Таң 05:38 Күн 07:04 Бесін 13:10 Екінті 17:10 Ақшам 19:05 Құптан 20:31

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) СОҒЫСТАРЫ

26/05/2017 394020 0 Muftyat.kz

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) СОҒЫСТАРЫ
БӘДІР СОҒЫСЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Пайғамбарымыз мұһажирлермен бірге Мәдинаға қоныстанғаннан кейін де Меккелік мүшріктер дұшпандықтарын қоймады. Мәдинаға жақын жерлерге дейін келіп мұсылмандардың өрісте жайылып жүрген түйелерін алып кетті. Мүшріктер Абдуллаһ ибни Үбәйға хабар салып, Мұхаммедті өлтір немесе Мәдинадан шығарып жіберуді талап етті. Егер оны орындамаса, Мәдинаға шабуыл жасайтындарын айтты. Екінші жақтан мұсылмандармен жасалатын соғысқа дайындалу үшін үлкен сауда керуенін Шамға бағыттады.

Мұсылмандар бұл төніп тұрған қауіптің алдын алып, әзір тұруы керек еді. Керуеннің алдын алу үшін хижреттің екінші жылы Рамазан айында пайғамбарымыз 305 кісілік әскермен жолға шықты. Мұны естіген Меккелік мүшріктер 1000 кісілік қолмен Мәдинаға қарай жылжыды. Бәдір деген жерге келгенде тоқтап, сол жердегі суды бақылауға алды.

Мұсылмандар Мәдинадан соғыс үшін емес, мүшріктердің керуенінің алдын алу үшін шыққан болатын.

Мекке жақтан орасан дұшпан әскерінің келе жатқаны жайында хабар жетті. Осыдан кейін пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесіп, жаудың алдынан шығуға шешім қабылдады.

Бәдірге келген Ислам әскері құмдауыт бір алаңға тап келді, бұдан басқа шара болмады. Ол жерде су жоқ екен. Өйткені, олардан бұрын келген мүшріктер суы бар өңірді алып қойыпты. Бірақ мұсылмандар Алладан жәрдем көрді. Сол күні түні бойы жаңбыр жауып, мұсылмандар жағы су тапшылығынан құтылды.

Пайғамбарымыз Ислам дінін көркем мәміле және ілім жолымен таратуға тырысты, ешкімді мәжбүрлемеді. Бірақ шабуылдаған мүшріктерден қорғану үшін Алла Тағала мұсылмандарға қару алып қарсы тұруға рұқсат етті.

БӘДІР СОҒЫСЫ және НӘТИЖЕСІ (һ .2-M.624)

Мүшріктер әскер саны мен қару-жарақ жағынан мұсылмандардан басым болатын. Осы себепті соғыста жеңіске жететіндеріне кәміл сенді. Мұсылмандардың рухани күшін есепке алмады. Бұл хақ пен батил, яғни ақиқат пен жалған, иман мен күпір арасындағы күрес еді. Исламның болашағы да осы соғыстың нәтижесіне байланысты болды.

Ертеңіне таңертең екі жақтың әскері қарсыласып, соғыс басталды. Осы кезде пайғамбарымыз қолын көкке көтеріп :

“Уа, Раббым маған уәде еткен жәрдеміңді бүгін бер” деп дұға етті. Содан кейін басын сәждеге қойып, Алла Тағалаға былай деп жалбарынды:

“Уа, Раббым, мына бір уыс мұсылман бүгін жойылса, жер бетінде саған құлшылық жасайтын ешкім қалмайды” .

Алла Тағала пайғамбарының дұғасын қабыл алды.

Мұсылмандар иманнан алған күшпен, ерлікпен күресті. Алланың жәрдемімен өздерінен бірнеше есе көп жау әскерін жер жастандырды. Жау жағы тым-тырақай қашты. Олардан соғыс алаңында жетпіс өлген адам, жетпіс тұтқын қалды. Исламның ең үлкен жауы Әбу Жаһил де өлгендердің арасында жатты. Соғыс мұсылмандардың түпкілікті жеңіске жетуімен аяқталды. Бұл соғыста мұсылмандардан он төрт кісі шейіт болды.

