/>
Таң 03:42 Күн 05:19 Бесін 12:52 Екінті 18:04 Шам 20:19 Құптан 21:57

ЖАЛПЫ АДАМЗАТ АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫМЫЗ

25/05/2017 188086 3 Muftyat.kz

АДАМДАР АЛДЫНДАҒЫ АХЛАҚИ МІНДЕТТЕРІМІЗ

1) Ешкімге зиян тигізбеу:

Адамдардың бас-бостандығына, дүние-мүлкіне, ар-намысына қол сұғу дінімізде – харам. Бұлар адамдардың қол сұғуға болмайтын жеке басының құқығы. Мұсылман басқаларының құқығына құрмет көрсетіп, жұртқа зиянды іс-әрекеттерден аулақ болуға міндетті. Нағыз мұсылман болудың шарттарының бірі де осы. Пайғамбарымыз былай деген:“Өзге мұсылмандар қолы мен тілінен жәбір көрмеген адам нағыз мұсылман.”[1]

2) Басқаларға жәрдем ету:

Жұртқа жылы сөйлеп, жылы шырай таныту, кедейлерге жәрдем ету, ешкімі жоқтарға қамқорлық көрсету, құлағанды сүйеп, адасқандарға жол көрсету – дініміздің әмірі, көркем мінез-құлықтың көрінісі.

3) Үлкендерге құрмет, кішіге ізетті болу:

Ата-анамызға, үлкен-кіші бауырларымызға, ұстаздарымыз бен өзімізден үлкендерге құрмет көрсету, өзімізден кішілерге ізетті болу, адамгершілік қағидасы, парасаттылықтың белгісі. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:“Үлкендерге құрмет көрсетіп, кішіге ізеттілік танытпаған адам – бізден емес”.

4) Сәлемдесу:

Мұсылмандар бір-бірімен кесдескенде қол алысып амандасады. Сәлем беру, берген сәлемді алу – парыз. Әуелі кіші үлкенге, жүріп бара жатқан отырғанға сәлем береді. Сәлемдесу мұсылмандар арасында сүйіспеншілік пен достық сезімдерін нығайтады.

5) Ренжіспеу:

Екі мұсылманның бір-бірімен ренжісіп жүргенін көрген жан оларды татуластыруы керек.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): “Бір мұсылманның мұсылман бауырына үш күннен артық өкпелеуі халал емес”[2] деген. Ұзақ уақыт өкпе, кек сақтаған адам үлкен бір күнә жасайтынын ескерткен:

“Бір кісі мұсылман бауырына бір жыл бойы өкпелесе, оның қанын төккендей күнә істеген болып табылады.”[3]

6) Ренжіскендерді татуластыру:

Екі мұсылманның бір-біріне ренжіп жүрегенін көрген жан олардың арасын жарастыруға, татуластыруға міндетті. Бұл жайында Құран Кәрімде былай делінген:

“Мүминдер тек қана бауыр. Олай болса, бауырыңың арасын татуластырыңдар.”[4]

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) да: “Садақаның ең жақсысы – араздасқандарды татуластыру” деп, араздасқандардың арасын жарасты-рудың қайырлы іс екенін көрсетеді

7) Достарға қонаққа бару:

Мұсылмандар сәті келгенде жақындарына, үлкен сыйлы кісілер мен достарына қонаққа баруы керек.

Қонаққа барғанда мынаған көңіл бөлу керек:

а) Қонаққа баруға ыңғайлы уақытты таңдау;

ә) Қонаққа бару жалықтыратындай жиі-жиі болмау;

б) Қонаққа барған кезде алдын-ала хабар беру;

в) Киімі таза, дұрыс болу;

г) Рұқсат алмастан біреудің үйіне немесе бөлмесіне кірмеу.

8) Қонақ күту:

Қонақ күту – дініміз бойынша ізгі істердің бірі. Қонақжайлылық ұлттық салт- дәстүрімізде маңызды орын алады.

Қонақ алдындағы міндетіміз:

а) Қонақты жылы шыраймен, жайдары жүзбен қарсы алу;

ә) Барынша жақсы күту;

б) Қонақтың көзінше қызметшісіне немесе баласына зекіп-ұрыспау, қабағын түймеу;

в) Қонақты шығарып салу.

9) Шақырған жерге бару:

Бір мұсылман егер ыңғайсыз жағдай болмаса, дін бауырларының шақыруына баруы керек. Бұл үрдіс мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілікті арттырады. Пайғамбарымыз бұл жайында былай деген:

“Дін бауырларың тойға немесе қонаққа шақырса, барыңдар.”[5]

Пайғамбарымыз бай болсын, кедей болсын, бөліп-жармай, тіпті қызметшісі шақырса да баратын.

