ХАЗІРЕТ МҰХАММЕДТІҢ (ﷺ) ПАЙҒАМБАР БОЛУЫ және ЖАСЫРЫН (ДІНГЕ) ШАҚЫРУ
25/05/2017 72849 0 Muftyat.kz

АЛҒАШҚЫ УАХИДЫҢ КЕЛУІ (М. 610 ЖЫЛ)
Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) 40 жасқа келгенде, оның бойынан кейбір өзгерістер байқала бастады. Азық-түлігін алып Мекке қаласына жақын Хира тауындағы бір үңгірге кетіп қалатын. Сонда бірнеше күнді жалғыз өткеретін. Үнемі әлемді жаратқан Алланың ұлылығын ойлады. Түсінде көргендері өңінде де айна-қатесіз орындалып жата-тын. Ешкім көре алмайтын жағдайларға куә болды. Бұл жағдай алты ай бойы жалғасты. Ұлы Алла Тағала оны рухани тәрбиелей отырып, пайғамбарлыққа дайындап жатқан еді.
Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) милади жыл санауы бойынша 610 жылдың Рамазан айының дүйсенбі күні тағы да сол Хира тауындағы үңгірінде жападан жалғыз бар болмысымен беріліп, тек қана Алланы ойлаумен болды. Сол кезде періште Жәбірейіл (а.с.) оған көрініп, “Оқы!” дейді.
Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын):
“Мен оқу білмеймін”, – деді.
Жәбірейіл (а.с.) екінші рет “Оқы” деді. Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) тағы да оқу білмейтінін айтты.
Жәбірейіл (а.с.) үшінші рет “Оқы” дегенде, Хазірет Мұхаммед
(Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) “Не оқиын?” – деп сұрады.
Сол кезде Жәбірейіл (а.с.) Құран Кәрімдегі “Алақ” сүресінің басындағы төмендегідей мағынаны білдіретін аяттарды оқытады:
“Жаратқан Раббыңның атымен оқы,
Ол адамды ұйыған қаннан жаратты.
Оқы! Ол Раббың аса ардақты,
Қаламмен жазуды үйретті,
Адамға білмегенін үйретті”.
Хазірет Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы уахи (Алладан аян) осылай келді. Осыдан бастап үздік-үздік Құранның аяттары түсе бастады. Содан кейін періште кезден ғайып болды. Оқылған аяттар пайғамбарымыздың жүрегіне жазылып қалғандай әсермен оны өз-өзінен оқи бастады.
Алғашқы уахидің ауырлығынан өзіне алған міндеттің ұлылығы мен жауапкершілік сезімінің әсерімен үйіне оралады. Басынан өткен оқиғаларды Хазірет Хадишаға айтып береді. Хадиша оны жұбатып:
“Мынау қуанышты хабар ғой, сабыр ет. Ант етейін, сен осы үмбеттің пайғамбары боласың. Ұлы Алла сені еш уақытта жалғыз қалдырмайды. Өйткені туысқандармен араластығың жақсы, уәдеңде тұрасын, адал, шыншылсың, қиындықтарға төзіп, қонақтарды құр-меттеп күтесін. Басына күн туған адамдарға жәрдем бересің. Мұндай құлын Алла жалғыз тастамайды”, – деді.
АРАЛЫҚ УАҚЫТ (ФӘТРӘТ)
“Алақ” сүресінің алғашқы бес аяты түскеннен кейін уахи біраз уақыт үзіліп, Жәбірейіл (а.с.) көрінбеді. Бұл аралық уақыт Хазірет Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) уахиді қарсы алуға жақсылап дайындалу үшін берілген еді. Дегендей-ақ пайғамбарымыз иләһи (тәңірлік) уахидың қайта келуін шын көңілден қалап, оны қабылдауға іштей дайындығын пысықтады.
Сол кезде Жәбірейіл (а.с.) оған көрініп, “Муддассир” сүресінің алғашқы аяттарын жеткізді. Ол аяттардың мағыналары мынандай:
“Уа, жамылғысына орнаған (Мұхаммед)
Тұр енді! Адамдарға ескерт!
Раббыңды ұлықта!
Киіміңді таза ұста!
Әр түрлі лас істерден аулақ бол!”
Осыдан кейін уахидің келуі үзілместен келе бастады және Құран Кәрім 23 жылда толық түсіп бітті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, алғашқы уахиден кейінгі уақытша аралық мерзім, яғни уахи уақытша келмей қалған уақыт “Фәтрәт уақыты” деп аталады.
ИСЛАМҒА ШАҚЫРУДЫҢ БАСТАЛУЫ
Уахидің келуімен пайғамбарлық міндет жүктелгені белгілі болды. Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығы жайында ең әуелі сенетін адамдарына айтты әрі оларды Исламға шақырды. Алғашқы мұсылмандар ғибадаттарын жасырын түрде жасады. Бұл жағдай үш жылға созылды. Осы уақыт ішінде мұсылмандықты қабылдағандардың саны отыздан асты.
АЛҒАШҚЫ МҰСЫЛМАНДАР
Хазірет пайғамбарымызға ең алдымен ардақты жұбайы Хазірет Хадиша сенді, одан кейін балалардан Хазірет Әли, құл болып жүргенде азат қылған Зәйт, ересектерден жанашыр досы Хазірет Әбу Бәкір иман етіп мұсылман болды.
ХАБӘШІСТАНҒА ЖАСАЛҒАН АЛҒАШҚЫ ХИЖРЕТ (КӨШ)
Мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен зорлық-зомбылығы күн өткен сайын арта түсті. Мұсылмандар ғибадаттарын еркін жасай алмады, ашық түрде дауыстап Құран оқи алмайды. Сондықтан Хазірет Мұхаммед мұсылмандарға сенімдірек орын болып табылатын Хабәшістанға (Эфиопия, Аббиссиния) хижрет жасауға (көшуге) рұқсат берді.
Он бір ер және төрт әйелден тұратын алғашқы көш Хазірет Мұхаммедтің (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлығының бесінші жылы Мекке қаласынан жа-сырын шығып, Қызыл теңіз жолымен Хабәшістанға барады. Араларында Хазірет Осман мен зайыбы, пайғамбарымыздың қызы Рүкия да бар еді. Ол жерде жылы қарсы алынған мұсылмандар тыныш, бақытты өмір сүре бастады.
Алғаш кеткен топтың тыныш өмір сүріп жатқанын естіген мұсылмандардан 80 кісілік екінші топ бір жылдан кейін сонда қоныс аударды. Көштің басында Хазірет Әлидің бауыры Жағфар Тайяр болған еді.
ХАБӘШІСТАН ПАТШАСЫ НӘЖАШИДІҢ МҰСЫЛМАНДАРҒА ЖАСАҒАН ҚАМҚОРЛЫҒЫ
Меккелік мүшріктер мұсылмандардың Хабәшістанда рахат, тыныш өмір сүріп жатқанына ызаланып, көре алмады. Оларды кері қайтару үшін Хабәшістан патшасы Нәжашиге көп тарту-таралғымен, екі елші жіберді. Елшілер Нәжашиден мұсылмандарды кері қайтаруды сұрады. Өзі христиан болған Нәжаши мұсылмандарды шақырып, Ислам діні жайында мағлұмат алды. Екі жақты да тыңдағаннан кейін мұсылман-дардың дінін дұрыс деп тауып, елшілерді кері қайтарып жіберді.
Осыдан кейін Нәжаши мұсылмандарға бұрынғыдан да көбірек қамқорлық жасады. Мұсылмандар мен Хабәшістанның тұрғылықты халқы тату-тәтті өмір сүрді.