Таң 05:38 Күн 07:04 Бесін 13:10 Екінті 17:10 Ақшам 19:05 Құптан 20:31

ҚАЖЫЛЫҚ

26/05/2017 25204 0 Muftyat.kz

ҚАЖЫЛЫҚ

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАРЫ

Исламның бес шартының бесіншісі – қажылық. Қажылық белгілі уақытта, белгілі мекендерді арнайы түрде зиярат ету.

Хижреттің тоғызыншы жылында парыз болған. Қажылық әрі дүние-мүлік, әрі дене арқылы жүзеге асатын ғибадат. Белгілі шарттарға сай әр мұсылманға өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз. Алланың басқа әмірлеріндегідей қажылықтың да хикметі мен пайдалары бар.

Әр түрлі елдерден қасиетті жерге келетін тілдері мен түстері әртүрлі мұсылмандардың бір ғана мақсатпен жиналуы және бірге Аллаға бет бұруы, Ислам бауырмалдығы мен достығын нығайтады. Мұсылмандардың бір-бірімен танысуы бір-бірінің қиындықтары мен дерттеріне шара тауып, бір-біріне жәрдемдесуін қамтамасыз етеді.

Бай болсын, кедей болсын бүкіл мұсылмандар ихрам киіп, бірдей киімді болуы адамдарға теңдікті түсіндіріп, махшар күнін еске салады. Қажылық сапары адамның білімі мен көрегенділігін арттырады, қиыншылықтарға төтеп беруді үйретеді. Шыдам мен төзімге тәрбиелейді. Дүние-мүлікке қызықпай кедейлерге деген мейірім және қамқорлық сезімдерін дамытады.

Пайғамбарымыз туып-өскен, Ислам діні жер-жаһанға тарала бастаған қасиетті жерлерді көру – мүминдердің жан-дүниесін толқытады, діни сезімдері артады, киелі жерлерде адам өзін Аллаға жақын сезінеді. Ал оның жасаған ғибадаттарына еселеп сауап жазылады. Алла разылығы үшін қажылық міндетін атқарған және адамдарға жаманшылық жасаудан сақтанған адамдардың (кісі ақысынан басқа) көптеген күнәлары кешіріледі. Бұл жөнінде пайғамбарымыз былай дейді:

“Кімде-кім Алла үшін қажылық жасап, жаман сөз бен әрекеттерден аулақ болса, анасынан туғанда қандай күнәсіз болса, сондай болып күнәларынан арылып қайтады.”[1]

ҚАЖЫЛЫҚ КІМДЕРГЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАРЫЗ?

Төмендегі шарттарға сай кісілерге қажылық парыз:

1) Ақыл-есі дұрыс болу;

2) Балиғатқа жеткен болу;

3) Мұсылман болу;

4) Бас бостандығы болу;

5) Қажылықтың парыз екендігін білу (бұл шарт мұсылман емес елдерде мұсылмандықты қабылдағандар үшін. Ислам мемлекеттеріндегі мұсылмандардың қажылықтың парыз екенін білмеулері олар үшін үзір, сылтау болып есептелмейді).

6) Керекті қажеттіліктерінен басқа қажылыққа барып-келгенше өзінің қарамағындағы отбасы мүшелерінің күн көрінісіне жетерлік

қаражатының болуы.

7) Қажылыққа жеткізетін өз жағдайына сай көлік және жол шығындарын өтейтіндей ақшасы болу.

8) Қажылық міндетін өтейтін уақытқа үлгеру. Аталған жоғарыдағы шарттардан басқа қажылық міндетін орындау үшін мына шарттардың да болуы керек. Бұлар қажылықты атқарудың шарттары деп аталады.

Қажылықты атқарудың шарттары:

1) Тән жағынан сау болу: (зағип, әлсіз, қажылық сапарына төзе алмайтындай ауру немесе қарт болмау).

2) Қажылыққа баруына кедергі жоқтығы (мысалы, түрмеде болу сияқты).

3) Жол қауіпсіздігі.

4) Әйелдің қасында күйеуі немесе неке жүрмейтін бір махрамы болу. (Шафиғи мәзһабында: қасында күйеуі немесе некесі жүрмейтін бір махрамы болмаған әйел, сенімді екі немесе одан да көп әйелдермен бірге парыз қажылығын орындайды).

5) Күйеуі өлген немесе ажырасып кеткен әйелдердің ғиддәт күндері мерзімінің толуы.

Бұл шарттарға ие болған адам алдындағы алғашқы қажылық маусымында қажылыққа баруы парыз болып табылады.

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ПАРЫЗДАРЫ

Қажылықтың парызы, бірі шарт, екеуі рүкін болып табылады.

1) Ихрамға кіру (қажылықтың негізгі шарты);

2) Арафатта уақфа жасау (тұру);

3) Зиярат тауабы.