10) Үлкендердің қолын алу:

Мұсылмандар құрметтерінің көрсеткіші ретінде ғалымдар мен үлкендердің қолын алады.

11) Жұрттан кемшілік іздемеу:

Бір мұсылман басқа бір мұсылман бауырының жеке өмірін тексеруге құқылы емес. Көрген кемшіліктерін басқаларға жаймайды, дін бауырын басқаларға жамандамайды. Көрген кемшіліктерін, жаңылыс әрекетін ренжітпей айтып, жақсы сөйлей отырып түзетуге тырысуы керек.

12) Жаманшылық жасағандарды кешіру:

Парасатты адам өзіне жасалған жамандықтарды кешіреді. Тек кешірумен шектелмей, жамандық көрсе де жақсылық жасайды. Бұл тамаша қасиет.

Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):

Үш тамаша мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді, – дейді.

– Ол қандай мінез? – деп сұрағанда:

Өзіңе бермегенге сен бер,

– Өзіңе келмегенге сен бар,

– Қиянат жасағанды кешір, – деп жауап береді.

13) Науқастардың қал-жағдайын сұрау, оларға бару:

Мұсылман ауруға шалдыққан дін бауырына барып қал-жағдайын сұрап, жазылып кетуі үшін дұға етуі керек. Олардың ауруын асқындыратын сөздер айтып, дөрекі әрекеттер жасамауы керек.

14) Жаназаға қатысу:

Қайтыс болған діні бір бауырларының жаназасына қатысу, оны қабірге дейін апарысу, дін бауыры үшін Алладан мейірім тілеп дұға ету – мұсылмандарда бұл дүниеден ақиретке көшкен дін бауырларына көрсетуі тиіс міндеттер.

15) Дін бауырларына жақсылық тілеу:

Мұсылман дін бауырластарына жақсы нәрсе ойлап, өзі үшін қалаған жақсылықты оларға да тілеп, өзіңе ұнамайтын жамандықты басқаларға да лайық көрмеген дұрыс:

Парасатты, нағыз мұсылман болудың өлшемі міне – осы.

ЖАН – ЖАНУАРЛАР АЛДЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРІМІЗ

Дініміз жан- жануарларға да жақсы қарауды бұйырған. Жануарларды қинамай, оларға жақсы қарау – адами міндет.

Бір мысықты аямаған әйел жайында пайғамбарымыз былай деп әңгімелейді:

Бір әйел бір мысықты қамап қойып, оған тамақ, су бермеген. Өз тамағын өзі тауып жесін деп сыртқа да шығармаған. Бейшара мысық біраз уақыттан кейін қамалған жерінде аштан өліп қалады. Әйел сол  үшін азапқа ұшырап жәһаннамға кірді[6]

Ал бір итке мейірімділік көрсеткен адам жайында пайғамбарымыз былай деп әңгімелейді:

“Бір күні бір адам жолда келе жатанда қатты шөлдейді. Ақыр соңында бір құдыққа кезігіп, оған түсіп, су ішеді. Сөйтіп жолда шөлден тілі салақтап, дымқыл топырақты жалап жатқан итті көріп, “Бұл итте тура мен сияқты шөлдеп жатыр екен” деп, де-реу құдыққа түсіп, ыдысы болмағандықтан мәсісімен су ішкізеді. Осындай жақсылық жасағаны үшін Алла Тағала оған разы болып, күнәларын кешіреді”

Сахабалар:

“Уа, Расулалла, жан-жануарларға жақсылық жасау да сауап па?” – деп сұрайды. Пайғамбарымыз:

“Әр жаны бар тіршілік иелерінде біз үшін сауап бар” 7– деп жауап береді.

Оқу мәтіні:

Көзге жас алдыратын көрініс...

Мұсылмандар мен Византиялықтар арасында болған Ярмүк соғысына қатысқан Хұзайфа әл-Әдауи былай деп әңгімелейді.

“Cоғыс бітісімен немере ағамның баласын тауып алайын деп іздедім. Сөйтсем, ол ауыр жарақаттанып қалған екен. Біраз су берейін деп ұмтыла бергенім сол еді, енді ішкізейін деп жатқанымда қасымыздан екінші бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Немере ағамның баласы суды ішпей қойды,”әуелі ыңырсып жатқан жаралыға апар”деп ымдады. Суымды алып, әлгі ыңырсып жатқан жаралының жанына бардым. Ол Астың ұлы Хишам екен. Оған да енді суды берейін деп жатқанда, басқа бір жаралының ыңырсыған даусы естілді. Хишам да суды ішпей қойды,”Анау жаралыға апаршы” деді.