Ислам әскері жеңіс қуанышымен Мәдинаға оралды. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тұтқындарға жақсы қарауға бұйрық берді. Тұтқындардың бір бөлігі фидия (белгілі бір мөлшерде қаражат) төлегені үшін босатылады.

Мұндай ақшасы жоқ бірақ хат танитын тұтқындардың әрқайсысы он мұсылманға оқу-жазу үйреткеннен кейін босатылды. Пайғамбарымыздың бұл әрекеті Ислам дінінің оқу-жазуға, білімді болуға қанша-лықты мән бергенін көрсетеді.

ҰХҰД СОҒЫСЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Мүшріктердің Бәдір соғысында жеңіліске ұшырауы Меккеге үлкен қайғы бұлтын үйірді. Мүшріктер қайғырды. Пайғамбарымызға ең көп дұшпандық жасаған Әбу Ләхаб осы қайғыдан өлді.

Мүшріктер Бәдірдегі ауыр жеңілістің өшін алу үшін мың кісілік әскер дайындады. Бәдір соғысында жақындары өлген бірнеше әйел де әскер қатарына қосылды. Әбу Суфиян басшылығындағы бұл әскер Меккеден шығып, Мәдинаға жақын жердегі Ұхұд тауына барып бекініс құрды.

Пайғамбарымыздың немере ағасы Аббас ол кезде әлі мұсылман емес еді, бірақ Меккеде болатын. Мүшріктердің Мәдинаға қарай кетіп бара жатқанын хатпен жазып, жасырын түрде пайғамбарымызға білдірді. (Пайғамбарымызды өте жақсы көретін немере ағасы Аббас кейін мұсылман болған)

ҰХҰД СОҒЫСЫ және НӘТИЖЕСІ (һ.3-M.625)

Хатта жазылғандай шындығында да жау әскерінің Ұхұд тауына дейін келіп, сол жерге бекініс құрғаны белгілі болды. Осыдан кейін пайғамбарымыз сахабаларымен кеңесіп мың кісілік бір жасақпен жау әскері тұрған Ұхұд тауына қарай қозғалды. Жолда бір бармағы бүгулі үш жүз мұнафық (екіжүзділер) жасақтан шығып, мұсылмандардың санын жеті жүзге түсірді.

Мұсылмандар жау тұрған жерге барысымен, арт жағын Ұхұд тауына беріп, соғысқа әзірленді. Ислам жасағының сол жағында бір сай бар еді. Сол жерден жау келмесін деп пайғамбарымыз ол жерге елу кісіден тұратын садақшыларды орналастырды. Оларға былай деп әмір берді: “Жау жеңсін, я жеңілсін, мен бұйрық бермейінше бұл жерден қозғалмаңдар. Жаудың атты әскерлері келмей оқ атпаңдар”.

Мұсылмандардың ерлікпен күрескеніне төтеп бере алмай, жау әскері жеңіле бастады. Жасақтағы әйелдер де тауға қарай ығысып барады. Бірақ соғыс әлі толықтай біте қоймаған кез. Мұсылмандар жеңіске толық жете қойған жоқ. Сондықтан жаудың соңына түсіп, нәтижені дәл біліп алу керек еді.

Бірақ мұсылмандар жеңдік деп ойлап, жаудың қалдырып кеткен олжаларын жинай бастады. Бұларды көрген елу кісілік садақшылар да  басшыларының айтқанына құлақ аспай, бірнешеуінен басқасы орындарын тастап олжа жинауға тұра жүгірді. Әйтпесе, пайғамбарымыз оларға бұйрық бермейінше, орындарынан қозғалмауды әбден тапсырған болатын.

