МҮБАРАК КҮНДЕР МЕН ТҮНДЕР
25/05/2017 239684 0 Muftyat.kz

Тақырыптар:
• Жұма және Айт күндері
• Мәуліт түні
• Рәғайып және Миғраж түні
• Бәраат және Қадір түні.
Жұма күні – мұсылмандар үшін мереке. Жұма намазы жамағатпен оқылады. Сол себепті мұсылмандар бір жерге жинала отырып, бір-бірімен жақын танысу мүмкіндігіне ие болады. Әр апта мұсылмандардың осылайша бас қосуы араларындағы достықты, ынтымақтастықты нығайтады, бірлікке ұйытқы болады.
Жұма – маңызды оқиғалар іске асқан, өте қайырлы, берекелі күн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
“Күндердің ең қайырлысы – жұма күні. Адам (алейһиссәләм) осы күні жаратылған, осы күні жәннатқа жіберілген және осы күні жәннаттан шығарылған.”[1]
“Жұма күнінде бір сағат бар. Бір мүмин сол сағатта Алладан бір нәрсе тілесе, Алла оның тілегін қабыл етеді”[2]
Жылда екі діни мейрам бар:
1) Рамазан айт;
2) Құрбан айт.
Айт – қуаныш күні деген сөз. Рамазан айында ораза ұстай отырып, Алланың әмірін орындаған, Құрбан айт мерекесінде құрбандық шала отырып, Алла жолында жанпидалық көрсеткен, айт намаздарын топ-тобымен оқыған мұсылмандар міндеттерін атқарып, парыздарын орындағаны үшін шексіз қуанышқа, шаттыққа және бақытқа бөленеді.
Рамазанда зекет пен пітір арқылы ал Құрбан айтта құрбандықпен кедейлерге қол ұшы беріледі. Осылайша бай-кедей арасында шын мәніндегі сүйіспеншілік пен құрмет пайда болады.
Айтта ата-ана, ата-әжелер, үлкендерге құрмет көрсетіліп, өкпелескендер татуласады, туысқандар арасында өзара сыйластық сезімдері арта түседі. Мерекенің арқасында мерекемен бірге келетін шаттық мұсылмандардың шаршағанын ұмыттырады, қайғы-мұңдарын сейілтеді.
Мерекелерде мүминдер бірін-бірі айтымен құттықтайды, алыста тұратындарға сәлем жолдайды. Қабірлердің басына барып өлгендер үшін дұға оқылады. Құран оқылып, садақа беріліп, рухтарына Құран бағышталады.
Айттар – Алланың мұсылман құлдары үшін тағайындаған сый-сияпат күндері. Бұл күндерді Алланың разылығына сай іс-әрекеттермен өткізуіміз керек.
Адамзатты қараңғылықтан құтқару үшін жіберілген соңғы пайғам-бар – біздің пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) 571 жылы Рәбиул-әууәл айының 12-түні туған. Бұл қасиетті түн “Мәуліт түні” деп аталады.
Ол дүниеге келген шақта жер-жаһанды надандық, зұлымдық пен арсыздық жайлап, Аллаға деген сенім ұмытылып, адамзат қорқыныш пен қараңғы түнекке қамалып, өмір сүре алмайтындай дәрежеге түскен еді.
Пайғамбарымыздың дүниеге келуімен дүние нұрға бөленіп, халықтың жүрегіне Аллаға деген сенім ұялады. Теңдік, әділет және бауырмалдық пайда болды. Аллаға сенген халықтар шын мәнінде қуа-нышқа кенеледі. Пайғамбар туған түн – адамзаттың қараңғылықтан құтылуы үшін өте қайырлы әрі берекелі бастама болды.
Бұл түн мұсылмандар арасында ғасырлардан бері үлкен белсенділікпен тойланып келеді. Танымал түрік ғалымы С. Челеби жазған “Уәсиләтун-Нәжат”деп аталатын Мәуліт кітабы – оның туған кезін, ерекшеліктерін және мұғжизаларын тамаша тілмен суреттеген құнды еңбек.
Пайғамбарымыздың туған күнінде айтылатын мәуліт жырларын құрметпен тыңдау, оның қасиетіне, рухына салауат айту – халқымыздың пайғамбарға деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең құрметінің көрсеткіші.
Бұған қоса, оның парасатқа толы өмірін оқып-үйрену, одан үлгі алу – басты міндетіміз. Тек сол кезде ғана оның сүйіспеншілігіне қол жеткіземіз.