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Орындалуы тұрғысынан қажылықтың үш түрі бар:

1) Ифрад қажылығы – Ұмрасыз жасалатын қажылық. Қажылық жасамақ болған адам ихрамға кірерде тек қана қажылыққа ниет етіп, қажылық  міндеттерін  атқарады. Ифрад қажылығын жасағандарға құрбандық шалу уәжіп емес.

2) Тәмәттуғ қажылығы – Ұмра мен қажылықты бөлек-бөлек ихрамға кіре отырып жасау. Қажылық жасамақ болған адам ұмра үшін ихрамға кіріп, ұмра міндеттерін өтейді, осыдан кейін ихрамнан шығады. Уақыты келгенде қайтадан ихрамға кіріп, қажылық міндеттерін атқарады. Тәмәттуғ қажылығында құрбандық шалу уәжіп.

3) Қыран қажылығы – Ұмра мен қажылықты бір ихрамда жасау. Қажылық жасамақ болған адам ихрамға кірерде әрі ұмра әрі қажылық үшін ниет етеді. Алдымен ұмраны орындайды, бірақ ихрамнан шықпайды. Содан кейін қажылықты өтейді. Қыран қажылығында да құрбан шалу уәжіп.

Қажылыққа барғысы келген кісі осы үш түрлі қажылықтан қалағанын орындайды. Әдіс-тәсіліне, қағидаларына сәйкес жасалған қай қажылықты орындаса да міндетін өтеген болып табылады.

Ихрам, тәлбия, тауап, сағи және уақфа

Ихрам – Қажылық немесе ұмра жасайтын адам басқа уақыттарда адал болып есептелетін іс-әрекеттерді белгілі бір уақыт өзіне харам етуі. Қажылық пен ұмраға ниет етіп, тәлбия айту арқылы ихрамға кірген болып есептеледі.

Тәлбиә – ихрамға кіргеннен кейін дауыстап: “Ләббәйк, Аллаһүммә ләббәйк, ләббәйкә лә шәрикә ләкә ләбәйк, иннәлхамдә уән-ниғмәтә ләкә уәл-мүлк, лә шәрикә ләк” дейді. Әйелдер тәлбиәні дауыстамай айтады.

Тауап – Қағбаны шарты бойынша жеті рет айналу.

Сағи – Қағбаға жақын орналасқан Сафа және Мәруа төбелерінің арасында жүру. Бұл екі арадағы бару-келулер Сафадан Мәруаға төрт, Мәруадан Сафаға үш рет болып жеті рет жүріледі.

Уақфа – Қажылыққа Арафат және Мүздалифа деген жерлерде белгілі бір уақытта тұру. Арафат уақфасы – парыз, Мүздалифа уақфасы – уәжіп.

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ОРЫНДАЛУЫ

Қажылыққа барғысы келген адам бұл қасиетті парызды өтеу үшін адал жолмен, адал табыс табу керек. Жолға шықпай тұрып қарыздарын өтейді, біреудің онда ақысы бар болса, соларды береді. Күнәларының кешірілуі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрайды. Қаза болған ғибадаттары болса, мүмкін болғанша өтейді. Жолға шығар алдында үйінде екі рәкағат намаз оқиды. Отбасы мүшелері, достары, жолдастары мен жақындарының онда ақысы болса, соларын өтеп, олармен қошта-сып, жолға шығады. Жолда және қажылық кезінде басқаларды ренжітетіндей, көңілін қалдыратындай сөз айтып, іс-әрекет жасамауы керек.

Ихрамға кіретін орын – “Миқат” шекарасына кірмей тұрып тырнағын алып, денесін тазартады, мүмкіндік болса ғұсыл алады, болма-са дәрет алады. Ер адамдар үстіндегі барлық киімдерін шешіп “Изар” және “Рида”деп аталатын екі бөлек шүберекпен оранады. Ихрамға кірген кезде аяқтары мен басы ашық болады. Әйелдер ихрамға кіргенде киімдерін шешпейді.

Содан кейін “Миқат” шекарасында “Ихрамның сүннеті” ниетімен екі рәкағат намаз оқып, қажылыққа ниет етіп тәлбия айтады. Ихрамға осылай кіреді. Ихрамға кірген соң ихрамға кірген адамдарға тыйым салынған харам істерден аулақ болуы керек.

Меккеге барғаннан кейін ғұсыл немесе дәрет алады. Содан кейін Қағбаның айналасында  қудум  тауабын  жасайды.  Артынша  екі рәкағат тауап намазын оқып, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасайды. Қажылыққа ниет еткен адам осыдан кейін сол ихрамға кірген күйі Меккеде болады. Ол жерде мүмкіндігінше намаздарын Харам-Шәрифте оқып, мүмкіндік туған жағдайда нәпіл тауап жасаудың сауабы көп.