Садақшылардың орындарынан кетіп қалуы мүшріктердің кәдесіне жарады. Дереу жиналып, садақшылар тастап кеткен сай арқылы шабуылға кірісті. Бұл шабуылдан мұсылмандар ауыр жағдайға тап болды. Мұсылмандардың осы абайсыздықтары жеңіп тұрған жерде жеңісті қолдан беруге, бұған қоса, пайғамбарымыздың немере ағасы Хазірет Хамзамен бірге көптеген мұсылман ерлердің қазаға ұшырауы-на әкеп соқты. Пайғамбарымыздың тісі сынып, беті жараланды, тіпті соғыстың ең қызған шағында да пайғамбарымыз жүзінен аққан қанын сүртіп тұрып, былай дұға етті: “Уа, Раббым, халқымды кеше гөр... олар не істегендерін білмейді”.

Міне, пайғамбарымыздың жүрегіндегі мейірімділік пен сүйіспеншілік...

Ұхұд соғысында мұсылмандардан жетпіс кісі шәйіт болды. Ал мүшріктерден жиырма екі адам өлді. Соғыс кезінде Ислам әскеріндегі әйелдер де өз жандарын аямай қызмет етіп, әскерлерге су таратып, жа-раларын байлап, қызмет көрсетті.

Пайғамбарымыз көп жылдан кейін Ұхұд соғысы болған жерден өтіп бара жатқанда, сол қайғылы күнді еске алып, қасындағыларға былай дейді: “Мұсылмандар, енді қайта пұтқа табынуларың мүмкін емес. Бұған еш күмәнім жоқ. Мен тек сендер дүниеге табынып кетесіңдер ме деп қорқамын”.

Бұл соғыста мүшріктер жеңгенімен, жеңіске түбегейлі жете алмай кейін шегінді. Қайтадан күшін жинаған мұсылмандар біршама уақыт жаудың ізіне түсті. Бірақ жау қайтадан соғысқа беттемей, Меккесіне қайтты. Мұсылмандар болса Мәдинаға оралды.

ҰХҰД СОҒЫСЫНАН АЛЫНАТЫН САБАҚ

Соғыстың басында мұсылмандар жеңіске жеткенімен, соңында неге жеңіліске ұшырады? Мұнда мұсылмандар үшін алатын маңызды сабақтар бар:

Үлкендердің сөзін тыңдамау, басшыларға бағынбау, қасиетті қызмет болып саналатын күзету және сақшылықты тастап, жеке басының қамын ойлап кету бір қол әскердің жеңіліске ұшырауына себеп болды. Бұдан тек қана осы қателіктерді жасаушылар ғана емес, бүкіл халық зардап шекті.

Ұхұд соғысында осылай болған еді. Сайға орналастырылған садақшылардың пайғамбарымыздың әміріне  бағынбауы және күзет орындарын тастап, олжа жинауға кетіп қалуы – Ислам әскерінің жеңіліске ұшырауына және мұсылмандардың зардап шегуіне себеп болды.

Бұл тарихи оқиға – мұсылмандар үшін үлкен сабақ.

ХӘНДӘК СОҒЫСЫНЫҢ СЕБЕПТЕРІ

Пайғамбарымыз Мәдина қаласына көшкеннен кейін, сол жердегі иудейлермен келіссөз жасады. Құбаға жақын тұратын Надирұлдары деп аталатын иудейлер Ұхұд соғысынан кейін мұсылмандардың маза-сын ала бастады. Мұсылмандармен жасасқан келіссөздерін бұза бастады. Мұнымен де қоймай пайғамбарымызды өлтіру үшін қастандық та әзірледі. Сондықтан иудейлер мекендерінен қуылып, жер аударылды.

Иудейлердің басшысы мұны сылтау етіп, Меккеге барды. Ол жерде мүшріктермен келісім жасады. Ұхұд соғысынан екі жылдан кейін мүшріктер Әбу Суфиян бастаған он мың кісілік жасақпен Мәдинаға шабуыл жасау үшін Меккеден қозғалды. Бұл жағдайдан хабардар болған пайғамбарымыз әдеттегідей сахабаларымен ақылдасып, жауға қарсы соғыс тәсілін өзгерте отырып, Мәдинаны қорғауды ұйғарды.

