ИСЛАМҒА АШЫҚ ШАҚЫРУ
25/05/2017 213532 0 Muftyat.kz

Пайғамбарымыз Исламға шақыруды алғашқы үш жыл жасырын түрде жүргізді. Кейіннен мынадай мағынадағы аяттардың түсуімен халықты ашық түрде Ислам дініне шақыра бастады.
“Сен ең жақын туыстарыңды шақыр, мүминдерден саған ергендерге қанатыңды жайып, хақ жолын көрсет. Егер саған қарсы келетіндер болса, оларға “Мен сендердің істеп жүргендеріңнен аулақпын де.”[1]
“Енді саған қандай әмір берілсе, ашық түрде жеткіз. Серік қосушылардан теріс айнал.”[2]
Осыдан кейін пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) алдымен жақын туыстарын үйіне жинап, құрмет көрсетіп күтті. Алладан келген бұйрықты баяндай отырып, Ислам дініне шақырды. Немере ағасы Әбу Ләһаб пайғамбарымызға қарсы шығып, жиналғандарды таратып жіберді.
Біраз уақыт өткеннен кейін пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) шақыру тәсілін кеңейту үшін Сафа жотасына шықты. Осы жерден Меккенің халқына жар салды. Дауысын естіген жұрт төңірегіне жиналды.
Пайғамбар (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жиналғандарға:
“Мына төбенің артында дұшпан әскері келе жатыр десем, маған сенесіздер ме?” – деп сұрады.
Бәрі бірауыздан:
“Иә, сенеміз. Өйткені сенің өтірік айтқаныңды ешқашан естіген емеспіз”, – деп жауап берді.
Сол кезде пайғамбарымыз оларға:
“Ендеше, біліп қойыңыздар, Алла мені пайғамбар етіп таңдады.
Маған періштесі арқылы Өзінің сөзін жеткізді. Адамдарды өзінің ақиқат діні Исламға шақыруыма бұйрық берді. Алла жалғыз, Одан басқа тәңір жоқ. Ал мен – сіздерге және бүкіл адамзатқа жіберілген пайғамбармын”.
Сол кезде Әбу Ләһаб орнынан атып тұрып, пайғамбарымыздың көңіліне тиетін сөздер айтты. Содан кейін жиынға келгендер тарап кетті. Осылайша бұл жиыннан да нәтиже шықпады.
Мүшріктер мұсылман болғандарды сенімінен бас тартқызу үшін әр түрлі қысым жасай бастады.
Исламның ең үлкен дұшпандары Үмәйя ибн Халаф Біләл Хабашиді ыстық құмға жатқызып, денесін таспен бастырып, бірнеше сағат күн-нің астына тастап қойып:
– Егер мұсылмандықтан бас тартпасаң, сені осылай өлтіреміз, – деді. Мұнысынан ешқандай нәтиже шығара алмаған соң Біләлдің мой-нынан жіп тағып, Меккенің бір басынан екінші басына дейін сүйреді.
Мұндай жан түршігерлік зорлыққа қарамастан, Хазірет Біләл: “Алла бір. Алла бір” деп айтқанынан қайтпайды. Ақырында Хазірет Әбу Бәкір Біләлді сатып алып, бас бостандығын береді де, залым Үмәйя-ның қолынан құтқарады.
Алғашқы мұсылмандардан Аммар бин Ясирды де мүшріктен қызып тұрған құмға жатқызып, есінен танғанша ұратын. Анасы Сүмәйяны Әбу Жаһил найзамен шаншып өлтірді. Әкесін де қинап өлтірді. Ясир мен зайыбы Сүмәйя “Алғашқы Ислам шейіттері” деген дәрежеге ие болды.
Мүшріктер Хаббаб бин Әрәтті жанып тұрып қып-қызыл көмірдің үстіне жатқызып, Әбу Фукайханың аяғына жіп байлап, қызып тұрған топырақтың үстімен сүйрелеп, сенімдері үшін адам шыдап болмайтын неше түрлі жапа шектіріп, зорлық-зомбылық көрсетті. Бұлардан басқа көптеген мұсылмандар мүшріктердің зұлымдықтарына ұшырады. Соған қарамастан ешқайсысы сенімдерінен бас тартпады.
Хазірет Әбу Бәкірдің Исламға деген ұлы қызметтерінің бірі мұсылмандықты қабылдағаны үшін зұлымдық көрген құлдар мен күңдерді сатып алып, құтқаруы еді.
Мүшріктер пайғамбарымызға да, мұсылмандарға да зорлық-зомбылық көрсетуден бір тынбады.
Пайғамбарымызға ең көп дұшпандық жасағандар мыналар:
Әбу Ләһаб – пайғамбарымыздың туған немере ағасы болғанына қарамастан Исламның ең үлкен дұшпаны еді. Сонау алғашқы күннен бастап пайғамбарымызға қарсы шықты. Әйелі де пайғамбарымыз өтетін жолға қолынан келгенше тікен тастайтын. “Тәббәт” сүресі осы екеуі жайында түсті. Әбу Ләһаб Бәдір соғысында мұсылмандар жең-генін естіп ашуызадан өлді.
