ХИЖРЕТ және МӘДИНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАР
26/05/2017 283326 0 Muftyat.kz

Ислам тарихында пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшуі “хижрет” деп аталды.
Мүшріктердің қысымы толастамағандықтан, пайғамбарымыз мұсылмандарға Мекке қаласынан Мәдина қаласына көшуге рұқсат берді. Мұсылмандар топ-топ болып, Мәдинаға көше бастады. Дін жолында, дін үшін туып-өскен, кіндік қаны тамған жерлерін дүние-мүліктерін тастады.
Меккеде пайғамбарымызбен Хазірет Әбу Бәкір, Хазірет Әли және бірнеше мұсылманнан басқа ешкім қалмады. Расулалла қанша қиын болса да өз міндетін атқарып, пайғамбарлықтың 13 жылын Меккеде өткізді.
Мүшріктер Мәдиналықтардың мұсылман болуы, Меккедегі мұсылмандардың да Мәдинаға көшуі Исламды күшейте ме деп қорықты. Исламды түп-тамырымен жойып жіберу үшін “Даруннәдуа” деп аталатын мәжіліске жиналды. Әбу Жаһилдің ақылымен пайғамбарымызды өлтіруге шешім қабылдады. Бұл қорқынышты шешімді орындау үшін әр тайпадан бір-бірден жас жігіт сайлады. Таңдалған бұл жас жігіттер пайғамбарымыздың үйін қоршап алады да, оның сыртқа шығуын күтеді.
Мүшріктердің жасырын қабылдаған бұл шешімін Алла Жәбірейіл арқылы пайғамбарымызға жеткізді де, хижрет етуіне рұқсат берді.
Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) төсегіне Хазірет Әлиді жатқызып, үйін қоршап тұрған мүшріктердің арасынан шығып, Хазірет Әбу Бәкірдің үйіне барды. Алла Тағала пайғамбарын қорғады. Қолында қаруы бар мүшріктер оны көрмеді.
Жолға дайындалып болған соң, пайғамбарымыз Хазірет Әбу Бәкірмен бірге түнде Меккеден бір жарым сағат қашықтағы Сәуір тауына барады да, сол жерде бір үңгірді паналайды. Таң атысымен пайғамбарымыздың үйден шығып кеткені белгілі болады. Осыдан кейін мүшріктер шартарапқа сабылып іздеуді бастады. Мұхаммедті кім тапса, сол адамға жүз түйе сыйға береміз деп жар салды.
Пайғамбарымызды іздегендер жолдағы іздердің соңына түсе отырып, үңгірдің аузына дейін келді. Бірақ үңгірдің кіре берісінде бір өрмекшінің тор құрғанын көрді. Үңгірдің ішіне кірмекші болғанда, араларынан біреуі “ішке адам кірсе, бұл жерде өрмекшінің торы, көгершіннің ұясы болмас еді” деген соң қайтып кетті.
Мүшріктер үңгірдің аузына келген кезде Хазірет Әбу Бәкір қорқып:
– Бізді көріп қоятын болды, уа, Расулалла! – деді. Пайғамбарымыз:
– Қам жеме, Алла бізбен бірге, – деп жауап қатты.
Үңгірдің аузына өрмекшілердің тор құруы, сол жердегі ағаштардың біріне көгершіннің ұя салып, жұмыртқа тастауы мұғжиза еді. Алла Тағала сүйікті пайғамбарын осы мұғжизаларымен қорғап, үңгірдің аузына дейін келген дұшпанды жасырын бір күшпен кері қайтарды. Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір үңгірде үш күн жатқаннан кейін, Мәдинаны бетке алып жолға шықты. Олардың ізіне түскен Сұрақа деген бір палуан қиналмай-ақ іздерін тапты. Атын тебініп, өкшелеп қуып берді. Дәл сол кезде атының аяғы сүрініп кетіп, өзі жерге омақаса құлады. Қайтадан орнынан тұрып атымен шаба жөнелді. Бірақ бұл жолы атының аяғы тізесіне дейін құмға батып, жүре алмай қалды. Жасырын бір күш атын жүргізбей қойды. Сұрақа мұны көргенде қатты қорқып кетті. Өкшелеп қуғанына өкінді. Дауыстап пайғамбарымыздан кешірім сұрады. Сөйтті де сол жерден кері қайтты. Артынан келгендерге “Мен бұл жақтарды қарап таппадым” деп оларды кері қайтарды. Өзі кейіннен мұсылман болды.
Сүйікті пайғамбарымыз бір аптаға созылған тарихи сапарын аяқтап, дүйсенбі күні Мәдинаға жақын Құба ауылына жетті. Бұл жерде жұрт оны қуана қарсы алды.
