ХАЗІРЕТ МҰХАММЕДТІҢ (ﷺ) ДҮНИЕГЕ КЕЛУІ және БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
25/05/2017 309349 0 Muftyat.kz

Исламға дейін арабтар надандықтан көз ашпай өмір сүріп жатты. Оқу- жазу білетін сауаттылар жоқ дерлік дәрежеде аз еді. Адам құқықтарына құрмет көрсетілмейтін. Күштілер әлсіздерді езіп-жаншыған заман еді. Көптеген құқықтардан мақұрым болған әйелдер зат сияқты саудаланатын. Қыз балаларын тірідей көму әдетке айналған еді. Мұндай жиркенішті әдеттерге ешкім қой демейтін.
Бір Аллаға деген сенім ұмытылып, адамдар өз қолдарынан жасап алған пұттарға табынатын. Қағбаның ішінде 360-тан астам пұт бар еді. Негізінде Қағба Хазірет Ибраһим мен ұлы Исмайыл тарапынан Аллаға ғибадат ету үшін салынған болатын. Ішімдік, құмар ойын және әр түрлі адамгершілікке жат қылықтар белең алып, ар-ұят мүлдем ұмыт болған еді. (Әлемнің басқа жерлерінде өмір сүріп жатқан халықтардың да жағдайлары мәз емес болатын.)
Қараңғылықтың бұғауында қалған бұл жан түршігерлік жағдайдан құтқаратын, адамдарға бұл дүниеде және ақыретте бақытты болудың жолдарын көрсететін соңғы пайғамбардың келуіне мұқтаждық бар еді.
Хазірет МҰХАММЕДТІҢ (с.а.у) ТЕГІ (ШЕЖІРЕСІ)
Хазірет Мұхаммедтің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) әкесі – Абдуллаһ, Абдуллаһтың әкесі Құрайыш тайпасының Хашым әулетінің және Меккенің соңғы қатардағы адамдарының бірі – Әбдімүттәліп. Анасы Құрайыш тайпасының Зуһра әулетінен Уәһабтың қызы – Әмина. Әкесі жағынын да, шешесі жағынан да текті, беделді отбасынан шыққан Хазірет Мұхаммедтің ата тегі Хазірет Ибраһимге барып тіреледі.
Пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) 571 жылы Көкек айы-ның 20-сына сәйкес келетін Рабиул-әууәл айының 12 Дүйсенбі таңын-да Меккеде дүниеге келді.
Ол дүниеге келген түні таңертең әлем нұрға бөленді. Әкесі Абдуллаһ оның дүниеге келуінен 2 айдай бұрын қайтыс болғандықтан, жалғыз ұлын көре алмады.
Хазірет Әмина осылайша нұр сияқты бір баланы дүниеге әкелісімен атасы Әбдімүттәліп үлкен ас беріп, той жасап, сүйікті немересіне Мұхаммед деп ат қойды.
“Немереңе қандай ат қойдың?” – деп сұрағандарға, “Мұхаммед деп қойдым”, – дейді.
Олар:
“Аталарыңның арасында мұндай ат жоқ еді, бұндай есім қоюыңның
мәнісі не?” – деп сұрайды. Сонда Әбдімүттәліп:
“Көкте Алланың, жерде халықтың мақтанышы болсын деген үміт-пен қойдым”, – деп жауап береді.
Пайғамбарымыз дүниеге келген күні жер бетінде бұрын-соңды болмаған таңғажайып оқиғалар орын алды. Сол күні түнде Иранда патша (Кисра) сарайының 14 бағанасы құлады. Сауа көлі тартылып, құрғап, мың жылдан бері жанып тұрған мәжусилер (отқа табынушылар) табынып келген оттар аяқ астынан сөнді. Бұл оқиғалар келешекте Иран сұлтандығының жойылып, Византия империясының шөгетінінін және пұтқа табынушылардың жойылатындығының белгісі еді. Шындығын-да да, айна-қатесіз осылай болды.
Меккенің алдыңғы қатарлы адамдарының бір әдеті бар еді. Жаңа туған балаларын Мекке төңірегіндегі тайпалардағы сүт-аналарға беріп бақтыратын. Өйткені, Меккенің ауасы балаларға қолайсыз болатын.
Пайғамбарымызды Хазірет Әмина үш күн, Суәйба деген әйел екі күн емізеді. Содан кейін Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Сағд тайпасынан Халима деген сүт-анаға беріледі. Халима оны өз баласынан артық жақсы көріп, тіпті соққан желден қорғаштайтын. Халиманың кішкене қызы Шейма да Мұхаммедті (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өте жақсы көретін, үнемі бірге ой-найтын. Бұл жетім бала олардың отбасына бақыт әкелді. Халиманың күйеуі бір күні былай дейді:
“Халима, бұл бала бізге бақыт әкелді. Ол үйіміздің табалдырығын аттаған күннен бері сиырларымыздың сүті молайды, сүтінің майы көбейді. Үйімізге берекет әкелді. Қолымыз ұзарды. Мен бұл баланың бойынан ерекше, басқа бір нәрсе сеземін”.
Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) осы шаңырақта бес жыл тұрғаннан кейін оны Меккедегі өз үйіне әкеледі.