ХӘНДӘК СОҒЫСЫ ЖӘНЕ НӘТИЖЕСІ (Һ.5 – М. 626)

Мүшріктердің үлкен жасақпен Мәдинаға келе жатқанын естіген Пайғамбарымыз  дереу сахабаларымен кеңесті. Мәдинаны ішінен қорғап, жаудың ішіне кіруіне тосқауыл болу үшін қаланың айналасына ор қазуды ұйғарды (“хәндәк” - ор деген сөз). Пайғамбарымыз бас-шылық еткен мұсылмандардың тоқтаусыз, тынбастан жұмыс жасауының нәтижесінде ор алты күнде қазылып бітті.

Жау әскері Мәдинаға келген кезде орды көріп абдырап қалды. Өтетін өткел іздеді, бірақ таба алмады. Мұсылмандар күндіз-түні күзетте тұрып, жауға шабуылдауға мүмкіндік бермеді. Пайғамбарымыздың өзі де таңға дейін күзетте тұрды.

Жау әскерінің қоршауы ұзаққа созылған сайын Мәдинада таршылық, ашаршылық бола бастады. Мұсылмандар қатты қиналды. Мезгіл қыс болғандықтан суық пен аштық әбден титықтатты.

Қоршаудың басталғанына жиырма жеті күн болды. Пайғамбарымыз Аллаға былай деп жалбарынды:

“Уа, Алла! Құран жіберген Раббым...  жаумен тез есептесетін Раббым, мынау жаудың көзін жоя көр... Оларды жеңіліске ұшы-рат... Жігерлерін құм қыла гөр, Алла!...”

Дұғасын бітіргенде, жүзінен қуаныш сезімі байқалды. Дұғасы қабыл болған еді.

Мұсылман сарбаздарға Алладан жәрдем болатынын қуана хабарлады.

Кешке қарай жау жағында қатты жел тұрды. Аз ғана уақыттың ішінде дауылға ұласып кеткен бұл жел құмтопырақты болып, жаудың бетін, көзін басып, шатырларын құлатып, қиратты. Тамақ істейтін қазандарын төңкеріп, оттарын сөндіріп тастады. Табиғаттың күші жаумен соғысып жатқандай еді. Бұл жағдай жаудың зәресін ұшырды. Көп шыдай алмады. Он мың кісілік жасақтың күл-талқаны шықты. Сол күні түнде қатты қорыққан жау әскерінің есі шығып, тағамдары мен дүние-мүлкін тастап қаша жөнелді.

Таңертең дауыл басылды. Мәдинаның маңайында дұшпан қалмапты. Мұсылмандар өздерін құтқарғаны үшін Аллаға шүкір етті. Бәдір, Ұхұд және Хәндәк соғыстарынан ешқандай нәтиже шығара алмаған Меккелік мүшріктер Ислам нұрын сөндіре алмайтындарына көз жеткізді. Содан кейін мұсылмандарға шабуылдауын доғарды.

ХҰДАЙБИЯ КЕЛІССӨЗІ (h.6-М.628)

Меккеден Мәдинаға көшіп келген мұсылмандар кіндік қаны тамған жерлерін сағынды. Меккедегі қасиетті Қағбаны зиярат еткілері келді. Хазірет пайғамбарымыз хижреттің алтыншы жылы Қағбаны зиярат ету мақсатымен бір мың төрт жүз кісімен Меккеге бару үшін жолға шықты. Меккеліктер мұны естісімен мұсылмандарды Меккеге кіргізбеуді ұйғарды.

Сондықтан мұсылмандар Хұдайбия деген жерге тоқтады. Пайғамбарымыз Хазірет Османды елші етіп Меккеге жіберіп, Қағбаға зиярат еткісі келетіндіктерін жеткіз деді. Меккеліктер мұсылмандардың Қағбаны зиярат етуіне рұқсат бермеді, мұны келесі жылға қалдырыңдар деді. Ұзақ кеңескеннен кейін мұсылмандар мен мүшріктер арасында келіссөз жасалды.

Бұл келіссөздің шарттары мынадай еді :

1) Мұсылмандар биыл Қағбаны зиярат етпей Мәдинаға кері қайтады.

2) Келесі жылы Меккеге келеді, бірақ үш күннен артық қалмайды.

3) Мұсылмандар Меккеге қарусыз келеді.