“Мен суды алып жаралының қасына бардым. Сол кезде ол жан тәсілім етті. Үлгермедім. Хишамның қасына оралдым, ол да қайтыс болыпты. Енді не болса да немере ағамның ұлына берейін деп жүгіріп барғанымда оның да жан тәсілім еткенін көрдім. Сөйтіп ешбіріне су бере алмадым”.

Не деген асқақ сезім, не деген асыл қасиет! Тіпті соңғы демінде де шөлден өлгелі жатып діндес бауырын өзінен артық көрген нағыз адамгершілік!

ИСЛАМҒА САЙ ӨМІР СҮРЕТІН МҰСЫЛМАННЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жақсы мұсылман:

1) Иман негіздеріне кәміл сеніп, бұл сенімін тілімен жеткізеді;

2) Ғибадаттарын Алла Тағала әмір еткендей және пайғамбарымыз көрсеткендей жасайды;

3) Дініміз тыйым салған ішімдік, құмар ойындар, ұрлық және алдау-арбау сияқты жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайды;

4) Өтірік айтпайды, өтірік куәлік етпейді, өтірік ант етпей, ешкімді жамандамайды;

5) Қолымен де, тілімен де ешкімді ренжітпейді;

6) Берген сөзінде тұрады, аманатқа қиянат жасамайды;

7) Мойнына алған міндеттерін тамаша түрде орындауға тырысады;

8) Адамдарды бір-біріне айдап салатын сөз және іс-әрекеттен бойын аулақ ұстап, ренжіскендерді татуластырады; 

9) Екіжүзділіктен аулақ болып, сөзі мен ісі тура, шыншыл, адал болады;

10) Жақсы мінезді, парасатты жандарды дос тұтады, жаман адамдармен дос болмайды;

11) Ата-анасын құрметтеп, оларды ренжітпейді;

12) Кішілерге қамқор болып, үлкенге құрмет көрсетеді;

13) Көршілерін ренжітпей, қолынан келгенше жақсылық жасайды;

14) Біреуге әділетсіздік жасаса кешірім өтінеді, ақысы өткеннің ақысын қайтарады, Алладан кешірім сұрайды;

15) Өзіне жамандық жасағандарды кешіреді;

16) Осы дүние үшін (адал жұмыстарда) мәңгі жасайтындай, ал ақиқат үшін ертең өліп кететіндей жұмыс істейді;

17) Барлық адамның игілігі үшін еңбектенеді. Әсіресе, кедейлерге ешкімі жоқ әлсіздерге жәрдемдеседі;

18) Алла жолында Отан және ұлт үшін қажет болған жағдайда қолынан келгенше, тіпті жанын пида етуге дайын тұрады;

19) Ешкімді мазақ етпейді, өзінен төменгілерді кемітпейді, кем көрмейді, барлық адаммен тату-тәтті өмір сүріп, кішіпейіл болады;

20) Барлық мұсылмадарды бауырым деп санайды;

21) Қиындықтарға ұшырағанда үмітсіздікке салынбайды, сабырлы болады.

ИСЛАМ ДІНІНДЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН НӘРСЕЛЕР

Дінімізде тыйым салынған нәрселер “харам” деп аталады.

 Алланың әмірлерінің бізге хикметі мен пайдалары болғаны сияқты тыйым салған нәрселердің біз үшін дүниеде де, ақиретте де зияны бар. Алла Тағала бізге мейірбандылықпен зиянды нәрселерге тыйым салған, олардан бойымызды аулақ ұстауымызды қалаған. Харам нәрселерді жасағандар Аллаға мойынсұнбай, оның әміріне құрмет көрсет-пеген болып есептеледі. Әрі бұл әрекеттерінің жазасын тартады.

 Харамдардың зиянынан құтылып, жазасын тартпас үшін дініміздегі тыйым салынған жайттарды біліп, олардан аулақ болуымыздың маңызы зор.