Әбу Ләһабтың баласы Ұтайба бір сапарында пайғамбарымызға жармасып, жағасын жыртып жіберді. Пайғамбарымыз оның бұл әрекетінен қатты көңілі қалып: “Раббым! Ұтайбаға хайуандарыңның біреуін жібер” деп дұға қылды. Алла сүйікті елшісінің дұғасын қабыл алды. Ұтайба Шамға кетіп бара жатқан кезінде жолда бір арыстан шығып, оның парша-паршасын шығарды. Пайғамбарымызға жасаған зұлым-дығының жазасын осылай тартты.
Әбу Жаһил – пайғамбарымызға ең көп дұшпандық жасағандардың басшысы. Мұсылмандарға көп зорлық көрсетті. Аммар бин Ясирдің анасын осы Әбу Жаһил өлтірді. Ол да Бәдір соғысында өліп, жазасын тартты.
1) Ас бин Уайыл – пайғамбарымызға дұшпандық жасағандардың бірі. Пайғамбарымыздың ұлы Қасым шетінегенде “Мұхаммедтің тұқымы құрыды” деп мазақтап, баласының өлімінен қайғырып, жүрегі қарсы айрылған пайғамбарымызды табалаған.
“Кәусар” сүресіндегі “Негізінде тұқымы құрып, есімі ұмытылған, саған кек тұтып, дұшпандық істеген адамның өзі” деген аят сол жайында түскен. Ас бин Уайыл Мекке төңірегіндегі бір тау өткелінен өтіп бара жатқан жерінен астындағы аты оны жерге құлатып, аяғын тістеп алады. Ажалы сол жарадан болады.
2) Уәлид бин Мұғира
3) Үмәйя ибн Халаф
4) Ұтбә бин Рәбиалар да пайғамбарымызға дұшпандық жасағандардың қатарында болатын.
1) Ислам діні қоғамдағы таптар арасындағы ерекшеліктерді жойып, адамдардың бір тарақтың тісіндей тең екендігін, құл мен байдың Алла алдында бір екенін айтатын. Құрайыштың төрелері бұл теңдікке разы болмай, орындарынан айырылып қалудан қорыққаны үшін Исламға жауласты.
2) Арабтардың сауда орталығы Мекке болатын. Меккедегі Қағбаның ішінде үш жүз алпыстай пұт бар болатын. Арабтардың назарын ол жерге тартатын сол пұттар болғандықтан, Ислам пұттары жойып жіберген кезде, енді Меккеге ешкім келмейді, олай болса, күнкөрістерінің көзі болып отырған сауда да тоқтап қалады деп санады.
3) Араб түбегінде ғасырлар бойы пұттарға табыну тамырын терең жайған еді. Жақсыны жаманнан айыра алмайтын халық аталарынан мұра болып қалған дәстүрлерінен оңай бас тарта қоймады. Ал Ислам арабтар үйреніп қалған пұтқа табынушылықтың тамырына балта шауып, бір ғана Аллаға деген сенімді дәріптеді.
4) Арабтар халыққа басшы болу үшін лайықтылық, адамгершілік қасиет ақыл-парасат сияқты қасиеттерге мән бермейтін, тіпті мұндай қасиеттерді басшы болатын адамдардың бойынан іздемейтін. Оларда тек қана екі нәрсеге мән берілетін: байлық және көп балалы болғандықтары.
Хазірет Мұхаммедте (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) бұлардың бірі де жоқ еді. Сол себепті оны өзімізге басшы ете алмаймыз дейтін. Бұдан басқа Хашимилер мен Әмәуилер арасындағы ертеден келе жатқан тайпаға бас болу бақталастығы бар еді. Хазірет Мұхаммедке (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Құрайыштың Хашим руынан болғандықтан, оған дұшпандық етушілердің көбі Әмәуилерден болатын.
Немере ағасы Әбу Талиб пайғамбарымызды жанындай жақсы көретін. Исламның жайылып, таралуына үнемі жәрдем етіп, оған қамқор болатын. Мүшріктердің басшылары Әбу Тәлибке шағым айтып, “Сен ініңді исламға шақырудан бас тартқыз немесе оны қорғау-дан өзің бас тарт” деп қорқытты.
Әбу Талиб жағдайды інісіне айтып көріп еді, Хазірет Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) оған: “Хақ дінін жеткізу үшін Алла Тағала маған міндет жүктеді. Мен өз бетіммен ештеңе істеп жүргенім жоқ. Мен – Алланың елшісімін. Әй, немере ағам, бұл істен бас тартуым үшін оң қолыма Күнді, сол қолыма Айды берсе де, бұл жолдан бас тарт-паймын”, – деп жауап берді
Әбу Тәлиб бұл жауапты естіген соң “Сен ісіңді тоқтатпа, інім, көзімнің тірісінде олар саған ештеңе де істей алмайды”, – деп, пайғамбарымызды қамқорлығына алатынына кепілдік берді.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) қиыншылықтарға қарамастан ісін жалғастыра берді. Мұсылмандардың саны күннен-күнге арта түсті.