4) Мұсылмандар Меккедегі мұсылмандардың ешқайсысын Мәдинаға алып кетпейтін болады. Мәдиналықтардан Меккеде қалғысы келгендер болса, қалуларына болады.

5) Меккелік мұсылмандардан және мүшріктерден біреуі Мәдинаға баратын болса, кері қайтарылады. Мұсылмандардың біреуі Құрайыш жағына өтетін болса, ол кері қайтарылмайды.

6) Араб тайпалары қалаған жағына қосылады.

7) Келіссөзден кейін пайғамбарымыз бен сахабалары Қағбаны зиярат етпестен кері қайтады.

ХҰДАЙБИЯ КЕЛІССӨЗІНІҢ НӘТИЖЕСІ

Келіссөздің шарттары бір қарағанда мұсылмандар үшін өте ауыр сияқты болып көрінді. Соған қарамастан пайғамбарымыз бұл шарттарға келісті. Өйткені, бұл келіссөздің алдағы уақытта мұсылмандар үшін өте пайдалы болатынын білді. Шынында да солай болды. Мәдинаға қайтар жолда “Фатх” сүресі түсті. Бұл сүреде Алла Тағала мұсылмандарға үлкен жеңістің қуанышты хабарын жеткізді. Меккеде мүшріктер қол қойған бұл келіссөз арқылы алғаш рет мұсылмандарды мойындады.

Арадан көп уақыт өтпей Меккеліктерден кейбір кісілер мұсылман болып, Мәдинаға келді. Бірақ келіссөздегідей мүшріктер олардың кері қайтарылуын талап етті. Осыдан кейін мұсылман болып Меккеден қашқандар Мәдинаға бара алмағандықтан, Мекке мен Мәдина арасындағы бір жерге жинала бастады. Бұл жер – Меккеліктердің керуені өтетін маңызды жер еді.

Уақыт өте келе, бұл жерде мұсылмандар өз алдына күшті бір топты құрады. Меккеліктер бұл жағдайдан сауда жолдарына қауіп төнетін-дігін ойлап, қорқа бастады. Пайғамбарымызға елші жіберіп, қалаған Меккелік  мұсылмандардың  Мәдинаға келуіне болатынын айтып, келіссөздің бұл бабын өзгертуін сұрады. Пайғамбарымыз бұл тілектерін қабыл алды. Осылай бастапқыда мұсылмндар үшін зиянды болып көрінген келіссөздің бір бабы мүшріктердің қалауымен өзгертілді.

Хұдайбия келісімі бойынша мұсылмандар мен мүшріктер арасында араздық біраз азайды. Мұсылмандар тыныш өмір сүре бастады. Исламның үні жарқын естіле бастады. Меккедегі беделді адамдар Мәдинаға келіп, мұсылмандықты қабылдап жатты. Бұл келісім мұсылмандардың көбеюіне әрі  күшеюіне себеп болды. Нәтижеде Ислам қанатын кең жая түсті.

КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРДІҢ БАСШЫЛАРЫНА ЖОЛДАНҒАН ИСЛАМҒА ШАҚЫРУ ХАТТАРЫ

Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзатқа пайғамбар болып жіберілді. Сол себепті Хұдайбия келіссөзінен кейін Ислам дінін дүние жүзіне жеткізу міндетін жүзеге асыруға кірісті. Византия, Иран, Мысыр, Эфиопия, Омман және Бахрейн елдерінің басшыларына елшілер жіберілді. Исламға шақырып, хат жолдады. Пайғамбарымыз күмістен мөр жасатып, үстіне “Мұхаммәдур-расуллуллаһ” деп жаздырды. Жазған хаттардың асты осымен мөрленді.

Хабәшістан билеушісі Исламға шақыру хатын алысымен мұсылмандықты қабылдады. Византия мен Мысыр билеушісі пайғамбарымыздың елшілерін жақсылап күтті. Бірақ мұсылмандықты қабылдамады. Ал Иран билеушісі пайғамбарымыздың хатын оқығанда әдепсіздік көрсетті. Қатты ашуланып хатты жыртып тастады. Бұл билеуші көп ұзамай-ақ өз ұлының қолынан өліп, пайғамбарымызға көрсеткен тәрбиесіздігінің жазасын тартты.

