ОТАН мен ҰЛТ АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫМЫЗ
27/05/2017 16325 0 Muftyat.kz

Туып өскен, шекаралары белгіленген қасиетті мекен “Отан” деп аталады. Қалалар, аудандар және мешіттеріміз біздің жеріміз. Әрі өнеркәсіптеріміз, мектептеріміз, қысқасы, бізге қатыстының барлығы осы отанда.
Аталарымыз әлемдегі тамаша және берекелі топырақты отан қылып таңдаған және бізге аманат етіп қалдырған. Бұл аманатты қорғау – дініміздің әмірі, бәріміздің борышымыз.
Аталарымыз берекелі отанымыздың жерін жауға бастырмау үшін ерлікпен күресіп, бұл жолда жандарын пида еткен. Әр қарыс топырағына шейіттердің қаны сіңген отанымыздың қадірін білуіміз керек.
Ол үшін отанды сүйіп, қажет болғанда отанымызды жаудан қорғау үшін шайқасып, осы жолда жанымызды пида ету – қасиетті борышымыз. Отанға деген сүйіспеншілік тек қана оны қорғау емес, әрі өл-кеміздің аяғынан тік тұрып, дамып кетуі үшін де тер төгу.
Отанын сүйген адам жер жыртып, егін егеді, жол жасап, ормандарын қорғайды, көкке көтерілген мешіт мұнараларымен қоса зауыт- фабрикалардың мұржаларын да көтереді. Әрі рухани, әрі материалдық жағынан кемелденуді бірдей жүзеге асырады. Отанын сүйген адам ұлтына қызмет етуді өзіне қасиетті борыш деп біледі.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):
“Адамдардың ең жақсысы – жұртқа пайда тигізгені” деген.
Дініміздегі отанға деген сүйіспеншілікті мына сөйлемдермен қорытындылауға болады: “Отанды сүю – иманнан”.
Тарихта мұсылмандардың қол жеткізген табыстары береке-бірліктің арқасында болған. Мұсылмандардың басына түскен ауыртпалықтардың, қиыншылықтардың көпшілігі бірліктің бұзылуы, мұсылмандардың бөлінуінен туындаған.
Алла Құран Кәрімде бізді бірлікке шақыра отырып, былай дейді: “Барлықтарың Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, бөлінбеңдер.”[1]
Пайғамбарымыз да:
“Мүминдер – кірпіштерден қаланған бір ғимарат сияқты” дей отырып, дініміздегі береке-біріліктің маңызын білдірген.
Бірлік – қуаттың, күштің көзі, ал бөліну – бәленің көзі. Біздің міндетіміз, мұсылмандар арасындағы бірлікті сақтау, жікшілдікке жол бермеу.
Пайғамбарымыз мұсылмандардың бірлігін бұзғысы келетіндер жайында былай дейді:
“Бөлінушілікке жол ашқандар – бізден емес”.
Осы өсиетке құлақасып, бөлінушілікке жол ашатын істерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек.
Құран Кәрімде былай делінеді: “Мүминдер бір-біріне бауыр, ендеше, ренжіскен бауырлардың арасын татуластырыңдар. Алладан қорқыңдар, ол сендерге мейірімді.”[2]
Бұл аяттан исламның бауырластық діні екені айқын көрінеді. Бауырмалдық сезімі мұсылмандардың бір-бірін жақсы көру арқылы жүзеге асып, күшейеді. Бұл жайында пайғамбарымыз: “Иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар, ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман еткен болып есептелмейсіңдер”[3] деген.
Шынайы мұсылман болу үшін бір-бірімізді сүюіміз керек. Жер жүзінде өмір сүру үшін ұлттық тұтастығымыз бен бүтіндігімізді сақтауымыз қажет. Мұның шарты, мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік қарым-қатынастар мен бауырмалдық сезімдерінің берік болуы. Құранның әмірі, пайғамбарымыздың өсиеті де – осы. Мұсылманның міндеті – дініміздің бауырластық жөніндегі әміріне сай әрекет етуі.
Адамдар бірлесіп өмір сүретіндіктен бір-бірімен тату-тәтті, түсіністікте, бір-бірінің құқықтарына құрметпен қараулары керек.