Тыйым салынған (харам) жайттар:

1) Алланың бір болғандығына қарсы, оған серік қосу;

2) Ата-анаға бағынбай, қарсы келу;

3) Жазықсыз адам өлтіру;

4) Бөтеннің малына және арына қол сұғып, зина жасау;

5) Адамды мас қылатын әр түрлі  спиртті  ішімдіктер,  апиын, есірткі, героин т.б. сияқты заттарды тұтыну;

6) Құмар ойнау, өсімқорлық жасау;

7) Ұрлық, алаяқтық жасау, саудада алдау;

8) Өлген жануар, шошқа еті мен етін жеуге болмайтын адал емес жануарлар етін жеу;

9) Өтірік айту, өтірік ант ішу, басқаларды жамандау, жала жабу, жалған куәлік ету, басқаларды мазақтау, өсек тарату, сөзінде тұрмау;

10) Көре алмау (басқалардың жақсылықтарын қызғану) өкпе арту, ұзақ уақыт ренжу;

11) Әскерлік борышын өтеуден қашу, Отанға қиянат жасау;

12) Адамдардың арасына іріткі салу, ажырату, сөз тасып адамдарды бір – біріне айдап салу;

13) Екіжүзді болу, өзін жоғары санап басқаларды менсінбеу;

14) Жақсы білмеген нәрсесі туралы төрелік ету;

15) Қиянатшылдармен жолдас болу;

16) Сиқыр жасау, сиқыршылардың сөзіне сену;

17) Малын, ақшасын ысырап ету немесе мүлдем сараң болу;

18) Басқалардың үйіне баса көктеп кіру;

19) Ғибадаттары мен жасаған жақсылықтарын Алла үшін емес, көз бояушылық үшін жасау;

20) Басқалардың кемшіліктерін іздеу;

21) Әділетсіздік пен жамандыққа көмектесу;

22) Өзіне тапсырылған аманатқа қиянат жасау.

Оқу мәтіні:

Адамзатты алаңдатқан үлкен қауіп – ішімдік пен есірткі

Дініміз адамның денсаулығына қатты мән береді. Сонымен қатар, дене және рухымыздың саулығына зиянды нәрселердің ішілуін, қолданылуын және қандай да бір жолмен болсын денемізге кіруін харам қылып қатаң түрде тыйым салады.

Осылай бола тұра, есірткі қолдану көбейіп, осы уды қолданушылардың саны күннен күнге артуы бізді ойландырады. Ислам діні тыйым салған алкогольді ішімдіктер мен мас қылатын, адамды есінен айыратын барлық заттардың қаншалықты зиянды екендігін пайғамбарымыз: “Барлық жамандықтардың атасы болған ішімдіктерден сақтаныңдар”8 және“Ішімдіктен сақтаныңдар, өйткені ол барлық жа-мандықтардың кілті”9 деп айқын түрде ескерткен.

Шындығында да алкогольді ішімдіктер және есірткі заттар адам денесінің басқару орталығы болып саналатын миға кері әсерін тигізіп, ақыл және ойлау сезімдерін тоқтатады. Сонымен қатар, адам кейде өз-өзін тани алмайтындай масқара жағдайға, ал кейде аянышты жағдайларға тап болады. Денемізді зақымдап, әр түрлі ауруларға жол ашады. Адамның өз денесін өз қолымен біле тұра зақымдауы, әсіре-се ойы басқа тіршілік иелерінен ерекшелендіретін ойлау жүйесін жұмыс істемейтіндей жағдайға түсіруі қандай аянышты. Ішімдік, жақын дос болып үстелге отырғандарды бір-біріне қару қолданып кейбіреуін қабірге, енді бірін ауруханаға жібереді. Көптеген жол апаттарына себеп болатын және осының нәтижесінде қаншама адамдарды күтпеген жерден ажал құштыратын осы алкогольді ішімдіктер емес пе?

Алла Тағала: “Ендеше, осылардан қашсаңдар құтылуға қол жеткізесіңдер”[7] деп бұйыра отырып, ішімдікке және құмарға тыйым салып, мәңгілік бақытқа қол жеткізу осылардан аулақ жүрген жағдайда ғана болатындығын баяндаған. Пайғамбарымыз да: “Мас қылатын әр түрлі ішімдік харам[8] “Көбі мас қылатын ішімдіктің азы да харам”[9] хадистерімен мұсылмандардың бұл нашар әдеттен құтылуын қалаған.[10]

Әсіресе, адам баласының ойлау қабілетін, жүйкесін және денесіне зиянын тигізетін, соңы өлім құштыратын есірткілер жайында тереңірек тоқталып өткен жөн. Ислам діні қолданылуына, алынып-сатылуына тыйым салған осы бір улы зат жайында әрбір адамды, әсіресе жастарды хабардар ету қажет. Жастарымыз есірткі сатушылардың және жаман достардың тұзағына түсіп қалмау үшін әрбір адам өзіне тиісті міндетін дұрыс атқаруы қажет.

