БОЙКОТ және ҚАЙҒЫЛЫ ЖЫЛДАР
26/05/2017 148428 0 Muftyat.kz

Хазірет Хамза мен Омардың мұсылман болуы және Исламның күннен-күнге жайылып, тамырын тереңге салуы мүшріктерге үрей салды. Сондықтан жиналып мұсылмандарға қарсы байланысты үзуге қатысты тыйым жариялауға шешім қабылдайды:
“Бұдан былай мұсылмандармен және оларға қамқор болғандармен, Мұхаммедтің туысы – Хашым ұлдарымен барлық байланыс түрлерін үземіз. Олармен ешкім сөйлеспейді, сауда жасамайды, қыз алып, қыз бермейді”.
Мүшріктерден Мансұр бин Икрима бұл шешімді жазды, сонан соң оны Қағбаның қабырғасына ілді.
Бұл тыйым туралы шешім үш жылға дейін созылды. Осы уақыт ішінде мұсылмандар өте көп қиыншылық көрді. Мүшріктер қаланың мұсылмандар тұратын аймағында тамақ, киім жібермеу үшін қолдарынан келгенше тырысып бақты. Мұсылмандар ислам үшін әр түрлі қиыншылыққа, аштыққа және шөлге де шыдады. Ағаш жапырақтарын азық етіп, өмір сүруге тура келеді. Ал, аштықтан жылаған балалардың жағдайы тіптен аянышты болып жүректерді сыздататын.
Адамгершілікке жат мұндай қылықтарынан да мүшріктер ештеңе шығара алмады. Ислам нұрының жайылуына тосқауыл бола алмайды. Қағбаның қабырғасында ілулі тұрған келіссөзді күйе жеп, “Алла”дегеннен басқа барлық жазудың көзін құртты. Және де Мансұр бин Икриманың келіссөз жазған қолы тартылып, шолақ болып қалды. Ол кезде “Бисмилләһ” орнына “Бисмикәллаһүммә” қолданылатын.
Ақыр соңында мүшріктерден бірнеше кісі ынсапқа келіп, шешімді алып, жыртып тастады. Сөйтіп келіссөз өз күшін жойып, мұсылмандар қиыншылықтан құтылды. Мұсылмандарға жасалған бұл шешім пайғамбарлықтың жетінші жылынан оныншы жылына дейін үш жылға созылды.
Шешім өз күшін жойғаннан кейін пайғамбарымыз да, мұсылмандар да еркін тыныс ала бастады. Бірақ көп ұзамай пайғамбарымыздың немере ағасы Әбу Талиб, бірнеше күн өткеннен кейін жұбайы Хазірет Хадиша қайтыс болды.
Әбу Талиб пайғамбарымызды өз баласындай жақсы көріп, қорғайтын. Хазірет Хадиша болса пайғамбарымызға ең алғаш иман еткен, қиын шақтарда оны жұбатып, сүйеніш болған адал жары еді. Пайғамбарымыз үнемі өзіне сүйеу болған бұл екі қымбатты жақынынан айырылып, қайғырды. Сондықтан бұл жыл “қасірет жылы” деп аталды.
Әбу Талиб пен Хазірет Хадишаның өлімінен кейін мүшріктер пайғамбарымызға көрсеткен зорлық-зомбылықтарын арттыра түсті. Бір күні пайғамбарымыз көшеден өтіп бара жатқанында мүшріктердің біреуі басына топырақ шашты. Хазірет пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) сол күйі үйіне келгенде қызы Хазірет Фатима әкесін бұл күйде көргенде іші сыздап, жүрегі ауырды. Үстіндегі топырақты тазартып тұрып жылады. Қызының жылағанын көрген пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) “Жылама, балам, Алла Тағала әкеңді қорғайды” деп, Аллаға деген сенімін тілге тиек етті.
Әбу Талиб пен Хазірет Хадиша қайтыс болғаннан кейін мүшріктердің көрсеткен зорлық-зомбылығының артуына байланысты пайғамбарымыз Тайф халқын Исламға шақыру үшін алғашқы мұсылмандардан Зәйд ибни Харисаны қасына алып, Тайфқа кетті. Тайфтықтар Исламды қабылдамағанымен қоймай, пайғамбарымыздың ол жерден кетуін қалайды. Мұнымен қоймай, пайғамбарымызға тас жаудырды. Бұл тастардан тағы жарақаттанып, қан кетеді, жүре алмайтындай халге келеді. Зәйд денесімен пайғамбарымызға жауған тастардан оны қорғауға тырысады.
Жол шетіндегі бір бақты паналаған пайғамбарымыз ол жерде біраз уақыт тыныққан соң қайғырып, Меккеге оралды. Пайғамбарымыз ең көп осы сапар кезінде жәбір көрген еді. Бірақ сонда да үмітсіздікке бой алдырмайды. Алған бетінен қайтпайды. Міндетін атқара береді.
