Қаз Рус Qaz قاز
Таң 02:58 Күн 04:49 Бесін 12:46 Екінті 18:08 Ақшам 20:33 Құптан 22:24

ХАЗІРЕТ МҰХАММЕДТІҢ (ﷺ) ЖАСТЫҚ ШАҒЫ мен ҮЙЛЕНУІ

25/05/2017 87282 0 Muftyat.kz

ХАЗІРЕТ МҰХАММЕДТІҢ (ﷺ) ЖАСТЫҚ ШАҒЫ мен ҮЙЛЕНУІ
Хазірет МҰХАММЕДТІҢ (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) САПАРЛАРЫ

Пайғамбарымыздың әкесінің ағасы Әбу Талиб саудамен айналысатын. Бір сапарында Хазірет Мұхаммедті өзімен бірге ала  кетеді. Шам қаласына жақын жердегі Бұсра ауылына соғады. Сол жерде Бахира деген бір топпен кездеседі.

Бахира Тәуратта және Інжілде аты мен қасиеттері жазылған соңғы пайғамбардың белгілерін осы кішкентай баланың бойынан көреді. Осыдан кейін Әбу Талибқа “Дереу баланы Меккеге алып кет, өйткені иудейлер балаға жамандық жасауы мүмкін” дейді. Әбу Талиб Бахираның айтқанын орындап, Шамға бармай, сауда-саттығын сол жерде бітіріп, қайтып кетеді.

Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) 17 жасқа келгенде де немере ағасы Зубәйрмен бірге Йеменге барып келген.

ХАЗІРЕТ МҰХАММЕДТІҢ (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) САУДАМЕН АЙНАЛЫСУЫ

Құрайыштың алдыңғы қатарлы байларынан Хадиша деген бір жесір әйел кейбір адамдарға ақшасын беріп ортақтасып сауда жасайтын. Хадиша Хазірет Мұхаммедке ақша беріп, оны сауда керуенімен Сирияға жіберді.

Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сауда-саттықпен айналысып жүрген кезінде-ақ еңбекқорлықпен әділетті, турашыл, адал, адамгершілік қасиеттерімен табысқа жетеді. Сол себептен үнемі көп пайда түсіріп отырады. Хадиша Хазірет Мұхаммедпен бірлесіп ортақ сауда жасағанына өте риза болады.

Хазірет МҰХАММЕДТІҢ (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) ХАДИШАМЕН ҮЙЛЕНУІ және БАЛАЛАРЫ

Шам қаласынан оралғаннан кейін, пайғамбарымыз Құрайыш тай-пасының ақсүйек, бай әйелі Хадишаға үйленеді, Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сол кезде жиырма бес жаста, ал Хадиша қырықта еді. Осылайша бақытты бір отбасының шаңырағы көтеріледі.

Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) үшеуі ұл, төртеуі қыз, барлығы жеті балалы болады. Бұлардың алтауы Хадишадан, біреуі Мәриядан өмірге келеді. Ұлдарының аттары: Қасым, Абдуллаһ және Ибраһим. Ал қыздарының аттары: Зәйнәп, Рукия, Үммүгүлсім және Фатима. Ұлдары Қасым мен Абдуллаһ әлі пайғамбарлық келмей тұрып Мекке қаласында жастай шетінеген. Ибраһим деген ұлы хижреттен кейін Мәдина қаласында туылды. Ол да кішкентай кезінде қайтыс болды. Қы-здарының барлығы өсіп, тұрмыс құрады. Пайғамбарымыздың ұрпағы Хазірет Әлиге тұрмысқа шыққан Фатимадан тарайды.

Хазірет МҰХАММЕДТІҢ (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) ҚАҒБАНЫҢ ЖӨНДЕЛУІ КЕЗІНДЕ ТӨРЕЛІК ЖАСАУЫ

Селден үйдің кей жерлері бүлінгендіктен, Қағбаны жаңалап жасау ісі қолға алынады. Дуалдары қаланып биіктетіліп, “Хажәрүл әсуад” деп аталатын қаиетті қара тасты орнына қояр кезде, әрбір тайпа осы абыройға ие болу үшін бір-бірімен бәсекелесіп, ортақ келісімге келе алмайды. Тіпті, соның салдарынан жанжал шығады. Ақыры шынайы сенімді әрі әділдігімен танылған Хазірет Мұхаммедті қазы етуге, оның берген үкіміне разы болуға келісті.

Хазірет Мұхаммед “Хажәрүл әсуадты” ортаға төселген жайманың үстіне қойып, әр рудың ақсақалдарынан бір кісіге соның шетінен ұстатты. Осылайша жоғарыдағы қойылатын орнына апарылғаннан кейін өзі мүбәрак қолымен орнына қойды. Сөйтіп, әр ру бұл қасиетті жұмысты атқаруға қатысқан болып, бәрі де бұл билікке разы болды. Өйткені мұндай шешім ешкімнің ойында жоқты. Сонымен үлкен бір жанжалдың алды алынды. Осы оқиға болған кезде Хазірет Мұхаммед 35 жаста еді.

Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығынан бұрын да өте адал әрі сенімді кісі еді. Бұл ерекшеліктерді себепті халық оны “Мұхаммәдүл-әмин”, яғни “Сенімді Мұхаммед” деп атаған. Жұрттың сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген таза да үлгілі өмірімен қоғамда бір жарқы-раған жұлдыз іспеттес болған. Ұлы Алла оны ең жақсы түрде тәрбиеледі. Кәміл ахлақ және ерекшеліктер сыйлады. Өйткені адамзаттың құтылуы үшін оған (болашақта) пайғамбарлық міндеті берілетін еді.