ХАЙБАРДЫҢ АЛЫНУЫ (h.6-M.628)

Хайбар – Сирия жолының үстіндегі иудейлердің тұратын жері болатын. Бұл жерде жеті қамал бар еді. Мәдинадан қуылған иудейлердің бір бөлігі осы жерде мекендеп жатты. Хайбар иудейлері Мәдинаға шабуылдау үшін әскер құрды. Пайғамбарымыз оларға елші жіберіп, келіссөзге келуге шақырды. Иудейлер ол ұсынысты қабылдамады. Мұсылмандарға шабуыл жасау үшін Ғатафан арабтарымен келісті. Олар шабуылды бастамай тұрып, мұсылмандар олардан бұрын әрекет етіп, бір мың алты жүз кісілік жасақпен аттанды. Үш күнде Хайбарға жеткен мұсылмандарды көріп иудейлер қамалдарына тығылды. Сол арада пайғамбарымыз былайша дұға етті:

“Уа, Раббым, біз сенен бұл елдің, осы өңірдің халқының, осы елдегі барлық нәрсенің жақсылығын ғана тілейміз. Оның халқы мен барлық жаманшылығынан өзің сақта”.

Алдымен пайғамбарымыз келісімге келуді ұсынды, бірақ иудейлер ұсынысты қабылдамады. Нәтижеде соғыс басталды. Он күнге созылған, кескіліскен соғыстың нәтижесінде қамалдар бірінің артынан бірі алынды. Хазірет Әли бұл соғыста ерен ерлік көрсетті. Бір сәт қалқаны қолынан ұшып кеткенде, бекіністің есігін жұлып алып, өзіне қалқан етіп, шайқасуын тоқтатпады. Соғыста мұсылмандардан он кісі шейіт болды. Ал иудейлерден тоқсан үш адам өлді.

Кейбір мұсылман әйелдер тоқыма тоқып, өздерінің тапқан-таянғандарымен әскерлерге көмектесіп, жаралыларға дәрі беріп, соғыс алаңында жауынгерлерге су таратып, соғысқа белсене қатысты. Шарасы таусылған иудейлер келісімге келуді сұрады. Өз жерлерінде қалып, шаруашылықпен айналысып, тапқан өнімдерінің жартысын мұсылмандарға беріп отыруға ұсыныс жасады. Осындай ұсыныстары қабыл болады. Пайғамбарымыз иудейлерге жақсылық жасады. Соған қарамастан, олар ас беріп, қонаққа шақырып, Расулды уламақшы болды. Алла пайғамбарымызға тамаққа у қосылғанын білдірді. Сөйтіп ауызға салған тамағын қайта шығарып, бір уланудан аман қалды.

ҚАҒБА ЗИЯРАТЫ (Қаза ұмрасы) (һ.7-М.629)

Бір жыл бұрын жасалған Хұдайбия келісіміне байланысты бұл жылы мұсылмандар Меккеге барып, Қағбаны зиярат етпекке ниеттенді. Пайғамбарымыз екі мың мұсылманмен бірге Мәдинадан Меккеге келді. Қағбаны көрген кезде бәрі бірден “Аллаһу әкбар” деп тәкбір айтты. Қағидаларына сай Қағбаны зиярат етіп, ихрамнан шықты. Ертесі күні пайғамбарымыз Қағбаға кірді. Түскі намаздың уақыты кірісімен Біләл Хабаши ашық әрі әдемі дауыспен азан оқыды. Екі мың мұсылман жамағатпен Бесін намазын оқыды.

Мұсылмандар Меккеде үш күн болып кері қайтты. Осы зиярат кезінде Меккеліктер мұсылмандарды мұқият қадағалады. Мұсылмандардың тазалығы, көркем мінезі оларға қатты әсер қалдырды. Исламға деген сүйіспеншіліктері ояна бастағандай. Көп өтпей Құрайыш басшыларынан Халид бин Уәлид пен Амр бин Ас Мәдинаға барып мұсылмандықты қабылдады.