Тәруия күні, яғни Арафадан бір күн бұрын Арафатқа шығады. Арафа күні күн батқанша Арафатта болады. Уақыттарын ғибадат, дұға етумен өткізеді. Бұл жерде түскі және екінті намаздарын жамағатпен бесін уақытында біріктіріп оқиды. Бұл – “Жәмиғ тақдим” деп аталады. Түстен кейін уақфа жасалады. Күн батқаннан кейін ақшам намазын оқымастан “Мүздалифаға” барады.

Мүздалифада ақшам және құптан намаздарын жамағатпен құптан уақытында оқиды. Бұл “Жәмиғ тахир” деп аталады. Түнді Мүздалифада өткізіп, шайтандарға тас лақтыру үшін тастарды осы жерде жинайды.

Айт күні таң намазы ерте оқылып, одан кейін “Мүздалифа уақфасы” жасалады. Қажылар күн шыққаннан кейін Минаға қарай жылжиды.

Айттың бірінші күні Минада ретімен:

а) Ақаба жәмрасына жеті тас лақтырады.

ә) Шаш алынып, ихрамнан шығады. (Ифрад қажылығын жасайтындарға құрбандық шалу уәжіп болмағандықтан, олар Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін шашын алып, ихрамнан шығады. Тәмәттуғ немесе Қыран қажылығын жасайтындар Ақаба жәмрасына тас атып, құрбан шалғаннан кейін, шаштарын алып, ихрамнан шығады).

б) Уақыты және мүмкіндігі болса, сол күні Меккеге барып, парыз болып есептелетін зиярат тауабы жасалады.

Айттың екінші күні рет-ретімен: Кішкентай, орта және Ақаба жәмрасына жеті тастан атылады. Айттың бірінші күні зиярат тауабын жасай алмағандар екінші күні жасайды.

Айттың үшінші күні: тағы да кішкентай, орта және Ақаба жәрмасына жеті тастан атылады. Сол күні Минадан Меккеге қайтып оралып, қоштасу тауабы жасалып, қажылық міндеті тәмам болады. Жоғарыда түсіндіргеніміз ифрат қажылығы. Тәмәттуғ пен Қыран қажылықтарының орындалуларында өзгешеліктер бар.

Тәмәттуғ қажылығы: Тәмәттуғ қажылығын орындамақ болған адам “Миқат” шекарасында ұмра үшін ихрамға кіреді. Меккеге келісімен ретіне қарай ұмра жасағаннан кейін шашын алып, ихрамнан шығады. Тәруия күніне дейін (яғни Арафа күніннен бір күн бұрын) Меккеде ихрамсыз күтеді. Тәруия күні Меккеде қажылық үшін қайтадан ихрамға кіреді және жоғарыда айтылып өткендей қажылық мін-деттерін орындайды.

Бірақ ифрад қажылығынан ерекшелігі:

1) Айттың бірінші күні Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін құрбандық шалады, содан кейін шашын алып, ихрамнан шығады.

2) Зиярат тауабынан кейін қажылық сағиын жасайды.

Қыран қажылығы. Қыран қажылығын жасайтын адам миқат шекарасында қажылық және ұмра үшін бірден ниет етіп, ихрамға кіреді. Меккеге барғаннан кейін әуелі ұмра жасайды. Содан кейін қажылық тауабын, артынан қажылық caғиын жасайды. Бірақ ихрамнан шықпайды. Ихрамда болған күйі күтіп, тәруия күні Арафатқа шығып, жоғарыда айтылғандай қажылық міндетін орындайды. Қыран қажылығы-ның ифрад қажылығынан айырмашылығы айттың бірінші күні Ақаба жәмрасына тас лақтырғаннан кейін құрбандық шалып, шаш алып ихрамнан шығады.

ҰМРА

Ұмра – белгілі бір уақытқа қарамастан қағидаларына сай ихрамға кіргеннен кейін тауап етіп, сағи жасау және шаш алудан тұрады. Ұмра жасау – сүннет. Ұмраның арнайы уақыты жоқ. Арафа және одан кейінгі құрбан мерекесі күндерінен тұратын бес күннен басқа жылдың кез-келген уақытында ұмра жасауға болады.

Ұмраның орындалуы:

Ұмраға барғысы келген адам “Миқат” шекарасына кірмей тұрып қажетті тазалықты жасағаннан кейін ұмраға ниет етіп, тәлбия айтып, ихрамға кіреді. Меккеге барғаннан кейін ретімен “Тауап намазын” оқиды. Содан кейін Сафа мен Мәруа арасында ұмра сағиын жасайды. Сағиды бітіргеннен кейін шаш алдырып, ихрамнан шығады. Ұмра осылай тәмам болады.

 


[1] Риазүс-салихин. ІІ-том., 521-бет