Таң 03:07 Күн 04:56 Бесін 13:18 Екінті 18:52 Ақшам 21:30 Құптан 23:19

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) ҚОШТАСУ ҚҰТПАСЫ

26/05/2017 879987 0 Muftyat.kz

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (ﷺ) ҚОШТАСУ ҚҰТПАСЫ

Бұл құтпада адамдардың өзара теңдігі айтылып, шын мәнінде бақытты әрі тыныш өмірдің іргетасы қаланды. Ол кезде дауысты алысқа жеткізетін құрал болмағандықтан, пайғамбарымыздың аузынан шыққан әр сөзді басқа біреу қайталап, бүкіл жиналғандар бір-біріне естіртті. Бұл құтпа адамның құқығын қорғайтын маңызды үкімдер жинағын қамтыды.

Қоштасу құтпасында айтылған үкімдер:

Исламнан бұрынғы қараңғылық дәуірінің нашар әдет-ғұрыптары жойылды.

 Барлық адам тең. Біреудің басқадан артықшылығы Аллаға құрмет көрсетуіне (тақуалығына) байланысты.

1) Жан, мал-мүлік және ар-намыс қасиетті, әр түрлі зорлық-зомбылықтан қорғалған.

2) Аманат иесіне берілуі керек.

3) Өсімнің (пайыздың) барлық түрі харам.

4) Қан дауы (қанға – қан) жойылды.

5) Ер кісілер әйелдердің құқын қорғайды, әйелдер де ер кісілердің құқына құрмет көрсетеді. Әйел де, ер де зинадан бойын аулақ ұстауы керек.

6) Барлық мұсылман бір-бірімен бауыр. Діни бауырластық құқына қиянат жасау – харам.

7) Қызметшілерге жақсы қарау керек.

Пайғамбарымыздың тарихи қоштасу құтпасынан үзінділер:

Уа, жарандар!

Сөзімді мұқият тыңдаңдар. Сірә, енді сендермен бұл жерде қайта кездесе алмаспын. 

Уа, халайық! Бұл күндерің қандай қасиетті болса, мынау айларың қандай қасиетті болса, мына қала (Мекке) қандай қасиетті болса, жандарың, малдарың, намыстарың да сондай қасиетті, әр түрлі зорлық-зомбылықтан қорғалған.

Сахабаларым! Ертең Раббыларыңа қауышасыңдар және бүгінгі барлық іс-әрекеттеріңнен сұралатындарың анық. Меннен кейін ескі қалыптарыңа түсіп, жолдарыңнан адаспағайсыңдар, тіпті ол өткендеріңе мойын бұрып та қарамаңдар. Бұл өсиетімді осы жердегілер бұл жерге келе алмағандарға естіртсін. Бәлкім, ол адам осы жерде тұрып өз құлағымен естіген адамнан да жақсы түсініп, орындар. 

Сахабаларым! Кімде аманат болса, иесіне берсін. Өсімнің барлық  түрі жойылды. Бірақ негізгі борыштарыңды өтеңдер. Жәбір жасамаңдар, жәбірге ұшырай көрмеңдер де. Алланың әмірі бойынша өсімқорлыққа (пайызға беру, алу) тыйым салынды. Қараңғылық дәуірінің сарқыншағы болып табылатын бұл жаман әдеттің барлық түрі менің аяғымның астында.

Сахабаларым! Қараңғылық дәуіріндегі қан даулары да түп-тамырымен жойылды.

Уа, халайық! Бүгін шайтан сендерге билік жүргізе алатындай күшін жоғалтты. Бірақ мен жойған нәрселерден басқа елеусіз болып көрінген істерде оның тілін алсаңдар, осының өзі оны қуантуға жет-кілікті. Діндеріңді қорғау үшін бұлардан аулақ жүріңдер.

Уа, әлеумет! Әйелдердің құқықтарына құрметпен қарауға және бұл тұрғыда Алладан қорқуға кеңес беремін. Сендер әйелдерге тәңірінің аманаты деп қараңдар. Олардың ар-намысын, ұятын Алла атынан уәде беріп өздеріңе адал еттіңдер. Сендердің әйелдеріңнің алдында, әйелдердің де сендердің алдарыңда құқықтары бар. Әйелдердің алдындағы құқыларың олардың жар төсегін былғатпауы.

Уа, мүминдер! Сендерге аманат қалдырып барамын. Содан айырылмасаңдар, еш уақытта адаспайсыңдар. Ол аманат – Алланың кітабы Құран.

Мүминдер! Сөзімді мұқият тыңдаңдар және ұғыңдар. Мұсылман –мұсылманның бауыры, бүкіл мұсылман бір-біріне бауыр. Дін бауырластарыңның құқына қиянат ету – харам.

Сахабаларым! Өздеріңе қиянат жасамаңдар. Өздеріңе тиесілі де ақыларың бар.

Уа, адамдар! Алла Тағала құқы бардың бәріне өз құқын (Құpанда) берген. Ендеше, мұрагерлерге өсиет етудің керегі жоқ.

Уа, халайық! Раббыларың – біреу. Әкелерің – біреу. Бәрің Адамның ұрпағысыңдар. Ал адам топырақтан жаратылған. Кімде-кім Аллаға құрмет көрсетсе, Алланың жанында сол адам құрметке бөленеді. Алла алдындағы тақуалығынан басқа арабтың араб еместен ешқандай артықшылығы жоқ.

Уа, халайық! Ертең сендерден мені сұрайды. Сонда не дейсіңдер?

Сол жердегілер:

“Елшілік міндетіңді кәміл атқардың, бәрімізге өсиет айтып, үгіт-насихат жүргіздің деп куә боламыз”, – деді. (Сол кезде Алланың расулы сұқ саусағын жоғары көтеріп жамағатты үстінен ишара жасап былай деді: Куә бол, Аллам. Куә бол, Аллам. Куә бол, Аллам.