АЛЛАНЫҢ БАР ЖӘНЕ БІР БОЛУЫ
24/05/2017 275749 0 Muftyat.kz

Иманның алты шартының біріншісі – Аллаға иман келтіру. Ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған жастың алғашқы міндеті, Алланың бар және бір екендігіне иман келтіру.
Айналамызға көз жіберсек, әр нәрсенің өздігінен болмағандығын аңғарамыз. Шебер жасалған өнер туындысы, оны істеген бір ұстаның бар екендігін білдіреді. Мысалы: ұстап жүрген сағатты жасаған бір шебер, бөлмеміздің қабырғаларын әрлеген өнер туындылары болған көріністерді сызған бір суретші, отырған үйімізді салған бір құрылыс-шы жоқ па? Әрине, бар.
Олай болса, өте нәзік жүйелі түрде құрылып, таңғаларлық жүйеде істеп тұрған әлемді, тамаша өнер туындысы болған адамды жаратқан бір жаратушы бар. Ол жаратушы, шексіз күш-құдірет иесі – Алла. Мына ұшы-қиырсыз әлем Алланың бар екендігін және әлемде бай-қалған үйлесімдік пен таңғаларлық жүйе Алланың бір екендігін айғақтайды.
Біздің міндетіміз: бізді жаратып, өмір сыйлаған Аллаға иман келтіріп, шын көңілімізбен бойұсыну. Шынайы иман келтіріп, Хақ жаратушыны тануымыз үшін әуелі сипаттарын үйренуіміз қажет.