Біз үшін адамгершіліктің өнегесі болған пайғамбарымыз адамдарды жақсы көрген, олармен сыпайы, жұмсақ мәміле жасасқан.
Әнәс ибн Мәлік: “Он жыл пайғамбарымызға қызмет еттім, маған бір рет те кейіген жоқ”[4] дейді.
Ұхұд шайқасы кезінде дұшпандар пайғамбарымызға оқ-тас жаудырған, оның тісін сындырған, бетін жарақаттаған. Сөйте тұра пайғамбарымыз оларға жаман сөз айтпаған. Адамдарға деген шексіз жанашырлықтың үлгісін көрсете отырып, былай деген: “Уа Алла! Ұлтымды кешіре гөр, олар не істеп жүргендерін білмейді”[5]
Алла Тағала Құран Кәрімде шынайы мүминдерді: “Ашуын жеңіп, өзгенің кемшіліктерін кешіре білгендер” деп мадақтай отырып, адамдарға кешірімшіл болып, оларға ілтипатпен қарауға үйретеді.
Ойлары мен сенімдері бізден өзгеше кісілерге де ізетпен, құрметпен қарап, оларды да жақсы көруіміз керек. Мұсылмандар тек қана өз дін бауырларымен емес, тарихта басқа діннен болғандармен де аралары жақсы болған.
Пайғамбарымыз мұсылмандардың бір-біріне қалай әрекет ету керектігін мына сөздермен көрсетіп берген: “Мүмин – жуас, басқаларымен тату-тәтті өмір сүретін адам. Басқалар да онымен тату-тәтті өмір сүреді. Басқамен тату өмір сүре алмайтын, басқалары да онымен жараса алмайтын адамнан қайыр жоқ”.
Ұлт болып, бірге өмір сүрудің шарты бір-бірімізді жақсы көру. Жақсы көру, кешірімшіл болу, жасалған жамандықтарға әдейі көз жұмып қарау, үндемей көне беру деген сөз емес. Мұнда да жұмсақ тілмен жамандықтарды түзету – басты міндетіміз.
Байтақ даламызда көк жалаудың көлеңкесі астында мәңгі өмір сүруіміз бірлігімізге байланысты. Мұны жүзеге асыру үшін:
a) Мұсылман ретінде бір-біріміздің дін тұрғысынан бауыр екендігімізді біліп, алауыз болғандарды татуластырып, олардың арасын жақындастыруымыз керек.
ә) Өзімізге ұнайтын нәрсені оларға да тілеп, өзімізге ұнамайтын нәрсені басқаларға да істемеуіміз керек.
б) Қиындыққа ұшырап, басына іс түскен діні бір бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, қолымыздан келгенше жәрдем етуіміз керек.Алла Тағала былай дейді: “Жақсылықта және жамандықтан қорғануда бір-біріңе жәрдем етіңдер.”[6]
в) Ұлтық бірлігімізді бұзып, бір-бірімізге айдап салуға тырысатындарға абай болып, ондайлардың сөзіне ермеуіміз керек.
Алла бұл жайында мұсылмандарға мынадай кеңес береді:
“Әй, иман келтіргендер! Егер жолынан тайған пасық адам сендерге бір хабар әкелсе, әуелі анық-қанығына жетіңдер, әйтпесе білмей, абайсызда бір елге кесірлерің тиіп кетеді де кейін істеген-деріңе өкінесіңдер”[7]
г) Ұлттық бірлігімізді қамтамасыз етуде маңызы зор болып есептелетін діни сенімдерімізді бұзып, отанымыз бен халқымызға арамдық, дұшпандық ойлаған, бөлініп кетуімізді көксеген іріткі салушылардың алдап-арбағанына сеніп қалмай, дін жөніндегі білмегендерімізді нағыз білетіндерден сұрап отыруымыз керек.
ғ) Отанға және ұлтқа деген сүйіспеншіліктің иманнан екенін біліп, мұсылмандар арасындағы бауырмалдықтың шырқын бұзбай, оны нығайтуға тырысуымыз керек.
