Tań 03:07 Kún 04:52 Besіn 12:17 Ekіntі 17:18 Aqsham 19:33 Quptan 21:19

Payğambarlarğa iman

04/04/2019

ПАЙҒАМБАРЛЫҚ ЖӘНЕ ПАЙҒАМБАРЛАРҒА ҚАЖЕТТІЛІК

Иманның алты шартының төртіншісі пайғамбарларға иман келтіру. Пайғамбарлық – Алла мен адамдар арасындағы елшілік міндеті. Алла лайықты деген сүйікті құлдарын пайғамбар етіп таңдайды. Пайғамбарлар адамдарға дұрыс жол көрсетуші ретінде жіберіледі. Адамзат осындай дұрыс жол көрсетушілерге мұқтаж.

Өйткені, адамдар өз ақылымен Жаратушының бар екендігін білсе де, Алланың ұлы сипаттарын түсіне алмайды. Аллаға қалай құлшылық ету керектігін, о дүниені және сол жерде кімдерге сыйсыяпат берілетіндігін, кімдердің жазаға тартылатындығын, дүние мен ақыретте бақытқа қалай қол жеткізу жолын біле алмайды.

Бұл ақиқаттарды адам баласына үйрету, дүние мен ақыретте бақытқа жетудің жолдарын көрсету үшін Алла Тағала пайғамбарлар жіберген.

ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ МІНДЕТТЕРІ

Пайғамбарлар адам баласына Алланы танытып, иман негіздері мен ғибадатты қалай жасау керектігін үйреткен. Діни үкімдер мен әдептілік қағидаларын түсіндіріп, өздері де айтқандарын орындап, адамзатқа үлгі-өнеге болған.

Пайғамбарлар қандай қиыншылықтарға тап келсе де өз міндеттерін орындап, иман келтірмегендерге пайғамбар екендіктерін дәлелдеу үшін ешкімнің қолынан келмейтін таңғажайып жағдайларды жасап, мұғжизалар көрсеткен. Алланың бұйрықтарын орындағандарды жәннатпен сүйіншілеген, бұйрықтарына бойұсынбағандарды тозақ аза-бымен жазалайтындығын хабарлаған.

Пайғамбарлар – Алланың адамдар арасынан таңдап алған, барша көркем мінез бен ахлаққа ие болған дара тұлғалар.

Пайғамбарларда болуы шарт сипаттар:

1) Сыдық: Шыншыл дегенді білдіреді. Пайғамбарлар ерекше шын-шыл адамдар. Ешқашан жалған сөйлемейді. Болды дегендері болған, болады дегендері уақыты келгенде жүзеге асқан.

2) Аманат: Сенімді дегенді білдіреді. Пайғамбарлар әр қырынан сенімді тұлғалар. Аманатқа ешқашан қиянат жасамайды.

3) Фәтанат: Ақылды әрі парасатты дегенді білдіреді. Пайғамбарлар ақылды, парасатты, ерекше зерек тұлғалар.

4) Исмәт: Күнәдан аулақ болу дегенді білдіреді. Пайғамбарлар жасырын яки ашық түрде күнә істемейді.

5) Тәблиғ: Жеткізу, уағыздау дегенді білдіреді. Пайғамбарлар Алладан алған діни үкімдерді сол қалпында еш өзгертпестен адамдарға жеткізіп, уағыздаған.

ҚҰРАН КӘРІМДЕ АТЫ АТАЛҒАН ПАЙҒАМБАРЛАР

Алғашқы пайғамбар – Хазірет Адам (алейһиссәләм), соңғы пайғамбар – Мұхаммед (с.а.у.). Бұл екеуінің арасында көптеген пайғамбарлар келген. Құран Кәрімде пайғамбарлардың жиырма бесінің есімі аталады. Бірақ жалпы саны одан да көп. Біз Құран Кәрімде аты аталған пай-ғамбарлармен қатар саны тек қана Аллаға мәлім басқа пайғамбарларға да ешқандай бөліп-жармай сенеміз.

Құран Кәрімде аты аталған пайғамбарлар мыналар:

Адам, 2. Ыдырыс, 3. Нұх, 4. Һұд, 5. Салих, 6. Лұт, 7. Ибраһим, 8. Исмайыл, 9. Ысқақ, 10. Яқуб, 11. Юсуф, 12. Шұғайып, 13. Һарун, 14. Мұса, 15. Дәуіт, 16. Сүлеймен, 17. Әйюб, 18. Зулкифил, 19. Юнус, 20. Ілияс, 21. Әлясағ, 22. Зәкәрия, 23. Яхия, 24. Иса. 25. Мұхаммед (с.а.у.).