“Бір жолға ештеңе етпес” деген оймен есірткі қолданған адамның қайтып одан құтылуы қиынға соғады. Өйткені бұл удың дәмін тату деген сөз. Удың дәмін бір-ақ рет татуға болады. Екінші рет болмайды. Себебі біріншісінде өлтіреді. Есірткі де сол сияқты тәжірибе жасауға келмейді. Есірткі қолданған адам кейін қайтуы мүмкін емес қауіпті жолға түседі. Осы жолдың соңы аянышты өліммен аяқталады.

Ендеше, балаларымызға ие болайық. Олардың кімдермен дос болғандығын, кімдермен жүргендерін және қайда жүргендерін қадағалап отырайық. Өмір бойы өкінішке душар ететін осы бір пәлекеттен балаларымызды қорғайық.

“Менің балам оған бармайды” деп ойламайық. Балаларыңыз жақсы болуы мүмкін, оларға сенуге де болады. Бірақ біреулердің тұзағына түсіп қалуы бек мүмкін. Бауыр еті балаларымыздың осындай жаман топтардың және құрылған тұзақтардан аулақ жүруін қалай қамтамасыз ете аламыз? Осыған мұқият болғанымыз жөн.

Жастарымызды улап және ұйықтатып өз мақсаттарын жүзеге асыруға тырысатын, сол жастарымыз арқылы ұлтымыздың болашағына қауіп төндіретін жасырын әрі қорқынышты тұзақтардың алдын алу өте маңызды.

Жастарымызды улап, мәңгүрт ұрпақпен жарқын болашамызға көлеңке түсіргісі келетін дұшпан ойындарынан халықтың көзі ашық болып жастарды қорғай білген жөн.

Егер тезірек алдын алмасақ халқымыз, әсіресе жастар жаман істердің құрбаны болып кетуі мүмкін. Әлі өрши қоймаған осы тұзақтардың алдын алған жөн.

Есірткі қолдану – біле тұра шыңыраудан секіру, соған біле тұра бару деген сөз. Есірткінің тұзағына бір түскен адам одан қайтіп құтылуы өте қиын, тіпті мүмкін емес.

Біз жарқын болашақтың жастар қолында екеніне сенеміз. Олар өздеріндегі сеніммен, жігермен бұндай тұзақтарға түспейді деп үміт етеміз.

Бірақ аз да болса осы тұзаққа ілінгендерді көрген кезде жүрегіміз ауырады.  Сол себепті, есірткі қаупіне қарсы ұлт болып, ел болып абай болғанымыз жөн екендігін қайталап айтамыз.

Алдын алудың ең жақсысы, бұл қорқынышты тұзаққа жақындамау, бұл қатігез жыртқыштың тырнағына ілінбеу. Осы пәледен құтылудың жалғыз амал – оны қолданбау. Осыны ұмытпайық

Ел болашағы жастарға мынаны айтамыз:

Қадірлі жастар!

Өздеріңді ойлаңдар,

Болашақтарыңды ойлаңдар,

Алдарыңда жарқын болашақ бар.

Өмірлеріңнің көктемінде өздеріңе обал қылмаңдар,

Сендерден ештеңесін аямайтын жанұяларыңды ойлаңдар,

Сендерден үлкен қызмет күтіп отырған елді ойлаңдар,

Өлгеннен кейінгі мәңгілік өмірді ойлаңдар,

Дүние мен ақыретте өкінбейтіндей болыңдар.

Сендерге сенім артып отырған халықты ренжітпеңдер.

Осы ескертулерге құлақ түрейік,

Және бәріміз бір ауыздан “Өлім тұзағы – есірткіге жол жоқ” деп қарсы тұрайық.



[1] Риязус-салихин, ІІІ-том,  148-бет

[2] Риязус-салихин,  ІІІ- том, 168-бет

[3] Риязус-салихин,  ІІІ- том, 170-бет

[4] Хужурат сүресі, 10- аят

[5] Жәмиғус-сағир

[6] “Риязус-салихин”, ІІ том 174 бет

[7] “Мәидә” сүресі, 90-аят

[8] Бұхари, Әшрибә

[9] Жамиус-сағир

[10] Кәшфул- хафа, І том, 382-бет

 

Пікірлер