Ту – бір ұлттың қадір-қасиеті, мақтанышы, еркіндік пен бостандық белгісі.
Пайғамбарымыз заманындағы соғыстарда ислам әскерлерінің туы болған және де оған аса мән берілген. Хайбар соғысы кезінде үлкен ерлік көрсеткен Хазірет Әлиге туды пайғамбарымыз өз қолымен тапсырған.
Мұсылмандар мен Византиялықтар арасында 629 жылы болған Му’тә соғысында ислам әскерінің қолбасшысы Хазірет Зәйд еді. Пайғамбарымыз ислам әскерін Мәдинадан шығарып салып тұрып, туды өз қолымен әскер қолбасшысы Зәйдке тапсырып, “Егер шейіт болып кетсең, туды Жағфар алады” деген. Соғыста Зәйд шейіт болып, туды пайғамбарымыз айтқандай Хазірет Жағфар алған. Соғыстың қызған тұсында туды ұстап жүрген Жағфардың оң қолы жараланып, кесілгеннен кейін, сол қолына алып, сол қолында ұстап, шейіт болғанша туды жерге түсірмеген. Көк аспанның реңіндей көк байрағымыз – халқымы-здың бостандығының белгісі. Ту бір жапырақ мата ғана емес, халқымыздың намысы, мақтанышы, рухани байлығы, қадір-қасиеті. Туды сүю – халқымызды сүю. Туға құрмет көрсету – ұлтымыздың абырой-ына құрмет көрсету.
Ту – мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
ҚР Президентінің 2006 жылғы 7 қаңтарында Конституциялық заң күші бар Жарлығымен мемлекеттік рәміз – Әнұранның мәтіні мен оны ресми пайдаланудың рет жөні бекітілді. Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев. Музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқов.
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досыңдай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің — Қазақстаным!
Жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтарды билеп тұрған ұжымды “мемлекет” деп атаймыз.
Жанымызды, дүние-мүлкімізді, дінімізді, намыс пен қадір-қасиетімізді ішкі және сыртқы дұшпандардан қорғайтын ол мемлекет. Мемлекет болмаса адам өз-өзін дұшпандардан қорғай алмайды, рахат өмір сүре алмайды. Күшті әлсізді езіп-жаншиды. Ондай кезде жанымызға, дүние-мүлкімізге, малымызға, дінімізге, намысымызға қатер төнеді. Мемлекетсіз ұлт жоқ болып кетеді, не болмаса дұшпандардың құлдығына түседі.
Мемлекеттің басты міндеттері
а) Отанымызды, ұлтымызды жаудан қорғап, жан мен мал қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
ә) Білім-тәрбие, денсаулық, жол, су, байланыс сияқты салаларда халықтың мұқтаждықтарын қамтамасыз ету;
б) Өлкенің өркендеуі және азаматтардың бақытты өмір сүруі үшін қажетті шараларды жүзеге асыру;
Мемлекет мұны жүзеге асыру үшін мемлекет алдындағы міндеттерін халықтың өтеуі керек. Халық мемлекет алдындағы міндеттерін қаншалықты жақсы өтесе, мемлекет те халыққа соншалықты жақсы қызмет етеді.
Мемлекет алдындағы басты міндеттеріміз мыналар:
1) Cалық төлеу:
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет халыққа көрсетілген қызметтерін азаматтардың төлейтін салықтарының арқасында жүзеге асырады. Біреу салығын төлемесе немесе алаяқтық жасап кеміткен жағдайда басқа біреудің толық төлеген салықтарының арқасында жасалған қызметтерден пайдаланса, әділетсіздік жасалған болып есеп-теледі. Жасалған іске үлес қоспай, одан түскен пайдаға ортақ болу – әділетсіздік.
Үлесі болмаған, құқығы болмаған нәрсені алу – мемлекеттің нанын халқының ақысын жеп, ұрлағанмен тең. Аллаға сенетін және ұлтын, халқын сүйетін мұсылман ешқашан бұлай істемейді. Миллиондаған адамның ақысын жеген адамға Алланың алдында есеп беру оңай емес, жауапкершілігі ауыр. Сондықтан да “Мемлекеттің мүлкі теңіз, жемеген адам доңыз” деген қате түсініктен аулақ болуымыз керек. Мемлекеттің өркендеуі, жанымыздың, малымыздың, намысымыз бен қадір-қасиетіміздің аман-есен болуы, мемлекетіміздің күшті, халқымыздың бақытты болуы үшін салықтарымызды уақытында және толық төлеп отыруымыз керек.
