ИМАН
23/05/2017 906760 0 Muftyat.kz

ИМАН НЕГІЗДЕРІ
Сөздік мағынасы жағынан иман – бір нәрсеге сену дегенді білдіреді.
Діни термин ретінде иман – “Пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) Алладан жеткізгендеріне күдіктенбей шын жүректен сену және бұл сенімін тілмен жеткізу”.
Иман екіге бөлінеді:
а) Ижмали иман
б) Тафсили иман
а) Ижмали иман: Аллаға және Хазірет Мұхаммедтің (с.а.у.) пайғамбар екендігіне сену.
Дінімізде сенімнің жинақы түйіні болғандықтан мұны “ижмали иман” яғни “жиынтық иман” деп атайды.
Иман негіздері жалпы және түйінді түрде “кәлима-и тәухид” пен “кәлима-и шәһадатта” берілген. Бір адам кәлима-и тәухид немесе кәлима-и шәһадаттың біреуін тілмен жеткізсе, яғни айтса және оған жүрегімен сенсе, Ислам дініне кірген болып саналады. Бірақ мұсыл-ман адам мұнымен шектелмей, иман негіздерін нақты және егжей-тег-жейлі үйреніп жеке-жеке сенуі керек.
ә) Тафсили иман: иман негіздеріне жеке-жеке сену “тафсили иман” яғни “егжей-тегжейлі иман” деп аталады.
Егжей-тегжейлі иман негіздерін “Иманның шарттары” деп те атайды.
Иманның шарттары жетеу:
1) Алла Тағаланың бар әрі бір екендігіне сену
2) Періштелерге сену;
3) Кітаптарына сену;
4) Пайғамбарларына сену;
5) Ақырет күніне сену;
6) Тағдырға (жақсылық пен жамандық тек Алладан екеніне) сену;
7) Өлгеннен соң қайта тірілу бар екендігіне сену.
Иманның шарттары “Әмәнтуде” жинақталған. Әрбір мұсылман “Әмәнтуді” мағынасымен бірге білуі керек.
“Әмәнту” дегеніміз мынау:
Оқылуы: “Әмәнту билләһи уә мәләикәтиһи уә кутубиһи уә русу-лиһи, уәл йәумил-әхири уә бил-қадәри хайриһи уә шәрриһи миналлаһи Тағалә уәл-бағсу бағдәл мәути хаққұн. Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһ”.
Мағынасы: “Мен Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жаман-дықтың Алланың жаратуымен болатындығына сендім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Мен Алладан басқа ешбір тәңір жоқ екендігіне және Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін.
КӘЛИМА-И ТӘУХИД (иман):
Оқылуы: “Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммәдүр расулуллаһ”.
Мағынасы: “Алладан басқа тәңір жоқ. Мұхаммед (с.а.у.) Алланың елшісі”.
КӘЛИМА-И ШӘҺАДАТ
Оқылуы: “Әшһәду әл ләә иләһә илләлләһ уә әшһәду әннә Мұхамма-дан абдуһү уә расулуһү”.
Мағынасы: “Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне куәлік етемін, Мұхаммед (с.а.у.) Алланың құлы әрі елшісі екендігіне де куәлік етемін”.