ТӘУЕКЕЛ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ЕТУ
24/05/2017 175910 0 Muftyat.kz

ТӘУЕКЕЛ ЖӘНЕ ЕҢБЕК ЕТУ
Тәуекел – кез келген іске бар күшімізді салып, қолымыздан келгенше әрекеттеніп, нәтижесін Алладан күту.
Мұны бір мысалмен түсіндірейік.
Егіннен жақсы өнім алғысы келген диқан әуелі егіс алқабын жақсылап жыртып, тұқым себеді, тыңайтқыш беріп, қажет болған кезде суарады. Егінді зиянды жәндіктерден қорғау үшін әр түрлі шаралар жасағаннан кейін ғана Аллаға тапсырып, тәуекел етеді. Өйткені, диқан барлық қолынан келгенін жасады. Енді егіннің өсіп, өнім беруін Алладан күтеді. Нағыз тәуекел, міне осы.
Әйтпесе ешқандай маңдай терін төкпестен бір істің бола қоюын қалау және нәтижесін Алладан күту – тәуекел емес. Бұл мұсылманға жараспайтын қате пікір.
Түйесін қазыққа байламай, бос қоя беріп “Аллаға тәуекел еттім” деген бір кісіге Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Алдымен түйеңді байлап, содан кейін ғана тәуекел ет”.[1]
Бұл сөзден мұсылманның әуелі қолынан келгенін жасап, тек содан кейін ғана Аллаға тәуекел ету керектігін түсінудеміз.
Намаз оқып, ораза ұстау қалайша діни міндет болып табылса, күн көрісін қамтамасыз ету үшін еңбек етіп, ақша табу да ғибадатқа теңесер міндет.
Алла Тағала былай дейді:
“Намаз оқылып болған соң жер жүзіне таралып, Алланың мол рақымынан нәсіптеріңді іздеңдер”[2].
Пайғамбарымыз да адал табыс табудың парыз екенін айтқан.[3] Хазірет Омар: “Ешбірің ризық іздеместен “Уа, Алла, маған ризық бер” демесін. Көктен алтынның да, күмістің де жаумайтынын жақсы білесіңдер” деген.[4]
Көріп отырғанымыздай, еңбек ету – дініміздің әмірі, мұсылманның міндеті. Бір істе табысқа жету үшін алдымен қолымыздан келгенін жасаймыз, бар күшімізді салып еңбектенеміз. Содан кейін ғана табысқа жеткізуді Алладан күтеміз.
[1] Кәшфүл-хафа, 1-том, 144-бет
[2] Жұма сүресі, 10-аят
[3] Кәшфүл –хафа, 3-том, 46-бет
[4] Шарху Айнил-илм, 1-том, 182 бет