2) Заңдарға құрмет көрсету, халықтың бейбіт өмір сүріп, аман- есен болуы үшін қағидалар мен ережелерге мойынсұну.
Алла Құран Кәрімде былай дейді:
“Әй, иман келтіргендер, Аллаға мойынсұныңдар, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмірші, билеушілерге мойынсұныңдар.”[8]
Пайғамбарымыз:
“Әміршіге (билеуші, басшыға) бойұсынған, маған бойұсынғаны болып табылады, оған қарсы келгені маған қарсы келгені болып табылады”[9] деп, басқарушыларға бойұсынуға аса мән берген.
3) Әскер қатарында борышын өтеу:
Мемлекет алдындағы маңызды міндеттеріміздің бірі – мемлекет алдындағы әскери борышымызды өтеу. Әскери борыш әрі діни, әрі ұлттық парыз: ішкі және сыртқы жаулардан Отанымызды қорғау. Пайғамбарымыз әскерде күзетте тұрудың артықшылығы жайында былай дейді:
“Бір тәулік шекара күзету күндіз ораза ұстап, түнді ғибадатпен өткізген бір айдан да артық. Күзет кезінде өлсе, жасаған ісінің сауабы мен рызығы (шейіттер сияқты) мәңгі жалғасады және қабір азабынан құтылады.”[10]
“Екі көз бар, оған жәһаннам оты тимейді. Біреу – Алладан қорқып жылаған көз, екіншісі – Алла разылығы үшін шекара кү-зетіп ұйықтамаған көз.”[11]
Оқу мәтіні:
Қоғам мүлкі осылай қорғалады...
Халифа болып тұрған кезінде Хазірет Әли бір күні түнде іс қарап
отырады. Осы кезде біреу жеке шаруасымен оның алдына кіріп, шару-асын айта бастайды. Хазірет Әли шапшаң орнынан тұрып, сол жерде
жанып тұрған май шамды өшіріп басқа шам жағады. Бұдан ештеңе
түсінбеген қонақ:
– Май шамды неге ауыстырдыңыз? – деп сұрайды. Хазірет Әли
оған былай деп жауап береді.
– Сөндірген май шам мемлекеттікі. Сенімен жеке шаруа жайында сөйлесу үшін мемлекеттің мүлкін қолдануға құқығым жоқ. Сондықтан оны сөндірдім, өз ақшама алған май шамды жақтым.
Міне, көріп отырғанымыздай, бұрынғы кемеңгер жандар мемлекет мүлкін осылай қорғаған.
Хайбар қамалы алынған күні сахабалар келіп:
– Пәленше шейіт болды, түгенше шейіт болды, – дейді. Бір адамның жанынан өтіп бара жатқанда:
– Мына кісі де шейіт, – дейді . Сол кезде пайғамбарымыз:
Жоқ, мен оны қоғам мүлкінен ұрлаған сырт киімімен немесе күртесіне оранған күйде жәһаннамда көрдім”[12] – дейді.
Көріп отырғанымыздай, мемлекеттің мүлкін ұрлаған жан шейіт болғанымен жәһаннамнан құтыла алмаған.
[1] Әли-Имран сүресі,103-аят
[2] Хужурат сүресі,10-аят
[3]Риязус-салихин, ІІ-том, 228-бет
[4] Риязүс-салихин, ІІ-том, 50-бет
[5] Мәжмауз-зауаид,VІ том,117-бе
[6] Мәидә сүресі, 2-аят
[7] Хұжурат сүресі, 6-аят
[8] Ниса сүресі, 59-аят
[9] Риазус- салихин, 2/87
[10] Риазус- салихин, 2-том, 533-бет
[11] Риазус- салихин, 2-том, 544-бет
[12] Риазус-салихин, І том, 264-бет