізбен, іс-әрекетімізбен ренжітпеу;

ә) Жылы шырай танытып, жылы сөйлеу, қуаныш пен қайғыларына ортақ болу;

б) Басына іс түскенде, қиындықтарға ұшырағанда қол ұшын беріп,

өзара сый-құрмет көрсету, сыйласу;

в) Шулап, қатты айқайлап, мазасын алмау;

г) Ауырса, барып қал сұрау, өлгендерінің жаназасына қатысып, көңіл айту;

Қорыта келгенде, өзімізге тілеген жақсылықты оларға да тілеп, өзіміз қаламайтындай нәрселерді оларға жасамауымыз қажет.

Көршіміз мұсылман болмаса да, олармен арамыз жақсы болып, жәбір көрсетпеу – басты міндетіміз.

Дініміздің әмірі – осы. Бұл әмірге мойынсұнған мұсылмандар, тарих бойы мұсылман емес көршілермен де араласып, жақсы тұрған.

Хазірет Омардың ұлы Абдулла бір күні қызметшісіне қой сойдырып, еттің бір бөлігін көршілеріне беруді және алдымен мұсылман емес көршілерден бастауын үш қайтара тапсырған[11]

Оқу мәтіні:

Мұсылман көршісінің жайын осылай ойлайды ...

Бірде патша тағамдардың сапасы мен бағасын білу үшін киімін өзгертіп, базарға шығады. Бір дүкенге кіріп сатушыға, сәлем бергеннен

кейін:

– Маған жарты келі май, жарты келі бал және жарты келі ірімшік беріңіз, – дейді. Сатушы жарты келі май өлшеп, ақшасын есептеп болғаннан кейін:

– Аға, сұрағандарыңыздың қалғанын көршімнен алыңыз. Өйткені оның заттары жақсырақ, көршім әлі ештеңе сатпады, – деді. Патша екінші дүкенге кіріп, ол жерден жарты келі бал алып жатқанда, сатушы оған:

– Аллаға шүкір, аға, мен бүгін саудамды бастадым, балаларымның нәпақасын таптым, ал көршім ештеңе сатқан жоқ, – дейді. Сол кезде патша:

– Бұл халық осындай тамаша адамгершілігімен дүние жүзін өзіне қаратады. Халықтың осы таза кісілік қасиетін бұзған адамдарға Алланың қаһары жаусын, – дейді.



[1] Риязүс-салихин, І-том, 318-бет

[2] Риязүс-салихин, І-том, 320-бет

[3] 250 хадис, 186 бет

[4] Риазус - салихин, І- том, 329-бет

[5] Риазус - салихин, І- том, 331-бет

[6] Риазус-салихин, І-том, 347-бет

[7] Әт-тарғиб уәт-тәрһиб, ІІІ-том, 327-бет

[8] Риазус-салихин, І-том,370-бет

[9] Риазус-салихин, І-том, 343-бет

[10] Риазус-салихин, І-том, 342-бет

[11] Алииул-Қари, Шәрху Айнул-илм, І том, 291-бет

Пікірлер