Фаджр 04:30 Восход 05:55 Зухр 13:00 Аср 17:54 Магриб 19:57 Иша 21:22
Расписание на год на месяц

Исламды қалай қабылдайды?

28/04/2017

Біз Мұхаммед Әли, Майк Тайсон сынды аты әлемге әйгілі адамдардың Ислам дінін қабылдағандығын білеміз. Әрі үнемі әртүрлі адамдардың Исламды қабылдап жатқандығын көріп-естіп жатамыз. Бұл адамзаттың Ислам дініне деген қызығушылығын көрсетеді. Осы ретте, Исламды қабылдағысы келетін кісілер көп жағдайда оның шарттарын біле бермейді.

Ислам дінін қабылдау - өте жеңіл. Ол үшін белгілі бір салт-жоралғылар жасаудың қажеті жоқ.

Бар болғаны бар ықыласпен Аллаға иман етіп, Мұхаммед Пайғамбарды (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбар ретінде мүлтіксіз сеніп, шынайы түрде «Кәлимә-шәһадат» сөздерін (яғни сенім куәлігін) айтуыңыз тиіс.

«Кәлимә-шәһадат» араб тілінде былай айтылады:

أَشْهَدُ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ. وَ أَشْهَدُ أَنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ وَ رَسُولُهُ

Оқылуы: «Әшһәду әллә илләһә иллаллаһу уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уа расулуһ» 
Мағынасы: «Мен Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және де Мұхаммед (ﷺ) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін»

«Кәлимә-шәһадат» сөзін куәгерлердің көзінше айту, ол үшін арнайы мешітке бару міндетті емес. Үйде отырып-ақ, иман етіп, «Кәлимә-шәһадат» сөзін айтсаңыз Ислам дінін қабылдаған саналасыз. 

Дегенмен, адамдар сіздің мұсылман болғаныңыздан хабардар болуы үшін «Кәлимә-шәһадат» сөзін куәгерлердің көзінше айтқаныңыз абзал. Сол сияқты Ислам жайлы қажетті мағлұматтарды біліп алуыңыз үшін мүмкіндігінше мешітке барып кәлимаға тіліңізді келтіргеніңіз жөн.

Исламды қабылдауыңызбен сіз анадан жаңа туған баладан барша күнәларыңыз кешіріледі. Өміріңізді жаңадан бастауға мүмкіндігіңіз пайда болады.

«Кәлимә-шәһадат» сөзін айтқаннан кейін ғұсыл алғаныңыз абзал. Яғни, үш рет ауызды, үш рет мұрынды шайып, барлық денеңізге су құюыңыз тиіс.

Сонымен қатар, көптеген исламды қабылдағысы келетін ер кісілерді «сүндеттеу» мәселесі алаңдатып жатады.

Исламды қабылдаған ер адамның сүндеттелуі абзал. Бірақ, ол мұсылман болудың шартына кірмейді. Яғни, сүндеттелу – Ислам дінін қабылдаған кісінің өз ыхтиярындағы іс.

Көптеген адамдар жаңадан мұсылман болған кісі есімін мұсылманша есімге ауыстыруы керек пе? деп те сұрап жатады. Бұл да міндетті емес. Яғни, мұсылман болудың шартына кірмейді. Алайда, ол кісінің есімі Исламның негізгі ұстындарына қарсы келетін көпқұдайшылдардардың құдайларының аты сияқты есімдерден болса ауыстыруы қажет болады.

Тәжірибеде исламды қабылдаған, жаңадан мұсылман болған кісілер көп жағдайда  міндет болмаса да жаңа өмірде жаңа мұсылманша есіммен өмір бастағысы келеді.   

Есімді ауыстыру үшін де арнайы салт-жоралғы жасап, азан шақырудың қажеті жоқ. Бар болғаны өзінің туыстары мен таныстарына осы есіммен атаңыздар десе жеткілікті.

 

Мінеки, исламды қабылдау – өте жеңіл. Ендеше, Алланың дінін қабылдау ойыңызда болса еш кідірмеңіз!