Пайғамбарымыз көптеген жылдар Мекке халқын Исламға шақырып, бірақ Меккеліктердің қырсықтығынан үлкен қиыншылық көрді. Дегенмен, олардың бұл қыңыр мінезі оны міндетінен бас тартқыза алмайтыны анық еді. Исламның нұрының адамзатқа жол сілтеуі жалғаса берді. Осы үшін Алла Тағала жаңа бір мүмкіндік ашты. Бұл Мәдина қаласы еді.
Пайғамбарлықтың он бірінші жылы Қажылық уақытында Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Меккенің сыртына шықты. Мәдинадан келе жатқан алты кісілік бір топпен кездесті. Оларға пайғамбар болғаны жайында айтып берді. Құран оқыды. Алла Тағаланың әмірлері жайында айтты. Оларды мұсылман болуға шақырды.
Мәдиналықтар ойы түзу адамдар болатын. Пайғамбарымыздың айтқандарының қисынды және дұрыс екендігін мойындап, мұсылмандықты қабылдады. Олар Мәдинаға қайта оралған соң, Ислам дінін таратуға күш салды.
1) Ақаба анты: (Пайғамбарлықтың 12-жылы)
Келесі жылы Меккеге келген Мәдиналық он екі кісілік топ Меккеге жақын Ақаба деген жерде пайғамбарымызбен кездесті. Басшылары Әсат бин Зурара еді. Олардың араларында бір жыл бұрын мұсылман болған бес кісі де бар еді. Олар “Аллаға серік қоспау, ұрлық қылмау, зина жасамау, өтірік және жала жабудан аулақ болу. Пайғамбарға қарсы келмеу” жөнінде пайғамбарымызға серт берді. Бұл “Бірінші Ақаба анты“ деп аталды.
Мәдиналықтар өздеріне Исламды үйрететін біреуді сұрады. Пайғамбарымыз бұл міндетті Мұсғабқа жүктеп, соны жіберді. Мұсғаб Мәдинада Ислам негіздерін үйретіп, оның кең тарауына үлкен еңбек сіңірді.
2) Ақаба анты (Пайғамбарлықтың 13-жылы )
Бұл жылы Мәдинадағы мұсылмандардан 75 кісілік бір топ Меккеге келді. Олардың екеуі әйел еді. Ақаба деген жерде пайғамбарымызбен кездескеннен кейін екінші Ақаба анты жүзеге асты. Ол ант бойынша, Мәдиналықтар әйелдерін, қыздарын қалай қорғайтын болса, пайғамбарымызды да тура солай қорғайтындарын айтып, уәде берді. Бәрі пайғамбарымызға қол беріп ант етті.
Содан кейін пайғамбарымыз араларынан 12 кісіні уәкіл қылып сайлауды сұрады. Олар 12 кісіні уәкіл етіп сайлады. Бәрі де Хазірет пайғамбарға “Қиыншылықта болсын, қуанышта болсын, кез келген жағдайда тек қана шындықты айтуға және Алла жолында еш нәр-седен қорықпауға ” уәде берді.
Ақаба анттары – Исламның таралуындағы маңызды бір белес болған еді.
“Миғраж” сөздікте “жоғары көтерілу” ал “Исра” болса “түнде жүру” деген сөз. Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) хижреттен бір жарым жыл бұрын Режеп айының 27-түні Меккедегі Мәсжид-Харамнан Құдыстағы Мәсжид-Ақсаға барып, ол жерден көкке көтеріліп, періштелер әлемін тамашалаған.
Алланың шексіз құдіретінің белгісі әрі пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі Миғраж оқиғасына мүшріктер сенбеді. Өйткені олардың Алланың ұлылығын, құдіретінің кеңдігін түсінуге ақылы жетпеді. Ойлары шектеулі, сенімдері жалған болғандықтан, Миғраж мұғжизасын түсінетіндей шамада емес еді.
Мұсылмандар еш шүбә келтірместен Миғражды мойындайды және оған сенеді. Хазірет Әбу Бәкірге миғраж оқиғасын айтып бергенде, ол: “Мұны Мұхаммед айтса күмәні жоқ” дейді де пайғамбарымызды құптайды. Осыдан кейін оған “құптаушы (адал)” деген мағынаны білдіретін “Сыддық” деген лақап ат тағылды.
Саяхаттан оралған кез-келген жанның жақындарына сыйлық ала келетіні сияқты пайғамбарымыз да қасиетті Миғраж сапарынан маңызды сүйіншілермен және өзіндік сый-тартумен оралды.
Миғраж түні пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) биік мәртебеде Алламен кездесіп, арада ешқандай дәнекерсіз иләһи (тәңірлік) уахиды естиді. Бұл деңгейде оған үш нәрсе берілді:
1) “Бақара” сүресінің соңғы екі аяты (әмәнәр-расулу)
2) Үмбетінің Аллаға серік қоспағандары жәннатқа кіретіндігі жайындағы қуанышты хабар.
3) Миғраж сыйы ретінде бес уақыт намаз.
Ислам шарттарының бірі әрі діннің тірегі болып табылатын намаз Миғраж түнінде парыз болды.