Пайғамбарымыз бұл жерде он күннен артық аялдады. Құба мешітін салғызды. Мешіт салынып жатқанда, өз қолымен тас тасыды. Ислам тарихында салынған алғашқы мешіт – осы Құба мешіті. Пайғамбарымыздан үш күннен кейін Меккеден шыққан Хазірет Әли де осы жерде пайғамбарымызға келіп жетті.
Қасындағы мұсылмандармен бірге пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) Жұма күні Құбадан шығып Мәдинаға бағыт түзеді. Салимұлдарының еліне жеткенде, уақыт түс мезгілі болған еді. Пайғамбарымыз Жұма намазын оқудың парыз етілгенін мұсылмандарға жариялап, сол жерде алғаш рет намаз оқытты. Намаздан кейін Мәдинаға қарай жолын жалғастырды.
Мәдиналықтар мерекелік қуанышпен бұл құрметті қонақты қарсы алу үшін жолдың екі жағын алып, тізіліп тұрды. Пайғамбарымыз өтіп бара жатқанда “Қош келдің, уа, Расулалла!” деп дауыстап, кішкентай сәбилерге дейін “Алланың елшісі келді” деп қуанғаны байқалды.
Мәдинаға жеткенде зор ілтипат көрген пайғамбарымыз Халид бин Зәйд, яғни Әбу Әйюб әл-Ансаридың үйіне қонақ болып түсті. Осы үйде жеті айдай тұрды.
Әбу Әйюб әл-Ансаридың үйінің жанында бос жер бар болатын. Пайғамбарымыз сол жерді сатып алып, мешіт тұрғызып, қасынан өзі тұру үшін бөлмелер салғызады. Кейін қонақ болып тұрған үйінен осы жерге көшті.
Қазірде мұсылмандар зиярат ететін Мәдинадағы “Мәсжид-и Нәбәуи” міне осы жер. Бұл мешіт салынып жатқан кезде де пайғамбарымыз кірпіш тасып, өзі де жұмыс істеді.
Меккеден көшіп, Мәдинаға қоныстанған мұсылмандар “Мұһажир”, ал Мәдинаның жергілікті халқы мұһажирлерге жәрдем еткендіктен “Ансар” деп аталып кетті.
Дүние-мүлкін тастап келген мұһажирлерге Мәдиналықтар қолдан келгенше көмек жасады. Оларды бауырға басып, үйлеріне қонақ етіп, не бар бәрін бөлісті.
Әлем тарихында бір-бірін осылай шынайы жақсы көрген, бір-біріне сүйіспеншілікпен байланған басқа қауым кездеспейді. Бұл әлемге үлгі боларлық ерекше оқиға, ислам бауырластығының ең тамаша көрінісі.
Пайғамбарымыз мұһажирлердің әрбірін ансардың біреуіне бауыр етті. Бұл бауырластық қан бауырластығынан да күшті еді. Ислам тарихында әрдайым құрметпен еске алынатын ансар мен мұһажирлер дінімізге көп еңбек сіңірген
Мәсжид-и Нәбәуидің бір жағына жапсарлас үсті жабулы жасалған орын “Суффа”, ал ол жердегілер “Асхаб-ы суффа” деп аталды.
Бұл жерде үйі жоқ тақыр кедейлер, ешкімі жоқтар тұратын. Олар табылған жұмысты істеп күн көретін. Жұмыс таба алмаған кездері пайғамбарымыз бен сахабалардың ауқаттылары жәрдемдесетін. Бұл топтан үйленгендер, басқа бір үйге шығып, өз алдына отау тігетін.
Бұл жердегілер пайғамбарымызбен бірге болды. Күндерін ғибадат және ілім үйренумен өткізетін. Исламда алғашқы оқу-тәрбие және білім беру мекемесі Суффа мектебі, білім алған сахабалардың ұстазы – Хазірет пайғамбардың өзі болды. Пайғамбарымыздан ең көп хадис риуаят еткен Әбу Хұрайра осы мектепте тәлім алған еді.
Суффа мектебінде оқып-тәрбиеленгендердің арасынан Ислам дінін, Құран Кәрим мен хадистерді жан-жақты меңгерген, олардың мән-мағынасын ашып, түсіндіріп беретін көптеген ғалымдар шықты. Басқа жерлерге Исламды түсіндіру үшін әуелгі кезекте солар жіберілетін.
Осы себепті Суффа деп аталатын бұл жер – Ислам тарихындағы алғашқы ашылған мектеп болып саналады. Бұл мектепте тәрбиеленгендер Исламның таралып, дінді үйретуде маңызды істер атқарды.