Хазірет Мұхаммедтің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) анасы Әминаның Мәдинада туыстары бар болатын. Әрі оларды көру үшін, әрі ұлын әкесінің мазарына апарып қайту мақсатымен Әмина баласымен бірге Мәдинаға барады.
Мәдинада бір ай болады. Пайғамбарымыздың әкесі Абдуллаһтың мазарын зиярат етеді. Хазірет Әмина баласы және қасындағы қызметшісі Үммү Әймәнмен бірге Меккеге қайту үшін жолға шығады. Кешқұрым Әбуа ауылына жетіп, сол жерде түнейді.
Хазірет Әмина осы жерде сырқаттанады. Қасына алып отырған жалғыз ұлын мейірлене сүйіп, бауырына басып, арқасынан сипайды. Өлетінін және ұлынан айырылатынын сезген ана енді ешқашан көре алмайтынын сезіп, ұлына былай дейді:
“Кез-келген жаңа нәрсе ескіріп, кез-келген нәрсе түбінде жоқ болады. Мен де өлемін. Бірақ қам жемеймін. Өйткені артыма жүрегі таза ұрпақ қалдырып бара жатырмын. Әлемге қайырлы адам тастап бара жатырмын”.
Осы сөздерден соң Әмина көзін жұмады. Сол кезде Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) алты жасында еді. Үммү Әйман баланы алып Меккеге оралады.
Әке-шешесінен жетім қалған Мұхаммедті (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) атасы Әбдімүттәліп өз тәрбиесіне алады. Пайғамбарымыз екі жылдай атасының қолында болды. Әбдімүттәліп өлер алдында немересін Әбу Талибке тапсырып, оған жақсы қарауды өсиет етеді. Пайғамбарымыз сол кезде сегіз жасқа толған еді. Әбу Талиб пен зайыбы Фатима балаға жақсы қарады. Оны өз балаларындай жақсы көрді.
Оқу мәтіні:
Қағба – жер бетінде салынған алғашқы ғибадатхана. Оны Алланың әмірімен Хазірет Ибраһим мен Исмайыл салған. Исламға дейін Қағбаға пұттар орналастырылған. Сөйтіп о бастағы мақсатынан ауытқып кеткен. Пайғамбарымыздың 630 жылы Меккені азат етуімен Қағба пұттардан толық тазартылды.
Исламға дейін Мекке арабтардың сауда орталығы болғандықтан, көптеген адамдар жыл сайын Қағбаны көріп кету үшін Меккеге келетін.
Хабәшістан мемлекетіне қарайтын (Эфиопия) Йемен өңірінің әкімі Әбраһа Қағбаға жыл сайын ағылған жұртты өз өңіріне тарту үшін Сана қаласынан үлкен табынатын орын салғызады. Бірақ халықты Қағбадан айыра алмайды. Сондықтан Әбраһа Қағбаны қира-туға бел буады. Пілдермен жасақтанған әскерімен Меккеге бет ала-ды. Әскердің алдында үлкен бір піл жүргізеді.
Бұл әскерге қарсы тұратын меккеліктердің қауқары жоқ еді. Әбраһаның адамдары арабтардың мал-мүлкін тартып алып, Әбраһаға әкеліп жатты. Тартып алған малдың арасында пайғамбарымыздың атасы Әбдімүттәліптің да жүз түйесі бар еді. Мекке халқынан бір топ адам өтініш жасап Әбраһаға барады. Топтың ішінде Әбдімүттәліп түйелерін қайтаруын сұрайды. Сол кезде Әбраһа:
“Мен Қағбаны жыға көрме” деп жалбарынуға келген шығар десем, сен түйелеріңді жоқтап келіп тұр екенсің ғой”, – дейді мысқылдап.
Әбдімүттәліп Әбраһаға былай деп жауап береді:
“Мен түйелердің ғана иесімін, түйелерімді қайтарып бер. Ал Қағбаның өз иесі бар, оны өз иесі қорғайды”.
Әбраһа Әбдімүттәліпке түйелерін қайтарып береді. Содан кейін Қағбаны жығу үшін соған қарай бет алады. Ең алдында келе жатқан піл, бір қызығы, Қағбаға жақындағанда алға баспай қояды. Кері тартса жүреді, бірақ ілгері жүрмейді. Сарбаздар қанша тырысса да пілді Қағбаға қарай жүргізе алмайды.
Дәл сол кезде күтпеген жағдай болады. Топ-топ болып келген құстар көк жүзін жауып кетеді. Олар аузындағы және аяқтарындағы тастарды пілдердің үстіне жаудырады. Тас тиген әскерлердің үсті-бастары тесіліп, аз уақыттың ішінде қырылады. Қағба сөйтіп аман қалады. Әбраһаның өзі әрең құтылып, еліне қайтып оралады, бірақ көп ұзамай сол жерде өледі. Әбдімүттәліп айтқандай, Қағбаны өз иесі Алла осылай қорғаған еді. Қағбаны қиратуға Алла рұқсат бермеді. Өйткені жуық арада Алланың сүйікті құлы Хазірет Мұхаммед (с.а.у) дүниеге келетін еді. 571 жылы болған осы оқиғадан 50 күннен кейін пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келеді.