Пайғамбарлығының алтыншы жылы еді. Бір күні Сафа төбесінде отырған кезде сол жерден өтіп бара жатқан Әбу Жаһил пайғамбарымызды ешбір себепсіз балағаттады. Оның бұл тәрбиесіз әрекеттеріне пайғамбарымыз жауап қайтармады. Мұны естіген бір әйел бұл жағдай-ды пайғамбарымыздың немере ағасы Хамзаға айтады. Хамза әлі мұсылман болмаған еді. Бірақ бауырына істелген бұл қылыққа қатты ашуланды. Дереу Құрайыш мүшріктері жиналатын жерге барып, Әбу Жәһилге:
“Менің бауырымның ұлын балағаттап, ренжіткен сен бе?” – деп сұрайды да, садағымен Әбу Жәһилдің басынан ұрады.
Осы оқиғадан кейін Хазірет Хамза мұсылмандықты қабылдап, пай-ғамбарымыздың қасында болды.
Хазірет Хамзаның мұсылман болуы және мұсылмандардың күннен күнге күшеюі Құрайыш мүшріктерін састыра бастады. Бұл жағдайдан шығар жол табу үшін “Дарун-нәдуа” деп аталатын жерге жиналды.
Жағдайды айтып, бір шолып өткеннен кейін Әбу Жаһилдің ұсынысы бойынша Хазірет Мұхаммедті (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өлтіруге бел буады. Бұл қорқынышты шешімді жүзеге асыру үшін аралығындағы ең батылы Омарға келіп тоқтады. Сол кезде отыз үш жастағы Омар қылышын алып,
Хазірет Мұхаммедті (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) өлтірмек болып жолға шықты.
Сол кезде мұсылмандар Әкрамның үйінде жиналып отыр еді. Пайғамбарымыз да сол жерде болатын. Омар жолда Нуаймға кездесті. Нуайм: “Омар, қайда кетіп барасың?” – деп сұрады. Омар:
“Халықты бір-біріне айдап салып жүрген Мұхаммедтің көзін жоюға кетіп бара жатырмын”, – деп жауап берді. Нуайм: “Қиын бір іске
кірісіпсің”, – дегенде, Омар оған “Сен де Мұхаммедтің жағындасың
ба?” – деп даусын көтерді. Нуайм:
“Омар, сен мені не қыласың, әуелі өз отбасыңа қара. Күйеу балаң
Саид пен қарындасың Фатима да мұсылман болды ғой”, – дегенде,
Омар:
“Олай болса, әуелі солардың ісін бітірейін”, – деп, жолынан бұрылып, қарындасының үйіне барып, есігін тоқпақтады. Ол кезде қарындасы мен күйеу баласы пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) жаңа түскен “Таһа” сүресіндегі аяттарды оқып жатады. Омардың қаруланып келгенін көргенде қорқып, Құранның беттерін тыға қояды.
Омар ішке кіріп не оқығандарын сұрады. Олар: “Ештеңе”, – деді.
Омар одан сайын ашуланды. “Демек, естігенім рас екен” деп, күйеу баласының жағасынан ұстап, жерге алып ұрып төмпештей бастады.
Күйеуін құтқармақ болған қарындасы Фатиманың бетінен де тартып жіберді. Бейшара әйел аузы-мұрнынан қан кеткен күйі жерге құлады.
Фатима иманның берген батылдығымен Омарға былай деді:
“Алладан қорық. Қарындасыңа істегеніңе қара. Мен де, күйеу балаң да мұсылман болдық. Басымызды кесіп алсаң да, алған бетімізден қайтпаймыз”.
Омар:
“Оқыған нәрселеріңді әкеліңдер”, – деді. Қарындасы шығарып берді. Омар мұқият оқи бастады, оқыған сайын жүрегіне жылылық кіре берді. Құран Кәрімнің теңдесі жоқ әуені, ұйқасы, мағынасындағы ұлылық, оқылуындағы көркемдік Омардың жүрегін баурап алды.
Омардың жүрегі Исламды қабылдауға дайын еді. Хазірет пайғамбардың қасына барды. Оның алдында тізе бүгіп, кәлима-и шәһадатты айтып, мұсылман болды. Ол жердегілер бұған қатты қуанды. Бәрі бірге кәлима-и шәһадатты айтты.
Омардың Исламды қабылдауымен мұсылмандық күшейді. Омар:
“Бәріміз қанша кісіміз?” – деп сұрады.
“Сенімен қырық болдық”, – деп жауап берді.
Омардың қалауымен пайғамбарымыз бастап, барлық мұсылман Қағбаға қарай қозғалды. Ол жерде топ болып, ашықтан-ашық намаз оқыды. Ал мүшріктер пайғамбарды өлтіруге жіберген Омардың мұсылман болғанын естігенде таңқалысады.
Пайғамбарымызды өлтірмек болып жолға шыққан Омардың мейірімсіз, тастан да бетер қатты жүрегін қарындасының үйінде оқыған Құран аяттары жұмсарып, қараңғы көңілін нұрға бөлеп, пайғамбарға деген дұшпандық сезімдерін достыққа айналдырған еді.