Рухани жағынан алғанда Рәжәб, Шағбан, Рамазан айлары басқа айларға қарағанда бір төбе жоғары, берекелі айлар болып табылады. Рәжәб айы келгенде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деп дұға ететін: “Уа, Алла! Рәжәб пен Шағбан айларын бізге мүбәрак қылып, аман-есен Рамазан айына жеткізе гөр.”[3]
Рәжәб айының алғашқы жұма түні “Рәғайып түні” деп аталады. Бұл түн – Алла Тағаланың мейірімі түскен, кешіретін және дұғаларды қабыл ететін түн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген:
“Бес түн бар. Ол түндердегі оқылған дұғалар кері қайтарылмайды, (яғни қабыл болады). Олар:
– Рәжәптің алғашқы жұма түні
– Шағбанның он бесінші түні;
– Жұма түні;
– Рамазан айтының түні;
– Құрбан айтының түні”[4]
Алланың шақыруы бойынша пайғамбарымыз (с.а.у.) бір күні түнде Меккедегі Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне сапар шегіп, ол жерден Жәбірейілмен бірге көкке көтеріліп, “Сидрәтүл-мүнтәха” деп
аталатын жерге дейін көтеріледі. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл жерден ары қарай барып, арада ешқандай дәнекерсіз және құпия түрде Алламен кездескен.
Бұл қасиетті сапардың Меккеден Құдысқа дейінгі бөлігі Исра, Құдыстан басталатын қалған бөлігі Миғраж деп аталады. Пайғамбарымыз бес уақыт намазды үмбетіне Миғраж тартуы ретінде әкелген.
Миғраж оқиғасы – пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі. Хижреттен бір жарым жыл бұрын Рәжәб айының 27-түнінде болған.
Шағбан айының 15-түні “Барағат түні” деп аталады. Қарыздан, күнә мен жазадан құтылу деген мағынаны білдіретін Бәраат – күнәлардан құтылу (тазару) кеші.
Бұл түн – Алланың өзінен кешірім сұраған мүминдерді кешіріп, күнәдан арылу түні. Бұл түні ұйықтамай Алла Тағаладан кешірім сұрауымызды қалаған пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:
“Шағбан айының он бесінші түні болғанда тек қана ғибадатпен өткізіңдер, ал күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала сол түні күн шыққанға дейін әлемге мейірімін төге тұрып, былай дейді:
– Кешіруімді қалайтын адам бар ма, кешейін?
– Рызық талап етушілер бар ма, берейін?
– Дертке шалдыққандар бар ма, шипа берейін?
– Тағы кім не тілесе тілесін, берейін!”
Ендеше, Раббымыздың сүйінші хабарына құлақ асып, берілген мүмкіндіктерден пайдаланып қалуымыз керек.
Рамазан айының 27-түні “Қадір түні” деп аталады. Адамдарға дүниеде және ақыретте бақытты болудың жолын көрсететін дініміздің киелі кітабы – Құран Кәрім пайғамбарымызға Рамазан айында Қадір түнінде түсе бастаған. Қадір түнінде Хазірет Мұхаммедке (с.а.у) пайғамбарлық міндет жүктеліп, Ислам таңы осы түні атқан. Міне, осындай маңызды оқиғалар Қадір түнін нұрға бөлеп, қасиетін арттырған. Қадір түнінің мың айдан да қайырлы екендігі Құран Кәрімде ашық айтылған. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл түннің артықшылығы жайында былай деген: “Кімде-кім артықшылығына иланып, сыйын Алладан күтіп, Қадір түнін ғибадатпен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі.”[5]
Қадір түні – мүминдерге Алла Тағала берген шексіз мейірімділік белгісі мен үлкен ілтипаты. Бұл түнде Алла разылығы үшін намаз оқып, Құран оқып, дұға етіп, дұрыстап өткізуіміз керек[6]
Хазірет Айша бір күні пайғамбарымыздан:
“Уа, Расулаллаһ! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін?” – деп сұрады.
Сонда мынандай жауап естіді:
“Былай де: “Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр.”[7]
Пайғамбарымыз (с.а.у.) үйреткен бұл дұғаны біз де Қадір түнінде қайталайық.
Қасиетті түндерді намаз оқу, Құран оқу, пайғамбарымызға салауат айту, күнәларымызға кешірім тілеу, дүние және ақыретке байланысты тілектерімізбен дұға қылып, қолымыздан келгенше қайырымдылық іс-шаралар өткізіп, кедейлерді қуанту сияқты ізгі істермен өткізуіміз керек.